ОҚО: Түлкібас ауданын Түркібасы деп өзгерту туралы ұсыныс қолдау тапты

4.jpg


Оңтүстік Қазақстан облысында Түлкібас ауданын Түркібасы деп атау қолдау тапты. Бүгін облыстық мәслихаттың кезекті ХІ сессиясында депутаттар осы ұсынысқа дауыс берді, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Мәслихат сессияның жұмысы барысында республикалық ономастика комиссиясының қарауына Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түлкібас ауданының атауын қайта атау жөніндегі ұсынысы енгізілген болатын.

Халық қалаулыларының пікірінше, талай тұлғалар түлеп ұшқан киелі мекен Түлкібас ауданының атауын «Түркібасы» деп өзгерту туралы ұсыныс дер кезінде көтеріліп отыр. Жиынға қатысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәселенің өзектілігіне де назар аудартты. Оның айтуынша, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірдегі жер, су аттары тарихи атауларына қайта қол жеткізіп келеді. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

 «Соңғы жылдары бұл мәселе бірнеше рет көтерілді. Кеңес заманында ауданның тарихи атауы бұрмаланғаны тарихшы ғалымдарға да белгілі. Сондықтан Түлкібасы атауын Түркібасы деп өзгерту туралы ұсынысты бірауыздан қолдаймын. Аталған мәселе облыстық әкімдік пен облыстық мәслихатта тиісті шешім шығарылып, облыстық ономастикалық комиссияда қаралды. Соңғы шешімді республикалық ономастикалық комиссия қабылдайтын болады», - деді Жансейіт Түймебаев.



Ұқсас тақырыптар