«Артық қыламын деп, тыртық қылудың» астарында не бар, әкім Н.Тұрашбеков?

Рисунок1.jpg

Түлкібас ауданының 90 жылдығы қарса­ңында аудан әкімдігі ғимаратының алдындағы 13 жылдан бері тұрған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловқа қойылған ескерткіш ауыстырылып, Түлкібас темір жол стансасы вокзалына ел тарихында өзіндік орны бар тұлғалар – М.Тынышбаев пен Т.Рысқұловтың бірге тұрған ескерткіш мүсіндері қойылыпты.

Ауданда екі жерге қойылған ескерткіштердің сапасыздығына ҚР Суретшілер одағынан бастап, қаншама өнерсүйер жұртшылық өз алаңдаушылығын білдірді. 

ҚР Суретшілер одағының Түркістан облысындағы филиалының төрағасы Н.Шилибаевпен бірге ауданға арнайы баруымызға тура келді. Кешке дейін кездесуге уақыт таба алмаған әкім Н.Тұрашбековтың әсте, айтар уәжді әңгімесі болмаған сияқты. Аудан әкімі орынбасары С.Күзенбаев та, мәдениет бөлімі басшысы Ф.Байтуғанов та бірде-бір ресми құжат көрсете алмады. Бар білетіндері: «Ескерткіштерді қоюға бюджеттен бір тиын жұмсаған жоқпыз» болды. Суретшілер одағының мүшесімін деп С.Жорабеков деген біреу әкіммен келіскен. «Контора» «түйе көрдім – жоқты» ғана айтады. 

Сол жерде Н.Шилибаев С.Жорабековпен телефон арқылы хабарласты. Ол қазақстандық бір мүсіншінің атын атап бере алмады. Демек, бұл «кустарный» дүние болғаны ма? Оны тек Н.Тұрашбеков білсе керек.

 Аудан халқының көз алдында тұратын Т.Рысқұловтың ескерткішін жасаған елімізге танымал мүсінші Р.Ахметов дана Тұрардың ел-жұртымен еркін сөйлесетін кішіпейілдігін, елжандылығы ерен биік болмысын көрсететін образ жасай білген еді. Гранитпен жасалған алып тұлға көркемдігін қаншама жылдарда жоғалтпады. Ұлттық өнеріміздің көркем туындысын енді образы жоқ добалдай дүниеге ауыстыратындай не күн туды?! Ол әкімнің қалауы бойынша үйіндегі бассейнінің қасына қойылатын әшекей тас емес қой. Ал, Түлкібас вокзалындағы мүсіндерді көрсеңіз, еріксіз жерге қарайсыз. Т.Рысқұловта мұрын жоқ деуге болса, құлақ «пельменді» елестетеді.

М.Тынышбаевтың сырт киіміндегі тігісі шіріп кеткендей көріністі көргенде, тағы біреу көріп қойған жоқ па дегендей, еріксіз жан-жағыңа қарайсың. 

Әкім заңды сыйласа ҚР Мәдениет министрлігіндегі комитеттен келісім алмай ма? Әлде ел сүйсінетін тірлік істеуден гөрі, бір «пысықайдың» жетегінде кетуінің астарында бір сыр болды ма? 

ҚР Суретшілер одағының білікті мамандарының араласуымен бұл өзекті мәселе кеңінен сөз етіліп, оны газетіміздің алдағы сандарынан оқитын боласыздар.

Ә.Мұратбеков       



Ұқсас тақырыптар