«SCMP» басылымы: «АҚШ пен Еуропа пайдалы қазбаларға бай Орталық Азияны бауырына басуға шындап кіріскен сыңайлы», - деп жазады. Батыстың бұл аймақты өз бауырына басуға тырысушылық әрекеті Ресей мен Қытайды әбден әбігерге түсіруі ықтимал. Сондықтан олар өздері билеп-төсеп қалған аймақтан оңайшылықпен бас тартпастары да айқын.
АҚШ пен Еуропа Орталық Азияға ықпалын арттыруы үшін қос ел Ресей мен Қытайдың сағын сындыруға тиіс. Ол үшін саяси соғыста Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасының күлі көкке ұшуға тиіс. Осы бағыттағы алғашқы қадам БҰҰ Бас Ассамблеясында C5 тобының мүшелері болып табылатын Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан басшыларымен АҚШ президенті Джо Байденнің кездесуі.
Осы кездесу барысында жаңа сауда дәлізін ашу мен энергоресурстарды бөлу жайы сөз болып, АҚШ өз тарапынан аймақ инфрақұрылымдарына инвестиция салу көлемін ұлғайтуға уәде берді. Әрі минералдық ресурсдың қауіпсіздігі жайында арнайы сөз болды.
Ең бастысы БҰҰ Жарғысында көрсетілген мемлекеттік тәуелсіздікті сақтауға баса көңіл бөлінді. Бұл мәселе Ресей және ҚХР-мен шектесетін Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстанға қатысты арнайы сөз етілді.
Ең бастысы Иранды, Ресейді және Қытайды айналып өтудің жолы Ауғанстан арқылы Пәкістанға өтетін экономикалық дәліз күн тәртібіне шықты. Иранды да жартылай пайдалану мәселесінің шеті қылтиды.
АҚШ-тың осы жолдағы алғашқы қадамы 2019-2025 жылдарға арналған Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы электр энергиясы тасымалы жобасы. Бұл жоба бойынша ОА Пәкістан мен Ауғанстанға қуат көздерін экспорттауға қол жеткізеді. Бұдан бөлек АҚШ Иранды айналып өтетін ТАПҮ (Түркіменстан, Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан) газ құбыры жобасын қолдап отыр. Пәкістан осы орайда бұрыннан жоспарланған Иран арқылы газ жеткізу райынан АҚШ қысымынан бас тартты.
Еуропа елдері де өз одақтасынан қалыспай, Орталық Азия елдеріне қатысты пікірлері мен ойларын өзгертіп, бұрыннан тықақтап, жұртты әбден мезі еткен демократиялық өзгерістерді бір шетке ысырып қойып, аймақ басшыларымен тіл табысуға тырысып, «Жаһандық қақпа» бастамасы аясында «Орталық дәлізді» кеңейту жөнінде кездесулерін өткізе бастады.
Еуропалықтар АҚШ секілді тек қуат көздері және газ құбырымен шектеліп қалмай, шикізат, ауылшаруашылығы, көлік және кәсіби білім беру салаларына баса ден қойып, ОА-ның ең ірі инвесторына айналып үлгерді. Енді Қытай мен Ресей жағы қандай да бір экономикалық бағытта тіршілік қылса, олармен жарыса ЕО жүретін болды.
АҚШ Қытайдың аптығын басып, ОА ешкімнің жеке қожалығы емес, оған әркімнің де таласы бар екенін ұқтырды. Әрі ОА-ны Ресей мен Қытайға саяси шоқпар етіп пайдалануға бермейтіндігін ашық танытты.
Енді осы C5 тобымен әріптестік орнатуға Жапония да құлықтылық танытуда. Жапония премьер-министрі Фумио Кисида: «Орталық Азия елдері аса үлкен геосаяси маңыздылыққа ие болуда. Токио үшін ОА мемлекеттерімен тығыз байланыс орнату күн тәртібіндегі басты міндеттің бірі», - дейді.
С5+1 форматына жақында жапондар да қосылатын сияқты. Мұның ар жағында көп нәрсе жатыр. Оңтүстік Корей де, Үндістан да осы форматқа қосылатын болса, Қытайдың араны мен аптығы басылды дей беріңіз.
Mezgil.kz