Вудро Вильсон орталығының сарапшылары Орталық Азия мен Ресейдің арасындағы қатынасқа қатысты сараптамалық пікір білдірді. Олар Орталық Азия елдері Ресейден алшақтап жатқанын айтуда.
Сарапшылар 21 қараша күні Вудро Вильсон сараптамалық орталығында бас қосып, «Ресейдің Орталық Азияда ықпалы азаюда ма?» деген сұрақ аясында дискуссия жасаған.
Техас университетінің профессоры, сарапшы Эдворд Лемон: «Сарапшылар ұзақ уақыт бойы Орталық Азияны Ресейдің ықпалындағы аймақ ретінде қарастырып келді. Ресейдің әскери базалары Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстанда тұр. Соңғы отыз жыл ішінде аймаққа кіргізілген, сатылған қарудың үштен екі бөлігі Ресейге тиесілі. Ал Қырғызстан мен Тәжікстан қаруының 90 пайызы ресейлік, бұл әрине аталмыш екі елді Ресей қаруына, әскери саласына тәуелді етеді. Аймақтағы арнайы қызметтің барлығы дерлік КГБ шекпенінен шыққан. Сол себепті де құпия ақпаратты алмасуда ресейлік арнайы қызметпен байланыс аса жоғары деңгейде қалуда. Алайда Ресейдің Украинаға соғысы бірқатар өзгеріс жасауда. Кремльдің Орталық Азиядағы ықпалына кері әсер етуде. Ресей әлі де аймақтағы басты ойыншы болып қалуда, әсіресе қорғаныс саласында. Дегенмен оның үлесі азайып келеді. Қорғаныс саласында Ресейді үстем ететін ҰҚШҰ ұйымы да әлсіреуде. Қырғызстан-Тәжікстан қақтығыстары, Армения мен Әзербайжан соғысы, Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясын тек Беларусьтің қолдауы соның көрінісі. Армения қазір ҰҚШҰ-да тек құжат жүзінде қалғандай әсер қалдыруда. Қазір Орталық Азия елдері ҰҚШҰ-ны сенімді ұйым деп қарастырмай, балама іздеп жүргендей», - дейді.
Берлиндегі Карнеги орталығының сарапшысы Темур Умаров: «Орталық Азия елдері бүгінде біреудің ықпалынан құтылуды қалайды, алайда екінші біреудің ықпалына ауысуды көздемейді. Сол себепті де олар қазіргі уақытта сыртқы байланысты әртараптандыруды іске асыруда. ОА елдері үшін бүгінде барлық ел маңыздылыққа ие. Әлбетте, Орталық Азияда Ресейдің мүддесі, Орталық Азияның Ресейде мүддесі болған, бола да береді. Экономика саласында Қытаймен, инвестиция саласында Еуропа және АҚШ-пен, қорғаныс саласында Ресей және Түркиямен ықпалдастық жасауда. Орталық Азия елдері қандай да бір ел кеңестік кезеңдегідей толық үстемдік орнатқанын қаламайды», - дейді.
Сарапшының ойынша Путин Орталық Азияның дамуы тоқтап қалғанын қалайды. «Путин Орталық Азия елдері даму тұрғысынан тоқтап қалғанын қалайды дей аламын. Неге? Себебі ОА халқы Ресейді әлі де үлгі тұтатын «ұлы империя» санасын деп ойлайды. Сол себепті де ОА елдері Батыспен байланыс жасаса, өз тарихын зерттесе немесе әліпбиін реформаласа, экономикалық нәтиже көрсете бастаса, Кремльдің шекесі тырыса қалады. Бұл жай ғана қызғаныш, одан үлкені идеология ғой», - дейді Умаров.
Джорджтаун университетінің халықаралық қатынастар бойынша профессоры, сарапшы Тереза Сабонис-Хелф: «Қырғызстан еңбек мигранттарынң қаржылық аударымына тәуелді. Ал олардың басым бөлігі Ресейге барып жұмыс істейді. Бұл кей ақпарат қырғыз ЖІӨ-сінің 31 пайызын құрайды. Тәжікстанда тіпті ол 51 пайызға жеткен сәттер бар. Өзбекстанда USAID еңбек мигранттарын өзге елдерге бағыттауға қатысты екі кеңестік орталық ашты, алайда ол да әлі айтарлықтай нәтиже көрсетпеді. Өзбекстан мигранттарды Ұлыбритания мен Түркияға бағыттағысы келеді, Қырғызстан мен Тәжікстан Оңтүстік Кореямен келісім жасасты. Алайда бұл бағыттың бірде біреуі әзірге еңбек нарығында Ресейді алмастыра алмауда. Өйткені тілдік кедергі бар, мамандық пен кәсібилік мәселесі бар дегендей. Сондықтан да бұл бағытта әлі өзгеріс бола қоймас, сәйкесінше Ресейдің ықпалы да осы елдерді жоғары болады», - дейді ол.
Тереза Сабонис-Хелф Ресейдің өзі де еңбек мигранттарына тәуелді деп санайды. «Соғыс басталған сәттен бастап еңбек мигранттары Ресейге аз баратын болған және басқа бағыттарды іздеуде. Себебі мобилизация бар, Ресей экономикасының нашарлауы бар. Ал мигранттар аз болса, онда Ресейдің құрылыс, қызмет көрсету, жол салу салалары тоқтап қалуы ғажап емес. Кей тұста солай болуда. Бір сөзбен айтқанда Орталық Азия Ресейсіз күн кеше алады, балама да табылады. Ал Ресей Орталық Азиясыз өмір сүре алмайды», - дейді сарапшы.
Mezgil.kz