Қазақстан азаттық алған күннен бастап сыртқы саясаттың дербес бағыты қалыптасып, егемен елдің дипломатиялық қызметінің құқықтық негіздері қаланғанда өзге елдермен байланыс аса маңызды рөл атқарды.
Қазақ елінің Еуропа төріндегі бауырлас өлкесі Мажарстан (Венгрия) Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас құрғанына биыл 30 жыл толып отыр. Екі ел арасындағы ықылым заманнан келе жатқан туыстық байланыстан бөлек, тәуелсіз мемлекеттер арасындағы достастығы жыл сайын артып келеді.
Еліміздің сыртқы саясатының алдында тұрған сүбелі мақсаттар мен міндеттерді іске асырылуына ықпал етіп жатқан жандардың қатарында тек Қазақстанның өзге елдердегі елшілері ғана емес, өз еліміздегі шетелдік азаматтардың септігі зор.
Сол жандардың бірі - Венгрия Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Ференц Блауманн мырза. Қазақстандағы елшілік қызметі он жылға жуықтаған Ференц Блауман өз сөзінде «Менің екінші үйім - Қазақ елі» деген еді. Оның бұл сөзінің жаны бар. Себебі, консулдық қызметінің арқасында еліміздің бірталай аймақтарында іс сапарда болып, екі ел арасындағы ынтымақтастық жобаларды жүзеге асыруға түрткі болып келеді.
Венгрия Шығыс Еуропа мемлекеттерінің арасында Қазақстанның негізгі әріптестерінің бірі. Сол үшін де Мажарстан мен Қазақстан арасындағы тікелей әуе жолының ашылуына елші азаматтардың ат салысқаны туралы айтпауға болмас. 2017 жылы Будапешт пен Астана қалаларының арасында авиарейс ашылды. Қазақстандық жолаушыларға Шенген визасын алған бойда Еуропа төріне алты сағатта ұшып бару мүмкіндігі берілді.
Екі ел арасындағы байланыс арқылы ұтымды экономикалық жобаларда іске асып, сауда, бизнес, медицина, құрылыс, ауыл шаруашылығы секілді салаларда жаңа бағыттар жүзеге асырылып, қаржылық көрсеткіштер ұлғайып келеді.
Білім және ғылым саласында Қазақстан-Венгрия табысты серіктестігі де белсенді дамып келеді. Жыл сайын Мажарстан жоғары оқу орындарында мемлекеттік бағдарламалар аясында оқуға жолдама алып, бүгінде Венгрия елінде мыңнан астам қазақстандық студенттер білім алуда. Сондай-ақ, дәріс алмасу бағдарламасы да бар, ол бойынша екі елдің үздік университеттері келісімге қол қойып, өздері студенттерін Еуропада өз оқуларын жалғастыруда.
Елшілік қызмет тек саяси деңгейдегі қарым-қатынасты жоғары деңгейде жүргізу ғана емес, өзге де салаларда келіссөздер жүргізіліп, олардың іс жүзінде атқарылуын қадағалауында. Блауманн мырзаның табанды еңбегінің арқасында 2014 жылы Мажарстан астанасы Будапешт қаласында ұлы ақын Абайдың ескерткіші бой көтерілді.
Венгрия мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыс күшейіп, отандық кино туындылар мен театр қойылымдары мажар халқының назарына ұсынылды. Қазақ халқы да жыл сайын өтетін Венгрия кино апталығында мажар тіліндегі фильмдерді тамашалап келеді. Мажар тіліндегі әндер отандық сахналарды айтылып, қылқаламм шеберлерінің туындылары көрмелерде қойылды.
Бұл жобалардың табысты болуына елші мырза аянбай тер төккенін көріп келе жатырмыз. Маңызды халықаралық конференциялар, форумдар, саммиттер, дөңгелек үстелдер және кездесулерге белсенді қатысып, әр бастаманың басы-қасында өзі жүреді. Әр ұсыныс пен сұранысты назардан тыс қалдырмай, әрдайым бауырлас елдердің өңір аралық диалог құруындағы беделінің күшеюіне өзінің орасан үлесін қосуда.
Ференц Блауманның еңбегінің арқасында еліміздегі футбол сүйер қауым текбол спортымен танысты десек артық емес. Елші мырза өзі де футбол жанкүйер жан болғандықтан 2014 жылы Венгрияда бұрынғы кәсіби футболшы Габор Борсани және компьютерлік бағдарламашы Виктор Гусар ойлап тапқан жаңа спорт түрін кеңінен таныстырмақ ниеті болды. Алғашқылардың бірі болып елімізге қисайған үстелді әкеліп, текбол спортын жұртшылық назарына ұсынды. Тіпті, текболды қалай ойнау керектігін көрсеткен-ді. Тек жоғары деңгейдегі саяси қызметтерді жүргізіп қана қоймай, елші азаматтың көңілге қонымды ізгілікті істерді атқарып жатқан жайы бар.
Қуантатын тағы бір жайт – Ференц мырза қазақ тілінде сөйлеуге құштар. Қазақтар мен мажарлардың тамыры ортақ туысқан халықтар болған соң, тіл үйрену аса қиынға соқпауы мүмкін. Оның үстіне алма, сақал, балта секілді үш мыңнан астам сөз екі тілде бірдей қолданылады. Алайда, елші мырза өз білімін арттырып жатыр.
Қазақ тілінде жаңа сөздерді үйреніп, өзінің ресми сұхбаттары мен ел алдында сөз сөйлеуінде қолданады. Екі елге ортақ ұл, ұлы ғалым Иштван Қоңыр Мандоки атындағы №154 ЖББ мектебінің ұстаздары мен шәкірттерімен тек қазақ тілінде сөйлесіп жатқан кезеңдері осыған дәлел.
Халқымыздың «Ер адамды сөзіне емес, ісіне қарап бағала» деген ата сөзі бар. Бұл сөз елші мырзаның елеусіз еңбегі мен нағыз ер-азаматқа тән қасиетіне айтылғандай. Он жылға жуық қызметінің нәтижесінде екі ел арасындағы бірлік көпірінің мықты болуына ат салысты. Өзара қатынастардың кемелдену жолында атқарылып жатқан оның адал еңбегі еш ұмытылмайтыны хақ.
Жақында ҚР СІМ-нің мемлекетіміздің дипломатиялық қызметінің жұмысына белсенді ат салысқаны үшін Ференц Блауманн мырзаға мерейтойлық медалі табысталды. Бұл Қазақстанды екінші отаным деп санайтын мажар ұлының толағай табыстарының жемісі деп білемін.
Дайындаған
Ғазиза Ұзақ
Алматы қаласы