Германияның әлемге әйгілі Bild басылымы Газа секторындағы соғысқа байланысты ХАМАС-ты кімдер қаржыландыратынын және қанша байлыққа ие екенін зерттеп, арнайы мақала жария етті. Басылымның жазуынша ХАМАС басшыларының басым бөлігі Газада тұрмайды және Катар, Бейрут, Стамбұлда тұрақтаған.
ХАМАС басшыларының бірі Исмаил Ханияның байлығын Bild басылымы 2,5 млрд доллар деп бағалаған. 2019 жылдан бері ол Газада тұрмайды. Зерттеу мақаласында Ханияның 13 баласы бар екені айтылған. Оның үлкен ұлдары Стамбұл мен Дохадағы зәулім сарайларда сауық-сайран салған суреттерін жариялап, бірнеше мәрте шу шыққанын да жазды. Хания отбасы жеке ұшақ қызметін қолдана отырып Мәскеу, Стамбұл, Каир, Тегеранға бірнеше мәрте барған.
ХАМАС ұйымының саяси бюросының бір басшысы болған Халед Машаль жылжымайтын мүлік сату және жалға беру қызметімен айналысады. Ол әлі күнге дейін ХАМАС-ты қаржылай қамтамасыз ету бойынша қаржылай операцияларға қатысып тұрады. Bild зерттеуінде Машальдың 2012 жылы Сириядан Катарға қоныс аударғаны айтылады. Бұл Сирияда басталған «араб көктемі» мен қарулы қақтығыстарға байланысты көрінеді. Ол Сириядан Катарға 400 млн долларға жуық қаржы алып кеткені де жазылыпты.
ХАМАС-тың екінші маңызды лидері саналатын Мұса Абу Марзук халықаралық байланысқа жауап береді. Ол өмірінің 14 жыл АҚШ-та тұрған және балаларының тек жартысы АҚШ азаматтығын алған. Бүгінде оның заңсыз иемденген байлығы 2 млрд долларды құрайды дейді зерттеу нәтижелері.
ХАМАС-тың маңызды менеджерлерінің бірі саналатын Юнис Кафише Стамбұлда тұрады. Ол ХАМАС-қа қатысы бар құрылыс компанияларын басқарған. 2022 жылы оған АҚШ тарапынан санкция салынған болатын.
Газа секторының халқының саны 2,3 млн адамн. Оның ішінде 80 пайыз халық босқындар санатында. Олар 1947-1949 жылдар аралығында Палестинаның Израиль оккупациялап алған аймақтарынан келген және осында тұрақтаған.
80-жылдардың соңында ХАМАС ұйымы құрылды. Ұйым Палестина жерін қарулы жолмен азат ету идеясын ұсынды және жарғысына Израильді құртуды негіз етті. 2006 жылы Газа аймағында Палестинаның билігі саналатын ФАТХ пен ХАМАС арасында сайлау өтіп, ХАМАС жеңіске жетті. Сол жылдың аяғында ХАМАС пен ФАТХ арасында қарулы қақтығыс басталып, ХАМАС жеңіп шықты. ФАТХ жасақтары тұтқындалды, қырғынға ұшырады, кейбірі Иордан өзенінің батысындағы Палестина аумағына өтуге мүмкіндік алды. Сол сәттен бері ХАМАС Газаны жекедара билеп келеді және Палестина билігі шығарған шешімдерге бағынбайды. Газадағы барлық қаржылық операциялар, салық, сауда-саттық, мүлік саудасы, шекаралық бекет тексерісі ХАМАС бақылауында.
Сарапшылар ХАМАС ұйымын Иран, араб шейхтары мен түрлі қорлар қаржыландыратынын айтады. «Кей сәтте бұл шейхтардың заңсыз қаржыны «гуманитарлық көмек» деп көрсету арқылы Газадағы ХАМАС ашқан бірқатар ұйымдарға аударып, артынша пайызын ХАМАС-қа беріп, қалған бөлігін өзіне қайтарып алу жүйесі ғана» дейді АҚШ қаржы министрінің көмекшісі Элизабет Розенберг.
Сарапшылар қақтығыс аяқталған соң, қаржылық құрылымды анық әрі шынайы ету жүйесін құру ең маңызды жұмыс болатынын айтуда. Әлемдік қорлар мен ұйымдардың Газаға бөлген көмекгі босқындар мен тұрғындарға жетпей, ХАМАС сынды ұйымдардың қолында кетуі, аймақтағы жағдайды тіпті ушықтырады деген ойда. Bild өз зерттеуін: «Осы уақытқа дейін берілген көмектің басым бөлігін ХАМАС жерасты туннельдерін салу, қару иемдену, сырттағы ХАМАС басшыларын қаржыландыруға жұмсап келген. Сол себепті де ХАМАС басшылары бай, ал Газа тұрғындары кедей», - деп қорытындылайды. ХАМАС басшылары бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Mezgil.kz