Фермерлерге ұйымдастыру механизмі жетіспейді

7.jpg


Еліміздің агро секторында еңбек етіп жүрген жандардың тыныс-тіршілігін, олардың өнімді қалай өткізіп жатқанын білу үшін Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қауымдастықтар қорының атқарушы директоры Бақытгүл Елшібаевамен сұхбаттасқан едік.

- Бақытгүл, сіздің Шелек ауылындағы фермерлердің басын қосып, кооператив құрып, оларды азда болса пайда тапсын деп еңбек етіп жүргеніңізді білеміз. Жалпы осы іс қалай басталды, сол жайында айтып беріңізші?

- Бастапқыда фермерлерді оқытудан бастадық. Оларға көкөністі өсіру, тамшылатып суару әдістерін қолдану, байлап өсіру әдістері, топырақты қалай тыңайту керектігін үйретіп, оқытумен болдық. Сонымен қатар егіс алқаптарына апарып қалай жасалатынын көрсеттік. Біздің өз агробизнес орталығымыз бар, сонда апардық. Содан 5-6 сотық жерге өсімдік екеннен гөрі үлкен алқаптарға шыққан қалай болады екен деп 4 фермердің жеріне сынақ ретінде дәнді-дақылдарды ектіріп көрдік. Онда да байлап өсіруді, тыңайтқышты қолдануға кеңес бере отырып, өсімдіктің түрлі сорттарын ектіру арқылы қандай өнім алуға болатынын тексердік. Кешенді жұмыстың арқасында бірнеше жылда 4 фермердің қатары 26-ға дейін жетті. Барлық оқыту жұмыстарына жан-жақтан кәсіби білікті мамандарды тарттық. Мәселен тұқымды қалай таңдау керек деген тақырыпта сол саланы жақсы меңгерген маманды, тамшылап суаруда, тыңайтқыш бойынша да солай болды. Содан білімдері жоғарылап, тәжірибе жинақтады-ау деген кезде олардың арасында байқау жарияладық. Егер осы оқыған, білгеніңді іске асырамын, үлкен 1 гектар жерде қолданып көрем  десең біз қаржылай көмек көрсетеміз дедік. 

1.jpg

- Ол қаржыны өздеріңіз бөлдіңіздер ме?

- Қаржыны бізге «Филип Морис» компаниясы демеуші ретінде бөлді.  Ол 2-3 млн-дық қаражат емес. Біз фермерлердің өздеріне санатып, қалай болатынын оқыттық. Яғни, нақты санап келгенде ол 200-300 мың теңгенің маңайында айналды.  Біз қолдарына ақшаны ұстата салған жоқпыз, нақты қажет деген материалдарына ғана жететіндей етіп бердік. Кейін көкөністердің ұрығын алып отырғызғанда біз оларды қатты қадағаладық. Яғни, өсіру, баптау барысы қалай болып жатқанын әрдайым сұрап, біліп отырдық. Кейін өнім берген кезде олар бізге алғыстарын білдірді. Өйткені олардың өнімі артып, сапалы, таза көкөніс ала білді. Алайда олар оны қалай өткіземіз, базарға апарып сатамыз ба деп алаңдаушылық білдірді. Осыдан кейін бәріміз бірге олардың өнімін алатын тұтынушыларды, яғни тапсырыс берушілерді іздеуге кірістік. Дүкендерге, көтерме бағамен сататындарға, супермаркеттерге барып келіссөздер жүргіздік. Жан-жаққа хаттар жаздық. Осындай жұмыстардың арқасында біздің үндеуімізге алғашқы болып «Арзан» сауда үйі жауап хатып, келісім берді. Олар «біз сендердің тауарларыңызды аламыз, қолдау көрсетеміз» деп келісті. Бізде тек жүрмей БАҚ арқылы біздің тауарлар осы сауда үйінде саудаланып жатыр деп оларға ақпараттық жағыннан қолдау көрсеттік. Өстіп күнде кешке өнімдерді жинап, таңертең дүкенге жеткізіп отырдық. Біз маусымда 100-130 тонна өнім жеткізіп жүрдік. Біз қызанақ, бұрыш, баклажан, қияр өнімдерін жеткізіп отырдық. Одан кейін «Шелек фермерлері» деген бренд жасап, оны ресми тіркедік. Осы тұста «Қазақстан қағазы» мекемесі бізді фирмалық қораптармен қамтамасыз етіп, қолдау көрсетті. Ол жәшікте біздің логотипіміз белгіленген. Жылына 4,5 мың жәшік беріп отырды, мұның барлығы тегін жасалды. 

Бұрын «Арзан» мен жұмыс істесек биыл «Метро» сауда үйімен «Цинказ» өңдеуші зауытымен келісім жасастық.  Олармен биыл бірінші рет жұмыс істегендіктен 30 тонна шамасында ғана өнім бердік. 

IMG-20181102-WA0011.jpg

- Өнімді өткізуде қандай қиындықтар бар?

- Мәселен біз НДС, басқа да салықтарды төлеп отырмыз. Дегенімен бізде көп нәрсе көлеңкелі түрде жасалады және соған үйреніп қалған. Яғни базарға апарып оптом бере салуға үйренген. Ол жерде ешкімді бақыламайды. Айналып келгенде мемлекеттің қазынасына ештеңе түсіп жатқан жоқ. Біз барлығын заңды түрде жасауға тырысамыз, алайда көп ешкім қолдау білдірмейді. Одан кейін бізде логистика жағы мүлдем қарастырылмаған. Барлық фермердің көлігі, бухгалтериясы, қоймасы бар деп айта алмаймын, көбінің оған шамасы жетпейді. Сол үшін үкімет тарапынан ауылды жерде қабылдау орындарын құрып және жеткізу жағы ойластырылған болса фермерлдер арзан бағамен-ақ сонда өткізе салар еді. Оның үстіне көкөніс тез бұзылады. Фермерлердің оны сақтайтын орындары да жоқ. 

4.jpg

- Біздің фермерлерге пайда табу үшін не жетіспей жатыр?

- Оларға ұйымдастыру механизмдері жетіспейді. Есептеу, логистика жағынан әзірге біз көмектесіп жатырмыз. Біз үнемі көмектесе алмаймыз, қазір бізге демеушілер ыкөмектесуде. Ертең ол тоқтағанда фермерлердің күні қалай болады белгісіз. Сондықтан аудандарда фермерлерді құқықтық құжаттарын толтыруға, бухгалтериясын жүргізуде сүйемелдейтін күш керек.  Сол кезде ауылшаруашылығымен айналысатындарға жеңілдеу болар еді. 

6.jpg

- Алда қойма жасау жоспарда бар ма?

- Биыл 30 тонна мөлшерде қойма жасадық. Біраз өнімді сонда сақтадық, алайда оның тиімділігі қаншалықты деңгейде екеніне көзіміз жетіп отырған жоқ. Егер азда болса пайда беретін болса біз еш донорсыз өзімізді сақтап қаламыз деген ойдамын. Сондай-ақ өнімді көптеп егіп, тым құрығанда қараша-желтоқсан айына дейін жеткізуге тырысамыз. 

5.jpg

- Жылыжайларды пайдаланасыздар ма?

- Біздің фермерлерде 15-ке жуық жылыжай бар. Кейбірі оны қараша айының аяғына дейін ұстай алады, ал негізі қыста қолданбайды. Өйткені ол өзін ақтамайды, шығыны көп. 

- Жалпы шелекте көкөністің қай тұрын өсірген қолайлы?

- Шелек ертеден бұрыштың атамекені. Бұрыш, қызанақ жақсы өседі. 

IMG-20181102-WA0012.jpg

- Кезінде ауыл халқы қалаға қарай ағылды ғой. Енді керісінше көпшілігі ауылды жерге барып ауылшаруашылығымен айналысуды қолға алып жатыр. Осы жайында не айтар едіңіз?

- Иә, қазір көптеген жастар жерді өңдеп, егіспен айналысқысы келеді. Алайда тағы да оларды үйрету, оқыту керек. Өйткені қаладан олар үлкен ыждаһаттықпен келеді, ертең түк өнім ала алмай немесе дұрыс қарай алмай өлтіріп алса көңілі қалып, қайта қалаға бет алады.  Сондықтан фермерлерді қолдап, жөн сілтейтін орталықтар керек. 

- Әңгімеңізге рахмет!

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар