Ата-аналарыңызға қалай қарап жүрсіздер?!

Құрметті атеисттер мен әсіредіншілдер қауымы, Сіздерге бір айтарым бар еді. Көзқарас тұрғысынан аспан мен жердей айырмашылықтарыңыз бар екені рас. Екі жақты да жақсы түсінемін. Атеист болып та көргенмін. Фанат болып та. 

images.jpg

Айтайын дегенім,  дискуссияға тым қатты беріле бермесеңіздер екен. Бұл өмір ғой. Оның әр парағын кілең пікірталасқа толтыра беруден шаршайтын шығарсыздар. Шіли қызылкеңірдектесіп отырғандарыңыз өзіңізге де, айналаңызға да пайдалы болмас. Бұл өмір ғой. Бір сәт мейірімді болуға мән берсеңіздер екен.

Ұстанымы бөлек адамды да жақсы көре білу керек. Қарсы оппоненттің позициясы ұнамаса, бірден шап етіп тістеуге ұмтылмай, мүмкін басынан сипайтын жылы сөз айтып көрерсіз. Жылы сөз кез келген адамның мерейін үстем етеді. Адам жылы сөзбен жайқалып өседі. Қарсыласты міндетті түрде жеңу керек деген принцип ішкі дүниеңнің жұмсарып, жүрегің жылынуына кедергі келтіріп, түрлі блоктар қояды. 

Бір бірімізді жерден алып, жерге ұра беруді әдетке айналдырудан сақтанайық. Қадіріміз қашады. Адам деген биік атымызға кір келтірмейік. Тәуір қоғам құру сыйластықтан басталады. Бұрын әулиелер "Әрбір кеудедегі жанның Құдайы бар. Ол жан үлкен болсын, кіші болсын құрметтеу керек " дейтін.

Бір бірімізді сыйлап үйренейікші. Одан да айтыңыздаршы. Көбіңіз орта жастан асқансыздар ғой. Ата аналарыңызға қалай қарап жүрсіздер? Көңілін қалай аулап, қалай ризалығын тауып жүрсіздер?! Осындай тақырыптарды да қозғайық. Әлеуметтік желі әлімжеттілік емес екенін ұғарсыздар деген үміттемін.

Раушан Жәкешбай

Facebook-тегі жазбасынан



Ұқсас тақырыптар