Қазақстанға Франция басшысы Макрон келе жатыр. Француз президентінің ұшағы ертең Астана әуежайына келіп қонбақ. Қазақстан мен Франция арасында маңызды келіссөздер, қол қойылатын құжаттар болады деп күтілуде. Франция басшысының қазіргі сапары кездейсоқтық емес. Париж Африкадағы ықпалын жоғалту үстінде, Ресей-Украина соғысында Киевті ашық жақтаушы тарапқа айналды, ал Израиль-ХАМАС қақтығысында белсенділік танытуда.
Франция Қазақстан экономикасында маңызды рөл ойнайды. Париждің Орталық Азия елдерімен сауда қатынасының 80 пайызға жуығы Қазақстанмен байланысты. Осының өзі Қазақстан мен Франция арасындағы байланыстың қаншалықты жоғары деңгейде екенінің көрсеткіші.
Қазақстан мен Франция 1992 жылдың 25-қаңтарында дипломатиялық қатынас орнатты. Сол сәттен бастап Қазақстанға француз елінің үш президенті ресми сапармен келген еді. 1993 жылы Франсуа Миттеран, 2009 жылы Николя Саркози және 2014 жылы Франсуа Олланд келді. Макрон Қазақстанға келетін француздардың төртінші басшысы саналады.
2022 жылдың қарашасында Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Францияға Макронның шақыртуымен барған болатын. Осылайша соңғы екі жылда екі ел арасындағы байланыс арта түсті.
Қазақстан мен Францияның арасындағы байланыстың маңызды бөлігі – экономика. Франция Қазақстанға инвестиция салушы алдыңғы бес елдің қатарында, ал 2022 жылғы тауар айналымы 4 млрд доллардан асты. Қазақстан Францияға негізінен мұнай және мұнай өнімдерін, шикізат сатады. Ал Франциядан сатып алатын тауарлар ішінде химиялық өнімдерден бастап көлікке дейінгі кең ауқымды қамтитын тауар түрі бар. Бүгінде елімізде Францияның 170-тен астам компаниясы жемісті қызмет етуде. Олардың ішінде Total, Orano, Airbus, Vicat, Air Liquide, Alstom, Saint-Gobain, Danone сынды компаниялар да бар.
Қазақстан АЭС салу жоспарының бар екенін жария етті. Ал Франция АЭС салу тәжірибесі аса жоғары ел саналады. Атом реакторларын жасауда көшбасшы саналатын елдің басшысы келген сәтте, АЭС салу мәселесі де талқыға түсер тақырыптың бірі болуы ықтимал.
Франция өзінің АЭС-теріне қажетті уран мәселесін де сөз етуі мүмкін. 2023 жылдың шілдесінен бастап Франция мен Нигер арасындағы жағдайдың күрт нашарлап кетуі, Париждің Нигерден уран алу мүмкіндігін азайтты. Франциядағы АЭС-тердің 18 пайызы Нигер уранымен жұмыс істеген, ендігі таңда оны алмастыратын балама қажет. Қазақстаннан кейін Франция басшысының Өзбекстанға баратыны да осы уран мәселесіне қатысты болса керек.
Mezgil.kz