Әскери сарапшылар 2024 жылы Қырымға қатысты 4 сценарийдің орын алуы мүмкін екенін айтты. Болжамдар түрлі саяси, әскери және экономикалық тәуекелдерді ескере отырып жасалған. Сонымен болжамдар келесідей.
ДИПЛОМАТИЯ. 2014 жылы Ресей Қырымға кіріп, оны аннексиялады. Украинаның ішкі тартысы және әскери әлеуетінің аздығы Қырымды сақтап қалуға мүмкіндік бермеді. Киев о баста Қырымды дипломатиялық жолмен қайтаруды ойластырды. 2021 жылы «Қырым платформасы» аясындағы жиында Украина мен Батыс елдері Қырымды қайтару тек қана дипломатиялық жолмен іске асады деді және Ресеймен келіссөз форматы ашылуын дұрыс деп санады. Алайда 2022 жылдың 24-ақпаны бұл тұжырымды толықтай жоққа шығарды.
Дей-тұра сарапшылар Украина билігінде және Батыста әлі де дипломатиялық жолды таңдау керек деген ойды ұстанатындар бар екенін айтады. Олар «Қырымды Ресей өзінің аумағы деп жариялап, картасына қосып, Конституциясына жазғандықтан, Қырымға жасалған шабуылдар ядролық соғысқа әкелуі мүмкін және жалғыз жол дипломатия» дегеннен таймауда дейді. Әскери сарапшылардың бірде біреуі Қырымды дипломатиялық жолмен қайтару іске аспайтынына сенімді.
ӘСКЕРИ ЖОЛ. Украина әскері Қырымды азат ету Донбассты азат етуден оңай деп санайды. Бұл көзқарасты НАТО сарапшылары да қолдайды. Қырым қазіргі сәтте әлемдегі ең милитаристік аймақ екеніне қарамастан осал тұстары бар, соның бірі транспорт-логистикалық мүмкіндіктерінің шектеулі негізде болуы.
Украина әскері 2023 жылдың маусымында қарымта шабуылды бастап, сәтсіз аяқталды. Алайда қарымта шабуылдың негізгі мақсаты Украина әскерінің Тоқмақ арқылы Мелитопольге жетуі болатын. Бұл әскери міндетті жүзеге асыру қиын екені көрінді және алға қойған мақсат орындалмады.
Украина әскері күтпеген бағытта жақсы нәтиже көрсетті. Ол оккупациядағы Қырымға теңіз арқылы шабуылды үдетті. Теңіз дрондары Ресейдің Қара теңіз флотын әлсіретті, ал Қырымдағы порттарға теңіз дрондарымен шабуылдар күшейді. Украина әскері Қырым көпірін жойып, Запорож бағытындағы Қырымға апаратын құрлық жолын жапса, Қырымдағы Ресей әскерін әлсірету жоспарын іске асыруға болады деп санайды.
Financial Times-тің жазуынша Украина әскерінің қазіргі жағдайы алаңдатарлық күйде. Бұл Украина әскеріне қажетті снарядтың жетіспеуі және авиация мен Әуе қорғаныс жүйесінің тапшылығымен байланысты. Дегенмен сарапшылар Украинаға F-16 ұшақтары жеткізілген сәтте Киевтің әуе қорғанысы күшейіп, құрлық әскерінің қарсы шабуылды үдету мүмкіндігі артатынын жазды. Бұл Ресейдің Украина аумағын бомбалау мүмкіндігін азайтады. 2024 жылы Украина Қырым бағытындағы шабуылды Батыстық үлгідегі ұшақтар келген сәтте қайта бастайды дейді сарапшылар.
ҚҰРСАУ. Украина әскері 2024 жылы Қырымды құрсауда ұстау жоспарын іске асыруға тырысатынын ел президенті Зеленский де ресми мәлімдеді. The Economist басылымы Қырымды құрсауға алуға болатынын және бұл адам шығынын көп талап етпейтін операциялар арқылы іске асатынын жазды. Қырым көпіріне соққы жасау және Қырымға баратын құрлық жолдары мен көпірлерді, теміржол тораптарын атқылау арқылы түбектегі Ресей әскерінің потенциалын әлсірету мүмкін дейді олар.
Украина Қырымда SCALP/Storm Shadow зымырандарын қолдану арқылы ондаған сәтті операцияларды іске асырды. Қара теңіз флотының штабын жою, бірнеше әскери әуежайға жасалған соққылар, қымбат әскери кемелер мен әуе қорғаныс кешендерін жою міндеттері жүзеге асты. Украина әлі күнге дейін Қырым көпіріне зымыран соққысын жасаған емес. Көпірге соққы жасау үшін Taurus зымырандары қажет дейді әскери сарапшылар. Алайда Германия бұл зымыран түрін Украинаға беру жағдайды шиеленістіреді деп санайды. Егер Берлин Украинаға аталмыш зымыранды беру шешімін қабылдаса, 2024 жылы Киев Қырым көпіріне соққы жасауы мүмкін. Қырым көпіріне осыған дейін жасалған үш шабуыл да көпірдің толық қирауына қол жеткізе алмады.
ӨЗГЕРІССІЗ СОҒЫС. Мамандар 2024 жылы Қырымға қатысты айтарлықтай өзгерістер болмауы да мүмкін деп топшылайды. Бұл Батыстық одақтастардың Украинаға беретін көмегінің аздығына байланысты болуы ықтимал. АҚШ Конгрессі Киевке қажетті қаржыны бөлмесе, Украина әскері Қырымды шабуылдау потенциалы 2023 жылғыдай болмақ.
Mezgil.kz