Санкция: Тасмағамбетов Қазақстанды Ресейге итермелеуде

Жалпы, Тасмағамбетовке кейбір қазақ зиялылары, тілшілері оң қабақ танытатынын байқау қиын емес. Мұны кезінде өзгелерге қарағанда ұлт руханиятына жақындау болғанымен түсіндіруге болатын шығар.

637f28c35bc2b339974095.jpeg

Ол 1 қаңтарда ҰҚШҰ Бас хатшысы қызметіне кірісті. Бірақ осы екі айда бірқатар қауіпті сигналдар беретін кездесулер өткізді.


Ақпанның басында Тасмағамбетов Лукашенкомен кездесті. Кездесу барысында Лукашенко: «Егер кімде-кім Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс біздің қақтығыс емес, тыныш қана дауылдың бітуін күтеміз деп ойласа, олар қателеседі. Уақыт келіп, позицияны нақты айқындайтын сәт туады», - деді. Тасмағамбетов үнсіз тыңдап отырды. Кейін журналистерге шыққанда да позициясын айтпады. Бұл қауіпті сигнал. Неге? Ресей мен Беларусь ОДКБ мүшелерін бұл соғысқа араластыру қаупі туындап отыр. Ал ОДКБ бас хатшысы үнсіз қалды.


Екі апта бұрын Тасмағамбетов Ресейдің қорғаныс министрі Шойгумен кездесті. Кездесуде ҰҚШҰ аясында өтетін ірі жаттығулар талқыланды. Оның басым бөлігі биыл Беларусь жерінде өтеді. Дәл қазіргідей соғыс жүріп жатқанда агрессор елмен бірге майданға көрші елде әскери жаттығу өткізу бізге абырой әкелмейтіні анық. Украина, Батыс түгімізді қалдырмай сынайын деп тұр.


Ал бір апта бұрын Тасмағамбетов Ресейдің Индустрия және сауда министрі Денис Мантуровпен кездесті. Кездесу барысында бір қауіпті ұсыныс айтты. Тасмағамбетов: «Қару-жарақ пен әскери техниканы бірлесіп әзірлеу және өндіру, оларға техникалық қызмет көрсету жөнінде ОДКБ-ға мүше мемлекеттердің кәсіпорындары арасында көпжақты кооперация қажет», - деді.


Енді сұрақ: ҰҚШҰ аясында қару өндірісін кім іске асырады? Әрине, Ресей, басқа ешкім емес. ҰҚШҰ-дағы елдердің барлығы дерлік Ресей қаруын алады. Енді қазіргідей соғыс кезінде Ресеймен бірлесіп, әскери техниканы өндіріп жатсақ, өркениетті әлемге қай бетімізбен қараймыз?


Осы үш кездесу де Қазақстанды санкцияға итермелеп тұр деп сеніммен айтуға болады. Кеше ғана АҚШ-тың Гос.Деп басшысы Блинкенмен амалдап келісіп, санкция салынбайтын болып, оның орнына инвестиция тартамыз деп шештік. Енді мына жақта өз азаматамыз ОДКБ аясында Қазақстанды Ресейге итермелеп жатқандай көрініп тұр.


Қазір біз пышақтың жүзіндей күйде күн кешудеміз. Аяқты сәл қисық бассақ, орып түседі. Батыс пен Ресей арасында баланс ұстауға тырысудамыз. Әзірге әупірімдеп дипломатиямен амалдап отырмыз. Бірақ мына үш ұсыныс бізді ол балансты бұзуға ықпал етіп жатыр. Себебі ОДКБ аясында қабылданған шешімдерді орындауға міндеттіміз.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар