Қытай билігі дін және сөз бостандығымен күресті жалғастыруда. Аталмыш күресті Бейжің «терроризмге қарсы күрес және ел арасына іріткі салудың алдын-алу әрекеттері» деп бүркемелейді. Соңғы бес жылда Қытайда мыңдаған діни мекемелердің сыртқы және ішкі келбеті толық өзгертілген. Оның ішінде мешіттер мен шіркеулер көп.
The Financial Times зерттеу жүргізіп, Қытайдың түрлі аймақтарындағы діни ғимараттардың соңғы жылдары өзгертілгенін спутник суреттері арқылы дәлелдеді. Соңғы бес жылда 1714 діни нысан өзгертілген және сүрілген.
Ресми билік бұл өзгертулерді «Қытай мәдениетіне ұқсас етіп, гармонизация және модернизация жасалуда» деп атайды. Ғимараттардың сыртқы және ішкі келбетін өзгерту жұмыстары негізінен бір дінді ұстануда басымдығы бар аймақтарда іске асуда. Оның ішінде Шығыс Түркістан мен Нинся аймақтары бар. Нинся аймағындағы мешіттердің 90 пайызының сыртқы келбеті өзгертілген.
Қытайдың солтүстік-батысындағы Ганьсу аймағында бұл көрсеткіш 80 пайыздан асады. Human Rights Watch зерттеулері бұл ақпараттарды растай отырып, Қытай билігінің әрекеті БҰҰ-ның адам құқықтарының декларациясына сай келмейтіндігін айтуда. Ұйым Қытайда 20 млннан астам мұсылман барын дерекке келтірген, алайда өзге ақпарат көздері бұл мәліметті жоққа шығарып, Қытайда бейресми 45-48 млнға жуық мұсылман бар дейді.
Шыңжаңдағы ұйғыр ұлтына және аталмыш аймақтағы өзге ұлттарға, оның ішінде қазақ пен қырғызға жасалған қысымды зерттеген қытайтанушы Джеймс Лейболд «әлем Қытайдың Шығыс Түркістанындағы қысымды ғана біледі, ал өзге аймақтар жайлы мүлде аз айтылуда» дейді. Ол Ислам дінін ұстанушы хуэй этникалық тобына өзге мұсылмандарға қарағанда көбірек діни бостандық берілгенін айтты. «Хуэйлер Қытай билігі үшін лоялды саналады және олар Қытайдың көптеген аймақтарында тұрады» дейді ол.
Бейжің ұзақ уақыт бойы Шыңжаңдағы Ислам дінін ұстанушы ұлттарға қысымның барын мойындамай келген еді. Алайда кейін оны мойындап, «терроризм мен сепаратизмге қарсы күрес» деп атап, «оқыту лагерьлерін аштық» деп жариялады.
Қытай діни ғимараттардың негізгі нышаны болып саналатын белгілерді алып тастауды жалғастыруда. Мешіттерден ай мен күмбездер алынса, шіркеулерден кресттер алынып тасталуда. «Қытай мәдениетіне сай емес деп танылған белгілерді алып тастау жалғаса береді және Қытайға қысым көрсетер күш әзірге жоқ. Әлемдік державалар Қытаймен тікелей қақтығысқа түскісі келмейді, ал Бейжің өз саясатын ішкі мәселе деп ақтауда. Ислам дінін ұстанушы мемлекеттер бұл мәселелерді білсе де, білмегенсіп, жақ ашпайды. Себебі Қытаймен тығыз экономикалық байланыстары бар», - дейді Лейболд.
Mezgil.kz