Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мұқтаж емес екені және оның керегі жоқ екені бұған дейін талай мәрте айтылып, жазылып келеді. Қала берді, бірнеше рет ҰҚШҰ-ға қарсы петиция жарияланған.
Қазір бұл ұйымды Иманғали Тасмағамбетов басқарады. Бірақ қазақтың басқаратыны қазақтың ұлттық мүдделерінің басты назарда тұратынын білдірмесе керек. Бұған қоса, аталмыш ұйымның кетеуі кетіп, әлемнің іргелі мемлекеттері алдында онсыз да аз абыройынан айырылып бара жатқанын айта кеткен жөн.
ҰҚШҰ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының әскери-саяси ұйымы ретінде 1992 жылдың 15 мамырында Ташкент қаласында құрылған. Оған бастапқы кезінде Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдері мүше болған. Бұл қатарға кейін Әзірбайжан, Беларусь және Грузия қосылды. Бірақ 1999 жылы Әзірбайжан мен Грузия және Өзбекстан келісімді ұзартпады, яғни ұжымнан шықты.
Кейінгі айларда ҰҚШҰ-ның түбі тарап тынатыны болжаулы. Оған ұйым ұйыса қалған жерде Армения премьер-министрі Никол Пашинянның бой көрсетпеуі себеп болып отыр. Пашинян қараша айының 23-і күні Минск қаласында өтетін ҰҚШҰ-ның кезекті саммитіне бармауға тағы бекініп отыр. Ұйым басындағылар мұны жылы жапқысы келгенімен, мұны олардың соңғы тұяқ серпулерінің бірі деп қарастыруға негіз де жоқ емес.
Демек, күннен-күнге өрісі тарылып жатқан ұйымның құлайтын күні де алыс емес. Ойландыратыны, ҰҚШҰ-ны ыдыратуды кім бастап береді: Пашинян ба, басқасы ма?
Mezgil.kz