Талибанның күшпен билікке келгеніне екі жылдан асты. АҚШ пен Батыс Ауғанстаннан кете сала, Кабулмен келісім жасағысы келетіндер саны артты. Тәлібтерді террорлық ұйым деп таныған талай елдің бүгінде Ауғанстандағы өз қызығушылығы, мүддесі бар. Орталық Азия елдері Ауғанстаннан төнетін қауіпті азайту мақсатында Талибанмен келіссөз жүргізіп жатса, Қытай мен Ресей Таяу Шығыс елдеріне әскери-саяси ықпал ету тетігін осы бір елден іздестіруге кіріскен. Кей елдер үшін Ауғанстан болашақта тауар қатынасындағы тиімді транзит аумағына айналуы мүмкін, мысалы Қазақстан осы бір жоспарды іске асыруға мүдделі. Ауғанстан тек қана тұрақсыз аймақ емес, сонымен бірге қазба байлықтары көп, табиғи ресурсы жеткілікті елдің бірі. Бейжің Ауғанстандағы тұрақтылыққа мүдделі екенін айта отырып, табиғи ресурс игеру саласына ең көп қаржы құйған елдің біріне айналды.
Қыркүйек айында Ауғанстанға Қытайдың жаңа елшісі келді. Талибан Қытай елшісін ерекше құрметпен қарсы алды. Қызыл кілем төсеп, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қарулы жасақты қосып берді. Елшіні қарсы алуға премьер министрдің қызметін атқарушы Мохаммед Ахунда мен СІМ басшысы Әмір Мүттаки қатысты. Бейжің елшіні қарсы алу шарасын телеарналардан көрсетпеді. Қытай Талибан билігін әлі ресми мойындаған емес. Ал тәлібтер керісінше «Қытай тарапымен байланысымыз жоғары деңгейде» дегендей елшіні қарсы алу шарасын барынша салтанатты етіп, медиаэффектке басымдық берді.
Жаңа елші Шао Чжэн тәлібтермен Қытайдың бірнеше бағытта жемісті жұмыс істеуге дайын екенін айта кетті. Соның ішінде табиғи ресурстарды игеру саласына инвестиция құю Бейжіңнің Кабулге қатысты саясатында басымдыққа ие болмақ. Тау-кен саласын дамыту, қазба байлықтарды игеруге қатысты бүгінде Ауғанстанда 1200-ден астам кен орны бар. Сарапшылар Ауғанстан жері алтын, күміс, темір, мыс, қалайы, табиғи газ бен литий, хромит пен бағалы тастарға бай екенін айтуда. Тіпті кей мамандар Ауғанстанда мұнай қоры да жеткілікті дейді, алайда оны игеру мәселесі жолға қойылмаған. Жалпы Ауғанстан қазба байлығының көлемі триллиондаған долларды құрайды және оны игеруге инвестиция мен жоғары технология керек. Қытай сол қажеттілікті беруге дайын, әрине қарымтасына кен орындарын жалға алуға ниетті. Бейжің сөзден іске өтіп, алғашқылардың бірі болып Ауғанстанға инвестицияны қарқынды құя бастады. Жақында жаңа елші Қытайдың бұл саясатты ары жалғастыратынын мәлімдеді.
Апта бұрын Қытай мен тәлібтер арасында екі ірі жобаға қол қойылды. Бейжің Ауғанстан аймақтарында күн энергиясын өндіретін станциялар салмақ. Ал екінші жоба Ауғанстан аймақтарын өзара жалғайтын теміржол құрылысының басталуына қатысты болмақ. Ауғанстан электр энергиясын бүгінде Өзбекстан, Иран, Тәжікстан, Түркіменстаннан сатып алып отырғандықтан, электр энергиясын өз жерінде өндіруге мүдделі. Кабул Қытай салатын күн және жел электр станциялары арқылы өзге елдер алдындағы тәуелділіктен құтылуды қалайды.
Қытай Ауғанстан жеріндегі табиғи ресрусты өңдеу саласына 6 млрд доллар инвестиция құюға ниетті екенін айтуда. Аталмыш мақсатты іске асыру үшін Гераттағы темір кенішін, Тахардағы алтын кенішін, Айнақ маңындағы мыс кенішін жалға алмақ. Келісім бойынша Ауғанстан тарапы кеніш акцияларының 56 пайызына ие болады, ал қалған бөлігі Қытайға тиесілі болмақ. Келісім әр кенішке жеке жасалып, 5-30 жыл аралығындағы жалға беруді қарастырған.
Батыстық медиада Қытай инвестициясының қауіптілігі жайлы және Ауғанстанды экономикалық экспансиялауға қатысты мақалалар жазылуда. Ал кей сарапшылар Вашингтон жіберген мүмкіндікті, Бейжің сәтті пайдалана білді дейді.
Mezgil.kz