Алматы маңында қабаған ит балаға шабуылдады: Иесіне айыппұл салынды

9.jpg

Полицейлер балалар алаңында үш жасар балаға шабуыл жасаған иттің иесін тапты. Оған итті асырау және серуендету қағидаларын бұзғаны үшін айыппұл салынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Алматы облыстық ІІД өкілдері баланың ата-анасы полицияға арыз бергенін айтады. 

"Ит иесі табылды, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабы ("Иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу") бойынша хаттама толтырылды. Осы бапқа сәйкес ит иесіне ірі сомадағы айыппұл салынды, сондай-ақ мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін профилактикалық әңгімелесу шарасы жүргізілді. Баланы дәрігерлер қарап шықты", - дейді Алматы облыстық ІІД ресми өкілі Көбейхан Нұрахмет. 

Еске салайық, Алматыда балалар алаңында үш жасар балаға қабаған ит шабуыл жасаған еді.

Оқиға 11 қазанда "Асыл Арман" тұрғын үй кешенінде болды. Иттің балаға шабуыл жасаған сәті үйлердің бірінде орнатылған бейнебақылау камерасына түсіп қалған. 

Видеода бала әткеншекте ойнап отырған, ал әйел болса, оның жанында тұр. Бір сәтте аулада ит пайда болып, балаға шабуылдайды.

Баланың әкпесінің айтуынша, иттің иесі арнайы оны тұмылдырықсыз аулаға алып шыққан. 

"Шабуылдан кейін иттің иесі аулада болған адамдардың барлығына айғайлап, өздері кінәлі екенін айтқан. "Сен маған не істей аласың? " деп менің әйеліме жекіген. Ешқандай кешірім сұрау деген жоқ. Ол өзін дербес құқықты адам деп санайтын болар. Егер дәл сол жерде жағдайды түсіндіріп, қолымнан шығып кетті деп кешірім сұраса, біз де адамбыз ғой түсінер едік. Бірақ олай болмады. Әйелім "102-ге" қоңырау шалды. Учаскелік полицей болмағандықтар, ол бөлімшеге барып арыз жазды. Мен соңына дейін барамын", - деп түйіндеді Ақжол.


Ұқсас тақырыптар