Әлеуметтік желіде қазақтың сөзін сөйлеп, қапасқа қамалған Марғұлан Боранбаевты түрмеде ұрып-соққан деген ақпарат тарады.
Айта кетсек, Марғұлан Боранбаев Ресейлік шенді-шекпенділердің Қазақстан һәм қазақ ұлты туралы түрлі жағымсыз пікірлеріне жауап беріп, Қазақстанның Ресеймен қатынасына қарсы пікір білдіріп, Ресейдің Украинаға жасап отырған басқыншылығын айыптаған.
Осыдан кейін Боранбаев 2020 жылы күзде қамауға алынып, оған: «2018 жылдан бастап әлеуметтік желіде ұлтаралық және әлеуметтік араздық қоздырды, орыс ұлты өкілдерінің ұлттық ар-намысына тиетін жазбалар жариялады» деген жалаң айып тағылды.
2022 жылғы 14 наурызда Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Боранбаевты 5 жылға соттап, 3 жылға қоғамдық жұмыстарға араласуына, интернетті пайдалануына тыйым салды. Белсенді өзіне тағылған айыптармен келіскен жоқ.
Саясатшы Серікжан Мәмбеталин Өскемен қаласындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан Марғұлан Боранбаевтан 8 қыркүйектен бері хабар ала алмай отырғанын желіде жазды. Оның ойынша, белсенді сол күні соққыға жығылған.
Ал 4 қыркүйекте Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Марғұлан Боранбаевтың түрмедегі басссыздық туралы жазған хатын әлеуметтік желіде жариялаған. Белсенді ол жерде Өскемендегі РГУ-17 түзеу колониясының әкімшілігінде жазасын өтеп жатқандарға мемлекеттен азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек пен өзге де материалдық құнды заттарға бөлінген қаражаттың аса ірі көлемде үнемі ұрланып жатқанын айтқан. Соған байланысты Шығыс Қазақстан облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаментінен (ҚАЖД) №17 мекеме әкімшілігінің жұмысын тексеруді сұраған.
Депутат Ермұрат Бапи егер Боранбаевтың соққыға жығылғаны рас болса, сол хаты себеп болуы мүмкін екенін айтады.
Бірақ ІІМ жанындағы Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) Бұл ақпараттарды терістеді. «Facebook-тегі тараған ақпарат шындыққа жанаспайды. Мекеменің медқызметкерлері жаза өтеушінің денесінде жарақат бар-жоғын тексерді. Бұған қоса ол адам желіде тараған ақпаратқа қатысы жоғын жазбаша түрде түсіндірді. Мекеме әкімшілігіне ешқандай шағымы жоқ», - деді.
Бұған дейін Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдап, ел намысы үшін күйіп кеткен Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевты, Ермек Нарымбаевтың ісін қайта қарауды өтініп, араша сұраған.
«Анығында, бұл азаматтар «ұлтаралық араздықтан» бұрын, қазақ халқының намысын жыртып, ұлттық мүддені қорғап, әлеуметтік желілердегі сепаратистік көзқарастарға қарсы шыққаны үшін сотты болды. Осы да әділеттілік пе, президент Тоқаев мырза мұрындық болған «Әділетті Қазақстанның» мұраты осы ма еді?! Мен әділетсіз сотты бұл азаматтарды интернеттің виртуалды әлемінде Қазақстанның ұлттық мүддесіне араша түсіп жүрген намысқой жігіттер ретінде білетін едім. Бұл екеуіне қатысты тергеу ісінен бастап, кейіннен өткен бірнеше сот отырысына журналист ретінде қатыстым, бұл азаматтарды соттауға желеу болған «алауыздықты қоздыру» сараптамасын оқыдым», - деді ол.
Депутат бұл азаматтардың әлеуметтік желіде елін қорғап сөйленген сөздері Ресей саясаткерлерінің Қазақстан туралы араздық пікірлерімен салыстыруға да келмейтінін айтты.
«Оларға қатысты жасалған қиянат пен әділетсіздік осы салыстырудан туындайды. Бір ел неге өзінің сыңарезу саясатшыларына тыйым салмайды, ал біздің ел неге өзінің елдік мүддесі мен халықтық намысын қорғаған азаматтарын соттайды? Қазақстанның тұтастығы мен тәуелсіздігіне күмән келтіріп, ешбір тарихи негізсіз халықаралық алауыздықтың көрігін қыздырған жекелеген ресейлік депутаттар мен тележурналистер «орыс патриоттары» болып саналса, өз халқының намысын жыртқан, сол үшін тағдырлары тәлкекке түсіп, сотты болған Марғұлан мен Данат неге қазақ халқының патриоттары бола алмайды? Бұл қатарда қиянатпен сотты болған ел патриоты Ермек Нарымбаевты да атауға болады.
Қазақ халқы мен Қазақстан мемлекеттігінің бірлігіне қарсы жарты әлемге жар салған көрші елдің «ұраншылары» қылмыстық сотқа тартылмақ түгілі, өз билігі мен тиісті органдары тарапынан әкімшілік тұрғыда ескерту де алған жоқ. Ал ел намысы үшін әлеуметтік желіде пікір айтқан біздің екі жігіт неге сотты болады?», - деген еді.
Mezgil.kz