Гаага соты: Путинді кім тұтқындайды?

Бас кеңсесі Голландияның Гаага қаласына орналасқан Халықаралық қылмыстық істер соты кеше, наурыздың 17-күні, Ресей президенті Путин мен орыстың балалар омбудсмені Мария Львова-Белованы тұтқындауға ордер шығарды. 


700vv.jpg


Оларға «Украин балаларын заңсыз барымталады, украин азаматтарын Ресейге күштеп әкетті» деген айып тағып, қылмыстық жауапкершілікті мойнына алуға үндеді.


Бір жыл бұрын аталмыш соттың тексерушісі Кәрім Хан Украинада Ресейдің әлеуметтік нысандарды, балалар жиналатын орындарды бомбалағанын айтып, Ресейдің адамзатқа қарсы қылмыс фактілерін жинауға кірісіп кеткен еді. Гаага соты Путиннің жалғасты қылмыс жасауының алдын алу үшін үкімді ашық жарялау қажет болғанын әрі барлық жағынан заңды екенін айтуда.


Халықаралық адам хақын қорғау комитеті бұл шешімді «2014 жылдан бері орыстың озбырлығына ұшырап келе жатқан адамдар үшін бүгін маңызды күн. Путиннің халықаралық іздеудегі қылмыскерге айналуы – еркін тайраңдап келген соғыс қылмыскерлеріне ескертпе, оларды жазаға тартуға жасалған маңызды қадам» деп бағалады.


АҚШ президенті Байден: «Путин соғыс қылмыскері. Біз бұл үкімнің әділ екеніне күмән келтірмейміз. Бірақ халықаралық заң тұрғысынан біз үкімді мойындамаймыз» деді.


Америка 1998 жылы БҰҰ-ның халықаралық сот құру шешіміне қарсы шыққан жеті елдің бірі. Гаага сотының судьялары АҚШ әскери шенділерін де Ауғанстан мен Иракта әскери қылмыс жасады деп айыптаған болатын. Трамп президент болып тұрғанда судьяларға санкция салған. Байден президенттікке келіп, Трамп салған шектеулерді жойды.


Қытай басшысы алдағы наурыздың 20-22 аралығында Ресейге сапарлайды. Қытайдың ұстанымы белгілі.


Кремлдің ресми өкілдері халықаралық соттың үкімін мойындамайтынын айтуда. БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты жорасы болып табылатын АҚШ, Қытай, Ресейде Гаага сотына мүше емес. Оған негізінен Еуропа, Онтүстік Америка және Африканың көпшілік елі мүше.


Украина президенті Зеленский Гаага сотының шешімін: «Бұл тарихи шешім. Тарихтың жауапкершілігі осы арадан бастау алады. Біздің күнәсіз сәбилерімізді Ресейге барымталаған террористік мемлекеттің басшысы мен оның қосшысы соғыс қылмыскері деп ресми танылды» деді.


Франция Сыртқы істер министрі де: «Ресейдің Украинада жасаған қылмыстарына жауапты адамдар, шені қандай болса да, жазасын алады» деді.


Халықаралық Гаага сотына мүше елдер халықаралық іздеудегі қылмыскерді ұстап беруге құқылы. Путин барады-ау деген елдердің ішінде оған мүше Грузия, Моңғолия, Тәжікстан, Ауғанстан бар. Путинді ұстап беруге олардың батылы бара қоймас. 


Путин халықаралық әскери сотқа шақырылған әлемдегі төртінші президент.



Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар