Қазақстан-Ресей-Қытай-АҚШ қарым-қатынасы: Президент ОА-ға талас туралы айтты

Бүгін Egemen Qazaqstan газетінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дихан Қамзабекұлына «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұхбат берді. Осы сұхбатында мемлекет басшысы тарих қойнауына кеткен  2023 жылға қатысты өз ойын ортаға салып, келіп кірген 2024 жылға байланысты өз пікірін білдірді. Біз өз оқырмандарымызды сұхбатта не айтылып не қойғаны жөнінде қысқаша таныстырып өтпекпіз.

1704267206898360.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 қазақ елі қалай шығарып салғанына қатысты өз ойын білдірді:

«...Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланды. Алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайладық. Ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жалғасты. Былтыр 700-ге жуық ауыл әкімі сайланды. Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер біртіндеп шешіле бастады. Еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде, «жайлы мектептер» бой көтеруде. Ауылдарда денсаулық сақтау нысандары салынып жатыр. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға кешенді түрде қолдау көрсету үшін Әлеуметтік кодекс қабылданды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы төлемақы енгізілді. Табиғатты қорғауға жауапты мекемелердің қызметкерлеріне олардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерге қатысты үстемеақы төленетін болды. Медицина қызметкерлерінің, мектепте, колледжде және балабақшада жұмыс істейтін педагогтердің жалақысы өсті. Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енді. Негізгі экономикалық көрсеткіштерді, оның ішінде инфляция деңгейін ескере отырып ең төменгі жалақыны анықтайтын әдістеме қабылданды», - деді.

2024 жылдан не күтетінін және еліміздің алдында қандай міндеттер тұрғандығына қатысты өз пайымдауын жасады. Енді Мемлекет басшысының пайымдауларына қысқаша өтпекпіз.

«...Біз ұлт мүддесін ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы саясатты жалғастырамыз. 2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтеді. Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу де еліміз үшін айтулы оқиға болмақ. Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріптеу жағынан да, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз.

Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді. Биыл әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады. Сонымен қатар тарихшылардың пайымдауынша, Жошы ұлысының іргесі қаланғанына – 800 жыл. Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынады. Биыл Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмыстарын да аяқтаймыз. Бұл – өзімізден 200-ден астам, шетелден 60-қа жуық маман жұмылдырылып, тыңғылықты жасалып жатқан үлкен шаруа.

Осындай маңызды оқиғалардан бөлек, күнделікті атқарылуға тиіс жұмыстар да аз емес. Бұл жылдың ел тарихында қандай орын алатыны барша азаматымыздың ерік-жігеріне де байланысты. Мен жаңажылдық құттықтауымда биыл бәріміз тұтас ұлттың өсіп-өркендеуіне куә болатынымызды айттым. Бірақ осы мақсатқа жету үшін біз бір ел болып, білек сыбана жұмыс істеуіміз керек», - деді.

1704266721281110.jpg

ҚАСІРЕТТІ «ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ» ТУРАЛЫ НЕ ДЕДІ?

«Қасіретті Қаңтар оқиғасына» Президент: «Мен бұл туралы көп ойландым, әлі де жиі ойланамын. Меніңше, қасіретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Бұл – айтпаса да түсінікті жайт», - деп баға берді.

1704266806347481.jpeg

ҚОС БИЛІК ЖАСАҒЫСЫ КЕЛГЕНДЕР КІМДЕР?

«Дәл осы жағдай Қаңтар дағдарысына әкеп соқтырған алғышарттың бірі болды. Өйткені ымыраласқан қаскөйлер өздері ойлап тапқан қосарланған билік, яғни «тандем» идеясын дәріптеп, оны өз мүддесіне пайдаланғысы келді. Кейбір лауазымды тұлғалардың, оның ішінде бұрынғы Әділет министрінің мәртебе жағынан Елбасы Президенттен жоғары тұратынын айтқаны естеріңізде шығар. Кейбір шенеуніктер біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрді. Олар ойнақтап жүріп, ақыры от басты. Мен кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-талқанын шығара жаздағанын ашық айттым.

Қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын. «Кеттің бе – қайырылма!» Болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматтар осы жағдайдан сабақ алып, мұндай нәрседен қашық болуға және тек қана мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауға тиіс», - деп жауап қатты.

Мемлекет басшысының Қаңтар оқиғасынан кейінгі қолға алған түбегейлі саяси реформалары турасында:

«...Қаңтар оқиғасынан кейін бәзбіреулер «енді билік қылбұрауды қатайтып, режімді сақтап қалу үшін барын салады» деп қауіптенді. Бірақ біз керісінше жасадық. Күрделі болса да, дұрыс жолды таңдадық.

