"120 мың төлейміз, 6 ай соғысасың": Ресей әйелдерді соғысқа жіберуде

Украина соғысына енді Ресей әйелдер жасақтарын аттандыруы ықтимал. Ресей атынан соғысып жүрген және атышулы «Вагнердің» орнын басқан «Редут» жеке әскери компаниясы әйелдермен әскери шарт жасауды бастады. Шарт бойынша әйелдерге мерген немесе шабуылдаушы болу ұсынылуда.  


Женщины в Вооруженных силах России: очаровательная армия - РИА Новости,  03.03.2020

 

Ресейлік «Эспаньола» әскери бірлестігі әйелдерге осындай келісім ұсынған. Аталмыш бірлестік «Редут» жеке әскери компаниясымен бірлесе қызмет етеді. Әйелдерге мергендер тобында, шабуылдаушы тобында болу ұсынылған, сонымен бірге әскери медбике, байланыстырушы және дрондарды басқару бөлімшелерінде қызмет ету ұсынылуда.

 

Бұл туралы «Важные истории» арнасы жазды. Арнаның жазуынша келісімшарт жасасып, соғысқа қатысқан әйелдердің саны артқан. Қараша айында «Эспаньола» әскери бірлестігінің «Гроза» лақап атымен белгілі болған әйел сарбаз марапат алған. Ол келісімшарт негізінде қызмет еткен және қарсы барлау операцияларына қатысқан.

 

«Важных истории» тілшілері «Эспаньола» отрядына өтуді қалайтынын айтып, зерттеу жүргізу мақсатында әскери бірлестіктің қызметшілерімен сөйлескен. Тілшілер былай дейді: «Анықталғандай келісімшарт о баста 6 айға жасалады. Оның ішінде 1-2 ай оқыту курстары бар. Алғашқы екі айға 110-120 мың рубль төленеді. Артынша ұрыс аймағындағы қызмет басталады. Ол шамамен 3-4 айды құрайды және төленетін қаржы екі еселенеді». Бұл «Эспаньола» жасағының ақпараты.

 

Келісім бірден «Редут» жеке әскери компаниясымен жасалады. Артынша қай жасаққа мүше болатыны анықталады. «Эспаньола» жасағы о баста әсіреұлтшыл позицияны ұстанатын ресейлік футбол жанкүйерлерінен құрылған ерікті әскери жасақ еді, артынша ол «Редут» құрамына өтіп, соғысқа әйелдерді шақырумен айналысуды бастады. «Редут» жеке әскери компаниясы құрамына кіретін «Борз» әскери жасағы да соғысқа әйелдерді шақырумен анйлысқан.

 

«Русь сидящая» құқық қорғау жобасының негізін қалаушы Ольга Романова ресейлік әскери жасақтар түрмедегі әйелдерді соғысқа үгіттеп жатқанын айтты. Алғаш рет Ресей қорғаныс министрлігі жеке әскери компаниялар арқылы жазасын өтеуші әйелдерді майдан даласына жіберу үшін үгіт-насихат жүргізгені жайлы ақпарат 2023 жылдың көктемінде пайда болды. Үгіт-насихат тек Ресей түрмелерінде ғана емес, оккупациядағы Украина аумағындағы абақтыларда да жүргізілуде.

 

Романованың сөзінше ерлерге қарағанда әйелдердің келісім беріп, соғысқа аттану фактісі жиі кездеседі. «Әйелдер 6 ай майдан даласында болып, рақымшылық алып, бостандыққа шығамын деп ойлайды. Олар әйел азаматын тікелей ұрысқа жібермейді деп санайды, алайда олай емес», - дейді құқық қорғаушы.

 

Бүгінде ресейлік әскери бірлестіктер құрамында қанша әйелдің бары белгісіз. Украина өз тарапынан майдан даласында 50 мыңға жуық әйелдің барын, оның басым бөлігі тылдағы еңбектерді атқарып жатқанын ресми жария еткен еді. Ресей ондай ақпаратты жариялаған емес.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар