Ресейге Батыс тарапынан салынған санкциялар ресейлік әуе компанияларына соққы жасауда. Ұшақ бөлшектерін жеткізу мен техникалық қолдау көрсету қиындай түсті. Ресейдің жүк тасымалын іске асыратын компаниялары және азаматтық авиациясы зардап шегуде. Мәскеу әуе компанияларындағы ескі ұшақтардың бөлшектерін алып, сынған ұшақтарды жөндеуге рұқсат етті. Алайда бұл уақытша амал және қажетті бөлшектерді толық алмастыра алмайды.
Ресей өзге мемлекеттер арқылы ұшақ бөлшектерін алуға тырысуда. Көптеген елдер жанама санкцияға ұшырау қаупін ескеріп, Ресейге жеткізуге тыйым салынған бөлшектерді сатудан бас тартуда. Дегенмен Мәскеумен жасырын келісім жасасып, санкцияны бұзған компаниялар да бар.
The Moscow Times Ресейге ұшақтың қосалқы бөлшектерін жеткізуге қатысты өз зерттеуін жариялады. Ресей 2023 жылы 2 млрд долларға ұшақ бөлшектерін алған, оның 1,5 млрд доллары Габонға тиесілі компания арқылы іске асқан. Компания жайлы Ресейдің кеден қызметінде де, Габонның құқықтық базасында да мәлімет жоқ. Соған қарамастан компанияның импорты Габон бюджетінің тең жартысына жуық қаражатты құрайды. Ресейлік компаниялар Африка елдерінен жалған атаумен санкциялық тізімдегі тауарды тасуды жолға қойған.
Зерттеуде ресейлік кеден декларациясында Габоннан 2023 жылы ұшақ бөлшектерін тасымалдаған Ter Assala Parts компаниясы екені жазылған. Компанияға иелік етушілердің бірі Қырғызстан азаматы болып шықты, ал Габондағы компания тіркелген мекен-жайда офис емес, тұрғын үй тұрғаны анықталды.
Экономика ғылымдарының докторы Игорь Липсицтің сөзінше санкцияларды айналып өту үшін Ресей түрлі әрекетке баруда және Африка басшыларымен бейресми келісімдер жасап, мекен-жайы белгісіз компанияларды тіркеп, қажетті тауарды тасымалдауға тырысып жатыр.
«Бұл Габондағы компания уақытша тіркеліп, белгілі бір қызметін атқарған соң жойылуы мүмкін. Менің ойымша құжаттарда бір атпен, ал кедендік декларацияда басқаша атаумен көрсететін бір жүйе бар. Габон билігіндегі бір азамат осы әдісті біліп, оны жасырын ұстауға тырысуда. Ресей билігі де бұл әрекетке толық карт-бланш берген болуы қажет», - дейді Липсиц.
Ter Assala Parts компаниясы жалпы жиынтығы Габон мен Мальдивтен Ресейге 1,48 млрд доллардың қосалқы бөлшегін кіргізген. Зерттеуде Ter Assala Parts компаниясы Ресейге Boeing және Airbus ұшақтарына қажетті бөлшектерді тасығаны белгілі болды. Габоннан Ресей нарығына 15 дана ескі, қолданылған Boeing-737 мен Airbus A320/A321 қозғалтқыштары кіргізілген. Келісім құны 58 млн долларды құраған.
Габоннан Ресейге ұшақ бөлшектерін жеткізу 2023 жылдың тамызында басталды. Бұл 2023 жылғы Габондағы төңкеріспен тұспа-тұс келеді. Билікке әскерилер келді. Төңкерістен кейін Ресей билігі Габон жақындаса түсті. Мәскеу мен Либревиль арасындағы байланыстың артуын сарапшылар «Ресейдің төңкеріске қатысы болуы мүмкіндігімен» түсіндіреді. Габон Ресейге салынған санкцияны айналып өтуге барынша көмектесуде. Ресейдің тыйым салынған мұнай өнімдерін Мәскеу Габон туымен тасымалдап, сатуға тырысуда. Қарымтасына Ресей Габон билігіне қару-жарақ жеткізіп, режимді қолдауға және астық беруге уәде еткен.
АҚШ санкцияны бұзып өтуге атсалысқан компанияларға санкция салып, басшыларын жауапқа тартуға тырысуда. Бұған дейін Ресейге ұшақ бөлшектерін тасымалдаған MIC P&I компаниясының өкілдері Олег Пацуля мен Василий Беседин тұтқындалып, сот шешімін күтуде. Олар ресейлік «Аэрофлот», S7, «Победа», «Уральские авиалинии», Utair және «Россия» әуе компанияларына ұшақ бөлшектерін тасымалдаған болатын.
Mezgil.kz