Кезекті жолдауында Президент қойған талап осы еді. Дегенмен өзге де тапсырмаларды түсіндіру үшін жер-жерде жиналыстар ұйымдастырылып жатыр. Қоғам белсенділері мұны айтылған сөзге қарсы шығу деп бағалауда. Қарамағындағы қызметкерлердің жұмыс уақытын тиімді пайдалану үшін басшылар не істемекші? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Шымкенттегі бұл жиын бұрынғыдан өзгерек. Бұдан кейін енді жиналыс өтпеуі де мүмкін. Басқа әкімдерден ерекше шешімдерімен көзге түсетін Ғабидолла Әбдірахымов енді барлық мәселені телефон арқылы шешуді ұйғарып отыр. Себебі, көзбе-көз жүздесудің артында жемқорлық қылмыстың белгісі жатыр, дейді.
«Бұдан былай қала әкімдігінде өтетін жиналыстар санын қысқарту қажет. Аудан әкімдері мен басқарма басшыларын жекелей шақыртуды тоқтатыңыздар. Шұғыл шаруа мен тапсырмаларды телефон арқылы айтуға болады. Өйткені, әкімдіктің кабинетіне шақыртылған шенеуніктер көбіне жемқорлыққа жол беріп жатады. Сол үшін бәрін доғару қажет. Мысалы, мен үшін кез келген басқарма басшысын өз кабинетіме шақыртудың түкке де қажеті жоқ. Одан да тиісті жұмысын атқарсын!» - дейді Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.
Ал Инвестициялар және даму министрлігі былтыр 40 жиналысқа 20 сағат жұмсаған екен. Аптасына бір өтетін жиынның жұмыс уақытына әсері болмашы, дейді департамент басшыларының бірі. Екі жыл бұрын ведомтсвоның 80 пайыз қызметкері түнгі онға дейін жұмыста отыруға мәжбүр болыпты. Қазір бекітілген уақыттан кеш қайтатындар мүлде жоқ . Себебі, жұмысқа қажетті жалғыз құрал компьютер автоматты түрде өшіп қалады.
«Министрлікте орналасқан компьютерлерге арнайы бағдарламалар орналастырылған. Олар осы компьютерлерді сағат алты жарымда автоматты түрде өшіруге бағытталған. Бұл бағдарлама біраз пилоттық режимде министрліктің орталық аппаратында іске асырылды. Оң нәтиже бергеннен кейін комитеттерге берілді» - дейді ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің заң департаменті директорының орынбасары Айтмұрат Әлібаев.
Жөнсіз жиналыстарды доғарып, қызметкерлерді түнге дейін жұмыс орнында ұстауды тоқтатуға Президент пәрмен берген болатын. Кезекті жолдауын жариялаған тұста былтыр мемлекеттік қызметкерлер 365 күннің 100 тәулігін жиналыстарда өткізгені мәлім болды.
«Көбіне, сенбі, жексенбі күндері де жиналыс өтіп жатыр. Ондай да фактілер бар. Государственный служащий должен работать семь часов, по закону! Он не должен сидеть до 12-и часов. Давайте, дадим ему нормально жить, иметь светлые мозги, чтобы завтра решать вопросы» - дейді ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Жолдауда жиналысты қысқартыңдар деп анық айтылса да, дәл сол жолдауды түсіндіру жөніндегі жиындар жер-жерде өтіп жатыр. Теледидардан көрсетіліп, радиодан тарап, газет беттеріне басылған сөздерді қайталаудың не реті барын қоғам белсенділері түсінбей әлек. Жиналыстың өзге түрін қолданса анағұрлым құба-құп болар еді деп отыр.
«Денсаулық министрі ең шеткі аудандағы аудандық ауруханаға барып, амбулаторияға барып жиын өткізсін. Білім министрі үш сменмен сабақ беретін алыстағы ауылдағы мекенге барып, сонда педагогикалық жиналыс өткізсін. Ондай жиындарды мен қолдаймын. Сол кезде олар өмірді өз көзімен көреді және қабылданған шешімдер өміршең болады деп ойлаймын» - дейді саясаткер Әміржан Қосан.
Ал, Үкімет басындағылар ескертуді қаперге алып, сағаттап оқылатын баяндамаларды қысқартуға бар күшімізді саламыз, дейді.
- Вы как вице-премьер тоже совещания проводите. Вы будете сокращать?
- Конечно будем сокращать...Әрине қысқартамыз. Туындаған мәселелер министрлер деңгейіне шығарылады. Алайда ведомствоаралық кейбір сауалдар бойынша жиналыс өткізуге мәжбүр боламыз. Оның өзін барынша жылдам өткізуге тырысамыз, - дейді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев.
Жиналыстарды барынша қысқартуға барлығы құлшыныс білдіріп отыр. Бұған дейін мәжіліс залдарында тәуліктеп жұмсалған уақытты қызметкерлер енді қайда жібереді екен деген сұрақ еріксіз туындайды.