Депутат: Қазақ өзінің еларалық келісімдерін неге Ресей тілінде жасауы керек?

Қазір «ерінбегінің бәрі етікші болады» деген мақалды керісінше мағынасында қолданар болсақ, «Халықаралық келісімдердің бәрі орыс тілінде болады» деген бетпақтыққа жолығамыз.

a84b989b-98b8-43bd-8a14-9f4e3c6a39dd-960x500.jpeg

Сондағы сылтау – БҰҰ-ның ресми 6 тілінің бірі болғандығынан және Ата Заңымызда «Мемлекеттік тіл» деп танылған қазақ тілі БҰҰ-ның «ресми тіліне» жол босата салады. Бұған депутаттар көндігіп алған, «неге қазақша емес» деген жан жынды баладай көрінеді. Президент сайлауына түсетін жан қазақ тілінен емтихан тапсырғаны сияқты. Мемлекеттік қызметке кірмекші болғандар да, депутаттыққа үміті барлар да, Президент сайлауына түсетіндер сияқты емтихан тапсыруға тиіс дейтін арнай Заң керек. Қазіргі тест тапсыру көз бояу. Қазақша сөйлеп жаза білетінін дәлелдеген жан аты берілген ұлттың тілін білуге тиіс!

Қазақ тілін білгізу көкпарға айналды. Жақындағы тіл саясаты соның көрінісі. Қазақша білетіндер 84 пайыз болады деген сөз. Сол жылы қазақтың саны 84 пайыз болады деген сөз. Ал мемлекеттік қызметкерлердің тілді білетіндері 50 пайыз болады деген мәймөңке сөздің астарында қазақ тілділер мен орыс тілділердің қызметке алынуының аяр саясаты жатыр.

Осы мәселелер шешілмей түк өнбейтіндігін мына жағдайдан аңғарамыз.

ҚР Парламенті Мәжілісі жалпы отырысында бірқатар маңызды мәселелермен қатар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты іске асыру туралы арнайы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қаралды. Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Майданұлы Сәтқалиев баяндама жасады.

Мәжіліс депутаты, «Ақ жолдық» депутат Қазыбек Иса ағамыз парламент мінберінен екі елдің арасындағы келісім-шарт туралы өткір сұрақ қойды:

«Мен ең алдымен Энергетика министрі Алмасадам Майданұлына баяндамасын қазақша, яғни мемлекеттік тілде жасағаны үшін рахмет айтамын. Жаңа мұның алдында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев та шамасы келгенше қазақша баяндама жасап, қазақ тілінде жауап беруге тырысты.

Осылай біздің министрлер бірте-бірте өз мемлекетінің тілін үйреніп алады деп үміттеніп отырмыз. Қазақ министрі қазақша сөйлесе қуанатын жағдайға жеттік, отыз жылда?!

Менің сұрағым: Қазақстан мен Франция арасындағы келісім-шарт былтыр 2022 жылы 30 қарашада Франция астанасы Парижде жасалыпты.

Келісім жасап отырған екі мемлекет Қазақстан мен Франция! Ал келісім шарт неге үш мемлекеттің тілінде қазақ, француз және орыс тілінде жасалған?

Келісім жасап отырған екі мемлекет қой - Қазақстан мен Франция! Бұл жерге үшінші мемлекет Ресейдің тілінің не қажеті бар?

Францияға Ресей тілінің түкке қажеті жоқ! Сонда орыс тіліндегі келісім-шарт біздің, Қазақстанның өзінің мемлекеттік тілін білмейтін Үкімет үшін жасалған ба? Қашанға дейін келісім-шарттарды орыс тілінде ғана түсініп жүрмекшісіздер? Кеше де Сингапурмен келісім-шартта да орыс тілі жүр...

Тәуелсіздік алғанымызға 32 жыл болды ғой, орыс тілін қосу қашанғы жалғасады, тоқтататын уақыт жеткен жоқ па?!», - деді.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар