Пандемиядан кейін Қытайда қайта маска тағу режимі енгізілді. Өйткені ҚХР-да күн сайын мыңдаған науқас ауруханаға түсуде. Жаңа вирус Қытай халқы мен билігін әбігерге салуда. Қытай басшылығы вирустың тарауын тоқтату мақсатында тіпті бей-берекет жүрген халыққа айыппұл да салуды ұсынуда. Оның құны 500 юань болмақ. Ал жекелеген жағдайда он күнге дейін қамауы мүмкін. Сонымен Қытайда не болып жатыр? Бұл не дүрбелең?
Бірнеше апта бұрын ДДСҰ Қытайда жаңа вирустың балалар арасында қарқынды тарап жатқанын айтып, дабыл қақты. Қытай билігі белгісіз аурудың тарауына қатысты ақпаратты жоққа шығарып, маусымдық суық тию фактілері бар деп ақталуда. Алайда мамандар әлеуметтік желідегі хабарламалар мен видеоларға қарап, Қытай билігінің мәлімдемесіне үлкен күмән келтіруде. Артынша Қытай мамандары ғылымға баяғыдан белгілі, қоздырғышы Мycoplasma pneumoniae болып табылатын өкпе қабыну (демікпе) ауруы бірлі-жарым тарап жатқанын растады.
Бұл тыныс алу жолдарын зақымдайтын, мұрын бітелу, тамақтың ауруы, әлсіздік, бас айналу және іш ауруы белгілері бар дерт болып саналады. Мамандар бұл ауру жұқтырған адамдар бірнеше ай бойы тыныс алуда қиындық көріп, жөтеліп жүретінін айтуда.
Шетел бақылаушылары Қытайда күніне орта есеппен 7 мың адам ауруханаға түсіп жатқанын жазуда. Ел билігі халықты вакцина алуға шақыруды. Бейжің мен Ляонин мектептерінде оқу онлайн жүйеге көшкен және дәстүрлі оқыту формасы қашан қайта жалғасары белгісіз.
Жаңа вирустың белгілері өзге тыныс алу ауруларына ұқсас, алайда бірқатар ерекшелік бар. Мысалы жоғары температура болса да, жөтел болмауы мүмкін. О баста ауру балалар арасында тарады, артынша ересектер де жұқтыра бастаған.
Қазіргі уақытта Қытайдағы ауруға байланысты көршілес мемлекеттер де қам-қарекет жасауда. Мысалы Индонезия мамандары ауруды зерттейтін зертханаларды жаңа болуы ықтимал пандемияға дайындауда. Әлем БАҚ-тары Қытайдағы өкпе қабыну ауруы әлем бойынша тарап кету қаупін жоққа шығармайды. Себебі Қытай билігі ауруға қатысты нақты ақпарат беруден қашқақтауда, ал әлемде пандемиялық шектеулер мен бақылаулар алынып тасталған. Қоғам вирустық аурулардан сақтануды ұмыта бастады дейді мамандар.
Ғалымдар дәл қазіргі өкпе қабыну дерті алғаш рет 1898 жылы сиырлар арасында тарағанын, ал 1944 жылы құстардан да анықталғанын айтуда. Ол сәтте бұл ауру жануарлардан адамдарға жұға бастағаны айтылды. Ұзақ жылдар бойы аталмыш өкпе қабынуы адамдарға жұқса да, ол адам денсаулығы үшін қауіпсіз деген жаңсақ пікір болды. Дей-тұра бүгінде бұл вирусты жұқтырушылар саны да артқан, көз жұмғандар да жетерлік. Қытай билігі нақты қанша адамға вирус жұққанын, қанша адам көз жұмғанын құпия сақтауда.
Қытайдағы вирус Еуропа елдеріне де жетті. Дания мен Нидерландыда 5-14 жас аралығында вирус жұқтырғандар саны бір аптада 130 баладан 100 мың балаға жеткен. АҚШ билігі болса алдағы Жаңа Жыл мерекесі қарсаңында маска тағуға және қоғамдық орындарға көп бармауға шақырды.
Mezgil.kz