ЕО-ның санкциялар бойынша арнайы өкілі Дэвид О’Салливан 28-30 қараша аралығында Ташкент пен Астанаға арнайы сапармен келмек. Бұл ЕО арнайы өкілінің Орталық Азияға 2023 жылы жасайтын үшінші сапары. Сапардың мақсаты ОА елдерінің басшыларымен Ресейге қарсы салынған санкцияны талқылау, оны айналып өту механизмдерін жою болып саналады.
ЕО Ресейге санкция салуды бастаған сәтте, Ресей тарапынан санкцияны бұзудың сан түрлі механизмдері барын ескеріп, санкцияны бақылауға арналған арнайы өкіл тағайындаған болатын. Аталмыш өкіл ретінде Дэвид О’Салливан тағайындалды. Ол наурыз айында Қырғызстанда болса, сәуірде Қазақстан мен Өзбекстанға келді. Арнайы өкіл көктемгі сапарында ОА елдерінің соңғы екі жылдағы сырттан тауар алу көлемі күдікті түрде еселеп артқанын айтып, «аймақ ресейлік санкцияны айналып өту жолына айналмауы тиіс» деген-ді.
Сарапшылар О’Салливан тек қана санкция мәселесін емес, сонымен бірге Путиннің аймақтағы саясатын да жабық есік артында талқылайды деген ойда. Қазақстан мен Өзбекстанның бірнеше компаниясы Ресейге салынған санкцияны бұзғаны үшін жанама санкцияға ілікті. Сөзсіз бұл Батыс елдерін алаңдататын мәселенің бірі.
Қазақстан президенті Тоқаев Берлин сапарында Қазақстан өз аумағы арқылы Ресейге салынған санкцияның бұзылуы жол бермейтінін айтты, алайда Астана санкцияларға қосылуға ниетті емес. ЕО өкілі көктемгі сапарында Қазақстанның бұл позициясын «түсінеміз және қабылдаймыз» деген болатын.
Қазақстан Ресейге салынған санкцияның бұзылуын тоқтату үшін тауар айналымын электронды бақылау енгізді. Ал Өзбекстан Орталық банкі қаржылық операцияларды бақылауға еуропалық және АҚШ-тың ұйымдарымен бірлесе жұмыс істеуде. Дегенмен санкцияны бұзу көріністері жекелеген компаниялар тарапынан байқалуда.
Сарапшылар Ресей мен Украина арасындағы соғыс Орталық Азия елдеріне көп экономикалық шығын әкелуде дейді. Қытай мен Еуропа арасындағы тауар тасымалдау жолдарының бірқатары соғысқа байланысты тоқтап тұр, сәйкесінше аймаққа түсетін салықтық түсім де азайған. Ресей мен Беларусь шекарасы Еуропа үшін 90 пайызға жабылды, бұл Ресей арқылы тауар таситын ОА елдері үшін де қиындық туындатуда. Сарапшылар аталған факторды қаперге ала отырып, ЕО арнайы өкілі Орталық Азияны санкцияны бұзбауға шақырумен қатар, өзіндік жобалар да ұсынуы ықтимал деген ойда.
Mezgil.kz