ҰҚШҰ үйлестірушісі: Қазақ әскері соғысқа араласа ма?

БҰҰ бітімгершілік миссиялары кезінде қолданылатын «Үйлестіруші мемлекет» ұғымы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымына (ҰҚШҰ) да енгізілді. Қазақстан Парламенті 2021 жылдың 16 қыркүйегінде қол қойылған ҰҚШҰ бітімгершілік қызметі туралы келісіміне өзгерістер енгізу туралы протоколды ратификациялады.

1685692539779417.jpg

Хаттамаға сәйкес үйлестіруші мемлекет БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияларына ҰҚШҰ күштерінің қолданылу мәселесін шешеді.


ҰҚШҰ-ның «Үйлестіруші мемлекеті» болып – Ресей бекітілу мүмкін. Бұл «ҰҚШҰ күштерін Ресей Украина соғысына тарта ма?» деген сұрақты бұрынғыдан да ушықтырып жібергені анық.


«Мұндай қауіп жоқ. Себебі, бұл мемлекеттің ерікті қатысуымен құрылған ұйым. Бұл бірінші. Екіншіден, әскери контингенттің мемлекеттен тыс кез келген жерге баруын Парламент шешеді. Егер Парламент мақұлдаса, онда, әрине... Біз Парламентке жауап бере алмаймыз, біз Қорғаныс министрлігіне ғана жауаптымыз», - деп түсіндірді Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов.


Ол хаттаманы ратификациялау Қазақстан Республикасының мүдделеріне сай келетінін атап өтті.


«Мемлекеттер осы операцияға ерікті түрде қатысады. Хаттама мемлекеттің операцияға қатысу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының әзірлік жүйесінде тіркелген бітімгершілік контингентін жіберу құқығын шектемейді. Хаттаманы ратификациялау Қазақстан мүддесіне сәйкес келеді. Өйткені ол Ұйым мен оған мүше мемлекеттің бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға, ынтымақтастықты нығайтуға тиімді қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Қорғаныс министрінің орынбасары», - деді Ведомство өкілі.


Бүгінгі күні ҰҚШҰ – өлі ұйымға айналды десек те болады. Ол 2002 жылы Мәскеуде құрылды. Ұйымның штаб-пәтері Мәскеуде орналасқан. Қазір ҰҚШҰ-ға 6 мемлекет мүше. Олар: Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей мен Тәжікстан.


ҰҚШҰ құрылған сәттен, күні бүгінге дейін өзінің миссиясын бірде бір рет орындаған жоқ. ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің арасындағы өзара территориялық қақтығыстар кезінде де дәрменсіздік танытты.


Ал Ресей мен Украина соғысы басталғанда қазақ қоғамын алаңдатқан басты мәселе – «ҰҚШҰ-ны желеу етіп, Ресей қазақ әскерін соғысқа араластыра ма?» деген сауал болды.


ере.jpg


Осы ретте біз Mezgil.kz ақпараттық порталының оқырмандарына «Ұжымдық қауіпсіздік туралы 1992 жылдың 15 мамырындағы Келісімнің» бірқатар баптарын талқыға ұсынбақпыз.


2 бап: ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер Халықаралық қауіпсіздік пен өз мүдделеріне қатысты маңызды мәселелелерде бір-бірімен кеңесіп шешім қабылдайды.


ҰҚШҰ-ға мүше бір немесе бірнеше мемлекеттің территориялық тұтастығына, тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда немесе Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда барлық мүше-мемлекеттер жедел түрде кеңесіп, позиция білдіру механизмдерін ақылдасады және қабылдайды. Қатер төнген мемлекетке көмек көрсету және төніп тұрған қатерді жою үшін арнайы шаралар қабылдайды.


4 бап: Егер ҰҚШҰ-ға мүше бір мемлекет агрессияға ұшыраса (әскери шабуылға, қауіпсіздік, тұрақтылық пен территориялық тұтастыққа, егемендікке қатер төнсе) – бұл ҰҚШҰ-ға мүше барлық мемлекетке төнген қатермен бірдей деп есептеледі.


Агрессия (әскери шабуылға, қауіпсіздік, тұрақтылық пен территориялық тұтастыққа, егемендікке қатер төнсе) орын алған жағдайда сол мемлекеттің өтініші бойынша, ұжымға мүше барлық мемлекет қажетті көмекті беруі тиіс. Соның ішінде әскери көмек те бар. Бұл БҰҰ Жарғысының 51 бабына сәйкес, ұжымдық қорғанысты іске асыру мақсатында жүзеге асырылады.


Аталған бап бойынша әрекет еткен кезде ҰҚШҰ-ға мүше әрбір мемлекет БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін ескертуі шарт.


6 бап: ҰҚШҰ күштерін пайдалану туралы шешімді ҰҚШҰ Келісімінің 2 және 4 баптарына сәйкес, мүше-мемлекеттердің басшылары қабылдайды.


ҰҚШҰ күштерін мемлекет территориясынан тыс жерде пайдалану – БҰҰ Жарғысына сәйкес, Халықаралық қауіпсіздік мақсатында ғана жүзеге асырылады және мүше-мемлекеттердің заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады.


upload-TASS_55109978-pic_32ratio_900x600-900x600-57085.jpg


Тақырыпқа тұздық:


Жоғарыда айтқанымыздай, «Қазақстан әскері ҰҚШҰ шеңберінде Ресей-Украина соғысына араласуы мүмкін бе?» деген сұраққа ҚР Қорғаныс министрлігі: «Әскери контингенттің мемлекеттен тыс кез келген жерге баруын Парламент шешеді. Егер Парламент мақұлдаса, онда, әрине...», - деп жауап бергенін естідік.


Алайда, тоқтала кетерлігі: ҰҚШҰ әскери күштері – мемлекеттің территориялық тұтастығына қауіп төнген жағдайда ғана шақыртылады! Ал қазір Украина өз территориясында күрес жүргізіп жатқанын айта кетуіміз керек. Ресей оккупациялап алған, РФ Конституциясына енгізілген Қырым, Донецк, Луганск, Запорож бен Херсон облыстары Ресей территориялары саналмайды. Себебі – Халықаралық қауымдастық мойындамаған (соның ішінде Қазақстан да) территориялар.


Ал соңғы уақыттардағы Ресейдің Белгород облысындағы әскери операциялар ҰҚШҰ әскери контингентіне жүгінуге себеп-сылтау болуы бек мүмкін. Ондай жағдайда, қазақ әскерін жіберу, жібермеу туралы шешім мен жауапкершілік – ҚР Парламентіне және Президентіне жүктеледі.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар