Бұған дейін Ресей Федерациясында «шетел агенті» туралы заң қабылданып, соғысты сынаған тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын, қоғам белсенділері мен журналистерді жаппай жазаға ұшыратқан.
РЕСЕЙДІҢ ЖАЗАЛАУШЫ ЗАҢЫ
Адам құқықтарын шектеуге бағытталған бұл заң әуелі 2012 жылы «коммерциялық емес ұйымдар туралы» федералды заңға түзетулер енгізілгеннен кейін пайда болған еді. 2017 жылы Ресей әділет министрлігі «шетелдік агент» айдарын бұқаралық ақпарат құралдарына тағатын заң жобасын даярлап шығарды. Осылайша заңға бағынбаған түрлі БАҚ-дың тізімі жасалды. 2021 жылдың қараша айында 97 бұқаралық ақпарат құралы, оның ішінде 62 жеке тұлға «шетел агенті» болып танылған. 2022 жылдың ақпанына қарай олардың саны 115-ке дейін өскен. Осылайша «шетел агенттерінің» саны толығуда.
ГҮРЖІСТАННЫҢ ТАҢДАУЫ...
7 наурызда Грузия парламенті «шетел агенті» туралы заңды қабылдамақ болып, халықтың жаппай наразылығына ұшыраған. Үш күнге созылған митингтерден кейін, билік заңды қабылдауды уақытша тоқтатты.
ҚЫРҒЫЗСТАН ДА РЕСЕЙДІҢ ЖОЛЫНА ТҮСТІ
Ендігі кезек Қырғызстанға келген секілді. Қырғызстан үкіметі «шетелдік агент» туралы заң қабылдауға бел буа кірісті. Алайда Қырғызстанның құқық қорғаушылары «шетел агенті» туралы заң жобасын қабылдауға қарсылық білдіріп отыр.
Өйткені заң жобасы коммерциялық емес ұйымдар қызметінің ашықтығына, жариялылығына кесірін тигізуі мүмкін.
«Заң жобасы «коммерциялық емес ұйымдар шетелден көмек алса – Қырғызстанды тұрақсыздыққа алып келеді деген идеяны насихаттап отыр»», - дейді құқық қорғаушылар.
Қырғызстан азаматтары президент Жапаров пен Парламент депутаттарына «шетел агенті» мәртебесін беретін заң жобасы бойынша қарсылығын білдіріп, құжат ұсынды. Құжат өткен аптада Парламенттің қарауына енгізілді. Қазір «шетел агенті» туралы заңды жасауға атсалысқан депутаттар өз дауыстарын қайтып ала бастады.
Бірқатар халықаралық құқық қорғау ұйымдары: Америкалық Human Rights Watch және Freedom Now, Норвегиялық Хельсинки комитеті, ирландиялық FrontLine Defenders (Kloop медиа ресурсы) Қырғызстан Парламентін «шетелдік агенттер» туралы заңды қабылдамауға шақырды.
Олар үндеуінде Қырғызстанның заң жобасы «негізінен Ресейдің заңнамасына сүйенетінін» және «шетелден қаржыландырылатын ұйымдардың қызметін шектеуге» бағытталғанын айтады.
Mezgil.kz