Саяси жаңғыру үдерісі 2022 жылы тың қарқынмен жалғасты. Реформаның басты міндетінің бірі барынша әділ әрі теңгерімді саяси жүйе құру болды. Оған қоса, ат басын артқа бұру, яғни саяси өзгерістерді кері қайтару мүмкін болмайтындай, сонымен бірге реформалар қоғамдық өмірдегі қалыпты құбылысқа айналатындай ахуал қалыптастыру маңызды еді. Сол үшін конституциялық реформа аясында кертартпалыққа бірқатар тосқауыл қойылды», - деп нақты жауап берді мемлекет басшысы.

Батыс үнемі сөз ететін Қазақстандағы саяси тұтқындар мәселесі төңірегіндегі сауалға қатысты президент:

«Саяси қудалау бар деп айту үшін цензура, арнаулы заңдар мен жазалаушы органдар болуы керек. Қазіргі Қазақстанда мұның ешқайсысы жоқ. Біздің заңнамамызда азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бірде-бір жарлық, бірде-бір заң, бірде-бір нормативтік құжат жоқ», -деп қысқа қайырды.

2026 ЖЫЛҒЫ САЙЛАУҒА ҚАТЫСТЫ:

«Ақыры осы тақырып қозғалған екен, бұған қатысты кейбір жайтқа кеңірек тоқталып, мән-жайын аша кетейін. Мен жетіжылдық бір ғана мерзім туралы идеяны осыдан 15 жыл бұрын жабық пікірталастарда айтып жүрдім. Сол кезде ұсыныс аса қолдау таба қоймады. Өзім Президент болып сайланғаннан кейін, осы бастамамның артықшылығы мен кемшілігін әбден салмақтап, оны қалай жүзеге асыруға болатыны жөнінде көп ойладым.

Суперпрезидентке тән өкілеттіктерді жою үшін 2022 жылы Конституцияға бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді. Мен сол кезде жетіжылдық бір мерзім идеясын қайта ұсындым. Бастамама бүкіл халық қолдау білдірді. Осымен бұл әңгіме тәмам», - деп бірақ кесіп айтып, осы бір шулы тақырыпқа нүкте қоя білді.

1704266958168523.jpg

ҮКІМЕТТЕН СҰРАУ ҚАТАЛ БОЛАДЫ!

Осы сұхбатта сөз болған «Экономика» тақырыбына ойыссақ. «Халықаралық валюта қорының сарапшылары 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Ішкі жалпы өнімі қазіргі бағамен есептегенде 259 миллиард доллардан асады, яғни 2022 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артады деп бағалап отыр. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары ақшалай өсім. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім де өсіп келеді. Бұған қатысты болжамды көрсеткіш былтыр 13 мың долларға жуықтады.

Оның жыл сайынғы өсімі 1,6 мың доллар болады деп бағалануда. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш отыз пайыздан да көбірек артып, 16,8 мың долларға жетеді.»,-дей келе, «Біріншіден, еліміздің өркендеуіне жол ашатын бірқатар нақты міндетті шешу қажет. Сондай міндеттің бірі – ауқымды өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру. Қыркүйектегі Жолдауда Үкіметке мұндай жобаларды анықтау және Инфрақұрылымды дамыту жоспарын әзірлеу туралы тапсырма берілді. Бұл жобалар ірі бизнес өкілдерімен, институционалды инвесторлармен және сарапшылармен бірге пысықталып, нақты жұмыс жасалып жатыр.

Тағы бір маңызды міндет – инвестиция тарту. Бұл міндетті орындауға жекешелендіру және активтерді қайтару науқандары да септігін тигізеді.».

Жұрттты толғандырған ерек мәселе «халықтың қарызға батуы күрделі мәселесі» болып табылатыны жасырын емес, осыған байланысты Мемлекет басшысы қолға алынып жатқан нақты жұмыстардың басын ашып айтты.

«Мен азаматтарымыздың қарызға белшеден батқанына қатты алаңдаймын. Себебі бұл мәселе жұрттың әлеуметтік жағдайына және еліміздегі қаржы жүйесінің тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Мен 2019 жылы Мемлекет басшысы ретінде қол қойған алғашқы құжаттың бірі қиын жағдайға тап болған азаматтардың борышын азайту туралы Жарлық еді. Сол уақытта 500 мың адамның кепілсіз алған несиесі кешірілді. Бұл бірреттік шара болатын. Ал 2023 жылы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енді. Мұның бәрі мәселенің ушығып кетпеуіне ықпал етті. Осы жағдайды түбегейлі өзгерту үшін былтырғы Жолдауымда Үкіметке тың шараларды қолға алуды тапсырдым», - деді.

