Әуелі ақпаратты жазайық: Ресейлік «Росатомның» еншілес компаниялары Қазақстанда уран өндірісімен айналысатын 3 ірі кәсіпорынның үлесін алмақ. Бұл туралы «КазТАГ» хабарлады.
Қазақстан уранынан қомақты үлес алатын компания атауы - «Ураниум Уан Груп». Ол Мәскеуде тіркелген және Ресейлік ірі «Росатом» мемлекеттік окрпорациясының мүшесі.
Ал Ресейлік«Ураниум Уан Груп» компаниясына үлес сатуға рұқсат берілген Қазақстандық 3 ірі кәсіпорын: Uranium One Netherlands B.V., Uranium One Utrecht B.V. және Uranium One Rotterdam B.V.
«1. Uranium One Netherlands B.V. компаниясына «Қаратау» ЖШС қатысу үлесінің 50% -ын «Ураний Уан Груп» пайдасына иеліктен шығаруға рұқсат етілсін. 2. Uranium One Utrecht B. V. компаниясына «Хорасан-U (Хорасан-У)» бірлескен кәсіпорны ЖШС қатысу үлесінің 30%-ын «Ураний Уан Груп» пайдасына иеліктен шығаруға рұқсат етілсін. 3. Uranium One Rotterdam B. V. компаниясына Оңтүстік тау-кен - химия компаниясы «Бірлескен кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі қатысу үлесінің 70%-ын «Ураний Уан Груп» пайдасына иеліктен шығаруға рұқсат етілсін», - делінген Қазақстан Үкіметінің қаулысында.
Осылайша Ресейлің «Росатом», дәлірек айтсақ, оның еншілес компаниясы Қазақстандық 3 бірдей ірі кәсіпорыннан қомақты үлес алмақ.
МҰХТАР ЖӘКІШЕВ: РЕСЕЙ ҚАЗАҚ УРАНЫНА КӨЗ САЛДЫ
Тақырыпқа тұздық: Осыған дейін, есім-сойы елге белгілі қоғам қайраткері, «Қазатомөнеркәсіпті» ұзақ жыл басқарып, кейін «жаптым жала, жақтым күйемен» істі болған Мұхтар Жәкішев Ресей билігінің қазақ уранынан көз салғаны, сол үшін өзінің істі болып, ұзақ жыл темір торға тоғытылғанын мәлімдеген еді.
Мұхтар Жәкішев украин журналисі Дмитрий Гордонға берген сұхбатында: «Менің түрмеге қамалуыма Путиннің қатысы бар», - деген еді.
«Біз нарықта үстемдік құра бастадық. Интеграцияланған компания құрдық. Біздің Жапония, Қытай, Америкада позициямыз өте күшті болды. Атом электр станцияларын салу саласының үздігі Westinghouse Electric компаниясының 10 пайызын 540 млн АҚШ долларына сатып алдық. Әлемдегі атом электр станцияларының 50 пайызы осы компанияның дизайнымен салынған. Біз оның 10 пайыздық акционері атанып, жапонның алдыңғы қатарлы компанияларымен теңдей болдық. Еліміздің атом саласындағы болашақ бағдарын анықтадық.
Ол кезде саясатта не болып жатқанынан хабарым болмаған. Бар күшімді экономика саласына бағыттадым. Осылайша жапондармен бірлесе әрекетке көштік. Мен оларға «Ресейдің атом өндірісі саласындағы тәжірибесін пайдаланайық. Біріксек жұмыс жылдам болмақ», - дедім. Жапондар жақтырмады, бірақ келісті. Мен ол кезде әлемдік деңгейдегі атом саласы туралы ойлаған едім.
Мен ресейліктерді, атап айтқанда Кириенконы жапондармен, Toshiba президентімен таныстырдым. Сол кезде ресейліктер қулығын асырып, біздің алдымызды орап кеткісі келді», - дейді ол.
Mezgil.kz