Нәрестелердің «бассүйек қысымын» қалай емдеуге болады?

Соңғы кезде ауыратын балалар саны тым көбейіп кетті. Тіпті жаңа туған нәрестелерге де дәрігерлер бассүйек қысымы (черепное давление) деген диагноз қоюы жиілеуде. «Сәбилер арасында мұндай аурулар өте көп кездеседі» дейді дәрігерлер. Жалпы, бұл қандай ауру, оның қауіптілігі неде, оны қалай емдеуге болады, аурудың алдын алу үшін не істеуіміз керек? Бұған жоғары категориялы балалар невропотологы Айжан ЖАНТАСОВА жауап береді.

череп.jpg

– Негізі, бассүйек қысымы деген қалыпты жағдай. Кез келген адамның миында белгілі бір мөлшерде су болады. Қарапайым тілмен айтқанда, ол су миды суарып, қоректендіріп тұрады. Бірақ кейбір балалардың миында анатомиялық патология болады. Яғни сол судың жүретін жолдары, арықтарының кейбір жерлерінде су өтетін жол тарылып қалады. Тәулігіне бір церкуляция жасап айналып тұратын су негізінен қаннан пайда болады. Ал мидағы судың жүретін жолдары жабылған соң, мидың қысымы көтеріледі. Мұндай жағдайда медицинада гидроцефилия деген диагноз қойылады. Бұл сәбидің бас сүйегінде ми сұйықтығының мөлшерден тыс жиналуы деген мағынаны білдіреді. Осының салдарынан ми қысымы көтеріліп, іші суға толып, мида ісік пайда болады. Басында суы көп нәрестенің еңбегі үлкейіп, көлемі жаңғақ секілді ісіп кетеді. Ал су көбейген сайын баланың миы өспей, дамуы тежеледі. Ми қызметінің бұзылуынан талма ауруы пайда болады. Бала мазасызданып жылайды, қалтырап-дірілдейді, ұйқысы қашады. Дертке дер кезінде ем қабылдамаса, көздің көру қабілеті де нашарлайды және бала қимыл-қозғалыссыз қалып, мүгедектікке ұшырауы мүмкін. Сондықтан бала мазасызданып жылай берсе, қалтырап-дірілдесе, тырысқақ ұстайтын болса, бірден дәрігерге қаратып, емін толық алған жөн. 

Гидроцефилияны емдеу әрбір науқасқа жеке дара қарауды, кәсіби күтімді қажет етеді. Дәрігер аурудың нақты этиологиясын біліп, соған байланысты тиімді терапия курсын таңдау үшін науқасты диагностикалық тексерулерден өткізеді. Себебі ауызекі айтқан шағымдар мен сыртқы келбетке қарап көп жағдайда дұрыс диагноз қою мүмкін емес. Сондықтан зертханалық диагностикалық әдіске жүгінген жөн. Ол үшін баланы рентгенге, компьютерлік томографияға, магниттік-резонанстық томографияға түсіру қажет. Диагностика нәтижесінде дәрігерлер аурудың пайда болу себебін, түрін, сатысын (бастапқы, асқынған, туабітті, жүре пайда болған т.б.) анықтап, нақты емдеу курсын тағайындайды. 

Гидроцефилияның өткір сатысында көбіне симптомдық терапия, яғни бас сүйекішілік қысымды төмендететін, тыныштандыратын, жалпы нығайтатын дәрі-дәрмектерді береді. Сондай-ақ кейде бастағы сұйықтықтың біршама бөлігін алып тастау үшін операция жасалуы қажет болуы мүмкін. 

Қалай десек те, кез келген гидроцефилияда кешенді ем жүргізіледі, науқас дәрігердің бақылауында болуы керек. Әсіресе жаңа туған нәрестелер мерзімінен бұрын көз жұмып  немесе өмір бойы мүгедек болып қалмауы үшін дәрігер қадағалауында болуы тиіс. 

Аурудың алдын алу үшін...

Бұл ауру көп жағдайда аналардың жүктілік кезінде ашу-ызаға қатты беріліп, беймаза күй кешсе, қаны аз болса, тұмау тиіп дәрі қолданса, инфекциялық аурулармен ауырса пайда болады. Сондықтан жүктілік кезінде аса сақ болып, күтініп, дәрігердің нұсқауынсыз ешқандай дәрі ішуге болмайды. Нәрестелерді, балаларды түрлі нейроинфекциялардан сақтау керек. Жүкті әйелдерді және нәрестелерді скринингтік ультра-дыбыстық зерттеуден өткізу қажет. 

mezgil.kz




Ұқсас тақырыптар