Cарапшылар: Ресей НАТО-мен соғысуға 3 млн әскер жасақтайды

Ресейдің Украинаға ашық агрессиясы және өзге елдің жерін күшпен тартып алуы, әлем елдерінде жапппай милитаристік саясатты күшейтті. Мәскеудің «НАТО-ны шығысқа жылжытпау» саясаты іске аспады. Ресей Финляндияның НАТО-ға мүше болғанын көрді. Ендігі таңда сарапшылар НАТО мен Ресей тікелей қақтығысқа келуі мүмкін бе деген сұрақты талқылауда.


Вторжения, отравления, агрессия: В НАТО рассказали о возобновлении  соперничества с Россией

 

Берлиндегі «Германия сыртқы саясаты және қауіпсіздік пен қорғанысы» орталығының сарапшылары Кристиан Мёллинг пен Торбен Шютц НАТО-ның соңғы жылдардағы саясатына қатысты сараптама жасады. Олар НАТО елдерінде Ресейге соғыс ашу жоспары жоқ деп санайды, алайда Ресей НАТО-ның қандай да бір аймағында әскери жетістікке жету мүмкіндігін көрсе, қарулы қақтығысқа түсу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Кремль Балтық елдерін оккупациялауды шынайы сценарий ретінде қарастыруы мүмкін деген болжам жасалуда. Сарапшылар жасаған баяндама «Келесі соғысты болдырмау жолдары» деп аталады.  

 

Неміс сарапшылары соғысқа дайындалудың бес стратегиясын атап өтті.  

 

Біріншісі, алдағы екі жылда барлық НАТО елдері қорғаныс пен қауіпсіздік саласына инвестицияны еселеп салып, әскери бюджетті арттыру керектігін айтуда. Украинадағы соғыс НАТО-ға мүше кей ел үкіметтері қорғаныс саласына қатысты шешімді тым баяу қабылдайтынын көрсетті. Сол себепті шешім қабылдау әрекетін өзгертіп, өндірісті әскери салаға бағыттауға арналған жоспар болуы шарт дейді.

 

Екіншісі, Ресейдің алдын орап, қорғаныс саласында айтарлықтай жоғары нәтиже көрсету. Бұл жаппай артиллериялық снаряд өндіру, әскери қоймаларды зымырандар мен бронды техникаларға толтыру сынды әрекеттерді қажет етеді. «НАТО мемлекеттері Ресеймен қақтығысқа дайын екенін Мәскеу нақты сигналдармен түсінуі тиіс» дейді баяндама авторлары.

 

Үшіншісі, Ресейдің шабуыл жасауға дайындығын ескере отырып, НАТО-ның өзі де бірінші соққы жасау сценарийін жасау. Бұл жаппай мобилизацияны және кәсіби әскерді қажет етеді. Триада жүйесі бойынша – әуе, теңіз, құрлықта соққы беру жоспарларын жасау қажеттігін айтуда. Ресейдің қашан шабуыл жасауына қатысты үнемі сараптама жасалып, төнуі ықтимал қауіпті төмен, орташа, жоғары деңгейінде есептеп отыру ұсынылуда.

 

Төртіншісі, Ресейдің соғысқа дайындығын көрген сәтте ғана қимылдау үлкен қателік деп атады сарапшылар. Мысалы, 2014 жылы Ресей Қырымды оккупациялап алған сәтте, Батыс елдері Мәскеудің 2022 жылы бастаған ауқымды соғысы болады деп еш болжамаған. Ал Кремль соғысқа 8 жыл дайындық жасап, әскер, техника, оқ-дәрі қорын жинақтап, шабуылды бастады. «Дәл осындай қателікті жібермеу үшін дайындық бейбіт күннің өзінде басталуы тиіс және оны қоғамға түсіндіру маңызды, себебі әр қаржыға халық алдында есеп береміз» дейді баяндама авторлары. Олар жалпы НАТО елдерінде соғысқа қатысты көзқарас толық өзгеріп, қоғам «бейбітшілік үшін соғысқа дайын болу керек» сөзін тікелей мағынада түсінуі қажет деп санайды.

 

Бесіншісі, жаппай реформа жүргізу. Соғысқа дайын емес Батыс – Ресей үшін бірінші соққы жасау нысанына айналуы мүмкін. Қазіргі сәтте Ресеймен қақтығысу қаупі екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең жоғары деңгейге жетті деп топшылайды.

 

Мёллинг пен Шютц Ресей мен Украина қақтығысы дәл қазір аяқталса, Ресей келесі ауқымды соғысқа 6-10 жыл ішінде дайындалып үлгермек деген ойда. Сарапшылар Украина әскеріне қолдауды тоқтатпау, Ресейдің әскери саласына жасалған ауыр соққыларды арттырып, Кремльдің жаңа соғыс бастау қабілетін төмендете беретінін айтуда.

 

Баяндама авторлары келесідей болжам айтуда. Ресей бейбіт күнде жылына орта есеппен 280 мың адамды мобилизациялап, соғысқа дайындау қабілетіне ие. Алты жылда бұл 1,7 млн адам, ал он жылда 2,8 млн адам дегенді білдіреді. Украина соғысына қатысқан әскерді есепке алсақ, әскери тәжірибесі бар сарбаздар саны айтарлықтай жоғары болмақ. «Сәйкесінше Ресей алдағы он жыл ішінде НАТО-мен соғысуға қабілетті 3 млнға жуық әскер жасақтай алады» дейді баяндаманы әзірлеген сарапшылар. Осы ретте НАТО-ға Ресейдің әскеріне сан жағынан тең келетін, қару сапасы мен санынан еселеп артық тұратын әскерді жасақтау аса өзекті дейді.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар