Елімізде жасы 60-тан асқандар арасында ажырасу саны артқан

2.jpg

Елімізде енді жастары қойып, жасы 60-тан асқан қариялар арасында ажырасу саны артқан.  Тек соңғы бес жылдың ішінде 12 мыңға жуық зерлі-зайыпты некесін бұзуға бел буыпты. Сорақысы, жылма-жыл бұл көрсеткіш артып келеді. Ұзақ жыл отасқандардың немере сүйер шағында шаңырағының шайқалуына не себеп?  Бұған қатысты мамандар не дейді? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Ажырасу. Қоғамның құлағына сіңіп кеткені сонша- әлдекім ажырастым десе, елемей өте шығатын болдық. Онлайн-ажырасу, отау құрып, бір күннен кейін некесін бұза салу, түрлі-түрлісін көрдік. Енді, жастарды артта қалдырып, немере сүю бақытына жеткен ата-әжелер де ажырасуды шығарған. Оны АХАТ бөлімінің  мамандары да растап отыр. Олардың айтуынша, тек биылдың өзінде егде жасқа жеткен 200-ден астам ерлі-зайыптының шаңырағы шайқалыпты.  

«Ең үлкен жасымыз бізде ер азаматтың жасы 64-те, әйел азаматтікі 61 жаста болған. Біз ол кісілерден сұраймыз, өтініш жазғанда, ол кісілер қандай себеппен некелерін бұзып жатқан көрсеткен кезде, яғни мінездеріміз келіспеді, көбіне бізде апаларымыз,  аталарымыз шығып кеткенде апаларымыз айтады, жас ұлғайған сайын бұл кісінің еркелігін көтере алмай жатырмын деп, екі баламызға бөлінеміз, біріміз бір балада, екіншіміз екінші балаға барып тұрамыз» - дейді АХАТ бөлімінің бас маманы Назира Искакова. 

«Бос ұяның дағдарысы». Психологтардың айтуынша, отасқандарына 20 жылдан асқан ерлі-зайыптылар дәл осы қиындықты басынан өткізеді. Яғни, балалары ер жетіп, өз бетімен өмір сүре бастағанда, жападан-жалғыз қалған ата-әжелер үшін  бірге тұрудың мәні жоғалатын көрінеді.

«60 жасқа дейін да оларда ажырасу ойы туындауы мүмкін. Бірақ бала үшін, және адамдардың бір-біріне деген мінезі, көзқарасы отбасылық жағдайда жұмыспен көп байқалмауы мүмкін. 60-тан кейін мысалы пенсияға шыққан уақытта адамдар жұмыстан босатылған уақытта оның ойы, әрекеті көріне бастайды ғой, және мінезі көріне бастайды» - дейді психолог Ақгүл Молдабекова.   

Сандарға сенсек,  елімізде соңғы бес жылдың ішінде  11 700 жұп ажырасып кеткен. Дені ер азаматтардың қалауымен болыпты.  Ал әлеуметтанушы  Салтанат Оразбекованың айтуынша, мұндай ажырасу еліміздегі онсыз да әлсіз отбасы институтының құлдырауына әкеліп соқтыруы мүмкін. 

«Егер де біз қазір отбасы құндылықтарын дәріптейтін болсақ, ол оған кері әсерін тигізіп жатыр. Яғни егер қазір ондай ажырасу болса, одан кейінгі ұрпақтар да соны норма ретінде қабылдайды. Сен ешқандай жауапкершіліксіз, егер де саған ұнамаса эгоистік құндылықтардың келуіне әкеліп соқтыруы мүмкін» - дейді әлеуметтанушы Салтанат Оразбекова. 

Ал құдай қосқан қосағамен 50 жыл отасқанына Нұрхан әженің  сөзінше, бұл мүлдем ақылға қонымсыз.  Оны  қоғам қасіреті десек, артық айтқанымыз емес. Тез арада шара қолдануымыз керек,- дейді кейуана. 

«Мен ойладым,  тек шетелдерде ғана болатын шығар осындай деп, өткенде бір қазақ шал кәдімгідей, ажырасып кеткенбіз біз, хабарласпағаныма 2-3 жыл болды деп тұр. Ой Алла дедік та қойдық. Енді ауру шығар, бір-бірін түсіне алмай қалған шығар, ол жағын мен енді білмеймін, Құдай сақтасын» - дейді қала тұрғыны Нұрхан Әуелбеков. 

Осылайша, зейнеттің бейнетін көретін шаққа жетіп, ажырасуға бел буатын жұптар  жыл санап артып келеді. Мәселен 2016-2017 жылы  60-ты алқымдаған ата-әжелеріміздің 1 132-сң ажырасып тыныпты. Бұл үлкен проблемаға ушықпай тұрғанда, оны тез арада жүйеге келтіріп, қоғам болып шешуіміз керек, дейді мамандар. 



Ұқсас тақырыптар