Қарапайым халық үшін жығылғанға жұдырық болып табылатын «жұмыссыздық пен қымбатшылық» мәселесі де осы сұхбатта ерек сөз болды. «...Сайлауда ең көп дауыс алған «Amanat» партиясы Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсынды. Әрине, партия мұны Президентпен ақылдаса отырып жүзеге асырғанын жасырмаймын. «Amanat» партиясының сайлау алдындағы тұғырнамасының экономикаға қатысты бөлігі қазіргі Үкіметтің бағдарламасы негізінде жасалды», - деді Президент.

1704267004138496.jpg

АЭС ҚҰРЫЛЫСЫ ТУРАЛЫ:

Президент жұртты толғандырған АЭС құрылысына қатысты:

«...Сондықтан бұл бастаманың мән-маңызын ескере отырып, АЭС құрылысына қатысты мәселені жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсындым. Халқымыз үшін аса маңызды осындай шешімдердің референдум арқылы ғана қабылданатыны 2019 жылғы сайлау алдындағы бағдарламамда нақты көрсетілді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Әділетті Қазақстан қағидаттарының іс жүзінде орындалуы дегеніміз – осы.

Болашақта әлі талай қоғамдық талқылау өткізіледі. Азаматтар референдумда дауыс берген кезде АЭС салуды жақтаған немесе қарсы болған сарапшылардың дәйекті пікірлерін барынша таразылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдауға тиіс. АЭС саламыз ба, салмаймыз ба – мұны халық шешеді», - деп өз пікірін ашық білдірді.

1704267099925621.jpg


БАТЫС, РЕСЕЙ МЕН ҚЫТАЙ ТУРАЛЫ:

Осы сұхбатта халықаралық мәселелерде қалыс қалған жоқ. Солар жайында сөз ететін болсақ:

«Бүгінде Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасы достық, тату көршілік және мәңгілік стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып келеді. Біз Төраға Си Цзиньпинмен бірге Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың жаңа «алтын отыз жылдығына» қадам бастық. Мен былтыр Қытайға бір емес, екі мәрте сапармен бардым. Бұл – елдеріміз арасындағы тығыз ықпалдастықтың айқын дәлелі.

Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Екі елдің тауар айналымы 2023 жылдың бастапқы 10 айында 21,4 миллиард доллар болды. Өйтетін жөні де бар, біздің шекарамыз құрлықтағы ең ұзын шекара саналады.

Ғылым-білім және мәдени-гуманитарлық саладағы қарым-қатынасты нығайтуға әрдайым айрықша мән беріледі. Биыл орыстың ұлы ақыны Александр Пушкиннің туғанына 225 жыл толады. Бұл – Ресей ғана емес, Қазақстан үшін де маңызды оқиға. Өйткені Пушкин – хәкім Абай сияқты, қос халықтың достығы мен мәдени байланыстарының басты символының бірі», - деді Мемлекет басшысы.

ҚОҒАМДАҒЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ФАКТІЛЕРІ ТУРАЛЫ:

Осы сұхбаттың соңында қоғамымызда орын алған қос келеңсіздік жеке сөз болды.

Кейінгі кезде қоғамда зорлық-зомбылық пен қатыгездік белең алып бара жатқаны жасырын емес, осы мәселеге қатысты Президент: «Мұндай қылмыстардың алдын алып, жолын кесу үшін менің тапсырмаммен нақты шаралар қабылдануда. Әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілер айналысатын болды. Сондай-ақ ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді», - деп кеісп айтты.

Сұхбат соңында Перзидент бұрынғы президентке қатысты өз пікірін білдірді: «Нұрсұлтан Назарбаев – бірнеше дәуірге куә болған тарихи тұлға. Ол өз мансабын комсомол белсендісі ретінде Хрущев заманында бастап, арада алпыс жылдан астам уақыт өткеннен кейін қызметтен кетті. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуына қосқан үлесін бәрі біледі. Ол – әділ тарихи бағасын алуға лайық адам», - деді.

Қазір әлем жыл сайын емес, күн сайын өзгеріп жатыр. Осы қоғамда Қазақстанның өзіндік алар орны сұхбатта жан-жақты ашылып сөз етілді.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар