Алматыда «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы өтініштер қабылдау жүріп жатыр

1.jpg

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Жыл соңына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Алатау ауданындағы «Саялы-2» тұрғын үй кешені пайдалануға беріледі. 

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің мамандары БАҚ өкілдеріне «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан үйлерді таныстырып, оларды кімдер ала алатынын айтып берді.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған тұрғын үйлер 50/50 қағидасымен бөлініп беріледі. Алғашқы 50 пайызы әкімдікте үй кезегінде тұрғандарға, қалған жартысы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы атанып, шот ашқан адамдар арасында сатылады. Несиелеудің шарттарына келер болсақ біздің банктің депозитінде алғалы тұрған үйіңіздің 20% жинау керексіз, содан 5 пайыздық жылдық мөлшерлемемен беріледі», -дейді ТҮҚЖБ Алматы қалалық филиалының директоры Гүлзат Симтикова. 

Сонымен қатар ол, биыл республика бойынша 26 мың азамат баспаналы болғанын, оның 6 мыңы осы «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы үй алғанын айтып өтті. 

«Жыл соңына дейін тек бір Алматыда 3000 пәтер сатылады, оның 1500 «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша беріледі. 2019 жылы осы бағдарлама бойынша Алғабас ықшамауданында 23 үй салу жоспарлануда, ал 2020 жылы «Саялы-3» ықшамауданы салынады, одан кейін «Саялы-4» деп жалғасады», -деді филиал директоры. 

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған 1 бөлмелі пәтерлер 29 шаршы метрден басталады, 3 бөлмелі пәтердің ең үлкені 84 шаршы метрді құрайды екен. Олардың бағасы нарықтағы бағадан орташа есеппен алғанда екі есе арзан. Бір бөлмелі пәтердің бағасы 6,2 млн теңге шамасында, алғашқы жарнаға 1,2 млн теңге жинасаңыз жеткілікті,  сонда айлық төлем 52 мың теңгені құрайды. 

Жақында ғана «Саялы-1» ықшамауданынан 3 бөлмелі пәтер алған Нұрахмет Бердімұратов, айына 78 мың теңге төлейтіндігін және пәтерге қалай қол жеткізгенін айтып берді. 

«2014 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен жинақ ашып,  3 жылдай ақшамызды жинадық. Кейін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша конкурс өтіп жатқанын естідік. Baspana.kz сайты арқылы соған өтінім бердік. Бәрі ойдағыдай болып, «Саялы-1» ықшамауданынан 3 бөлмелі пәтерге ие болдым. Бағасы 14 млн-ға шықты, бастапқы жарна ретінде 30% құйдым, 15 жылға ай сайынғы төлем 78 мың теңгені құрады. Екі балам бар, әйелім де, өзім де жұмыс істеймін, сондықтан төлем жасау жағынан ауыр емес. Үйдің сапасына көңілім толады әрі сондай биік емес, бес қабатты ғана», -дейді ол.

Егер осы бағдарлама арқылы үй алам десеңіз соңғы 5 жылда атыңызда ешқандай үй тіркелмеу керек және Алматы мен Астана қаласының  тұрғындары үшін осы қалада тұрады деген екі жылдық тіркеудің болуы шарт.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Алматы мен Астанада пәтердің 1 шаршы метрі 179 мың теңге, ал басқа облыстарда 140 мыңнан аспайды.  Отбасы мүшелерінің ешқайсысының атында бұрын үй тіркелмеуі керек және өзінің төлем қабілеттілігін дәлелдей білу қажет. Осы бағдарлама аясында 2017 жылы екі тұрғын үй кешенінің құрылысы басталып, қазір 650 отбасы баспаналы болды. Жыл соңына дейін тағы 886 пәтер беріледі және осы «Саялы» ықшамауданындағы 621 пәтерге өтініш қабылдау басталады», -дейді ТҮҚЖБ-нің Алматы филиалының клиенттермен жұмыс жүргізу басқармасының бастығы Данагүл Түсупова.

Алматы қаласы Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Қуандық Айтмағамбетов салынып жатқан үйлердің сапасы барлық талаптарға сай екенін және 10 баллдық жер сілкінісіне төтеп беретінін айтады.

«Алатау ауданында бой көтерген «Саялы-2» ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің құрылысы 2017 жылы басталды және оған 11 млрд теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Бұл үйлердің бәрі сейсмикалық тұрақты, 10 баллға дейін шыдайды»,-дейді ол. 

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары сондай-ақ «Өз үйім» бағдарламасы бойынша үлестік құрылысқа қатысу арқылы баспаналы бола алады. Бұл бағытта Алматы қаласында «Алма сити» тұрғын үй кешені салынуда және жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Мұндағы бастапқы әрлеудегі пәтерлердің 1 шаршы метрі – 165 мың теңге, ал таза әрлеудегі үйлердің бағасы – 224 мың теңге. Пәтерлердің аумағы 36-77 шарты метр аралығында.

2019 жылдың наурыз айында бұл тұрғын үй кешеніндегі бес қабатты үйлерден 600 пәтер пайдалануға беру жоспарлануда екен. Бұдан бөлек тоғыз қабатты үйлердегі мыңнан астам пәтер 2019 жылдың жазында салынып бітпек. Сондай-ақ бұл пәтерлерді 7 пайызды жылдық мөлшерлемемен ресімдеуге болады. Ол үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде шот ашып, бастапқы жарна ретінде үй бағасының 20% құю қажет.

Жыл басынан бері 285 197 адам ТҮҚЖБ-ден депозит ашыпты. Үйге деп ақша жинаудан алматылық салымшылар ең белсенділік танытуда екен. Статистикаға сәйкес әрбір 10-алматылықта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде салым бар. Алматы бойынша барлығы 169 000 депозит тіркеліпті. Жыл басынан бері Алматы қалалық филиал қызметкерлері үй алуға деп 4 мыңдай заем ресімдепті.



Ұқсас тақырыптар