Сарапшылар Орталық Азияға төнетін экологиялық, климаттық апаттарды атады. Аймақтағы ең қауіп-қатерге ұрынуы ықтимал сала ауыл шаруашылық саласы саналады. ОА-ның негізгі ЖІӨ-мі 300 млрд долларға жуық болса, соның ішінде ауыл шаруашылығы үлкен рөл ойнайды. Кей ОА елдерінің халқының 50 пайыздан астамы ауылда тұрады және ауыл шаруашылығымен айналысады. «Сол себепті экологиялық, климаттық апаттар ОА халқын қиын жағдайға әкеледі» дейді мамандар. Сонымен ең басты экологиялық-климаттық қауіп-қатерлер қандай?
Біріншісі, Арал апаты. Аралдың құрғап, суының тартылуы әлі күнге дейін аймақтағы ең басты экологиялық мәселе болып қалуда. Су деңгейі әлі де төмендеуде, ал суармалы егін шаруашылығы жағдайды тіпті ушықтырып отыр.
Қазіргі сәтте Аралдың құрғап қалған аумағы 38 мың шаршы шақырымды құрап, әлемдегі ауаға тұз таратушы ең қауіпті аймаққа айналды. Жыл сайын Аралдың құрғаған аймағынан ауаға 75 млн тонна құм мен 65 млн тонна тұз қиыршықтары көтеріледі. Бұл желмен мыңдаған шақырымға жетіп, әлем елдерінің халқына, тау мұздықтарына кері әсер етуде. Тәжікстан және Қырғызстан тауларындағы мұздықтардың еруін мамандар Арал апатымен түсіндіреді.
Екінші мәселе, ол аймақтағы су көздерінің азаюы. Бұл алдағы уақытта өткір мәселенің бірі болмақ дейді сарапшылар. Қазірдің өзінде көріністері бар. Ауғанстандағы Көш-Тепа су қоймасының салынуы Әмудария суын 30 пайызға азайтпақ. Бұл ОА елдеріндегі су тапшылығын ұлғайтады деген сөз. Аймақ елдерінің халқының саны артуда, ал ауыл шаруашылығы әлі де болса ежелгі, дәстүрлі әдіспен іске асуда.
Үшінші мәселе, мұздықтардың еруі. Бүгінде жаһандық жылыну мен Арал тұзының атмосфераға көтерілуі мұздықтардың жылдам еруіне әсер етуде. Бұл ауыз суды азайтып, трансшекаралық өзендердің құрғап қалуына себепкер болуда. Дүниежүзілік банк мұздықтардың еруінен туындайтын көшкін, табиғи апаттар аймақ елдерінің 0,4-1,3% ЖІӨ-міне тең деп бағалауда.
Тәжікстанда мұздықтар көлемі 8,5 мың шаршы шақырым болса, Қырғызстанда ол 6,5 мың шаршы шақырымды құрайды. Алайда жыл сайын мұздықтардың 1-1,2% еріп жатыр. Салдарынан су тапшылығы артуда. Мысалы Ыстық көлдің кей жағалауындағы су 10 метрге дейін шегініп кеткен.
Тағы бір үлкен мәселе, аймақтағы құрғақшылықтың жыл санап артуы. 2000-2020 жылдар аралығында ОА елдері құрғақшылықтан зардап шегіп, 2,5 млрд доллар шығынға ұшыраған. Топырақ жабындысының эрозицға ұшырауы да үлкен мәселе болып қалуда.
Аталған мәселелерді жылдам шешу үшін, ОА елдері бірлесе жұмыс істеп, ортақ экологиялық қор құруы тиіс дейді сарапшылар.
Mezgil.kz