Су тасқыны: Роман Скляр тағы да сөгіспен құтылып кетпек пе?

«Отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» шенеуінік – Вице-премьер министр Роман Скляр сияқты.

1711971920702919.jpg

Олай дейтініміз орман өртенді – Скляр сөгіс алды, ЖЭО мұз құрсанды, халық үйде суықтан дірдек қақты – Скляр тағы да сөгіспен құтылды. Қуаңшылық болып, мал қырылды – Склярдың мұрты да қисайған жоқ, кезекті сөгісін арқалай салды.

Енді міне, су тасқыны болды. Қазақстанның жартысынан көбі қызыл суман арпалысып жатыр. Мыңдаған адам үй-жайын, мал-жанын тастап, босып шықты. Жан сауғалауға мәжбүр болды. Рөкең тағы сөгіспен құтылып, еңсесін тіктеп отыр. Бұны қазақ «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылады» дейді. Ал, Мемлекет басшысының сөгісін арқалап, елдің алдында қара бет болып, жерге қарағандар арасында:

Серік Шапкенов - Атырау облысының әкімі,

Марат Ахметжанов - Ақмола облысының әкімі,

Марат Сұлтанғазиев- Алматы облысының әкімі,

Асаин Байханов - Павлодар облысының әкімі,

Нұрлан Ұранхаев - Абай облысының әкімі.

Сөгіс пен ескерту естіген әкімдер:

Асхат Шахаров - Ақтөбе облысының әкімі,

Құмар Ақсақалов - Құмар Ақсақалов,

Нариман Төреғалиев - БҚО әкімі.

Сөгіс пен ескерту естіген министрлер:

Роман Скляр - Вице-премьер-министр,

Нұржан Нұржігітов - Су ресурстары және ирригация министрі топ жарып, әлеуметтік желінің карикатуралық персонаждарына айналып, жұрт арасында тарағаныда дәл осы кез.

Көктемгі қызыл су - шетін оқиға десек те, бұл апат - айтып келген апат. Қыстың қары еріп, көктемде тасқын болатыны жылдағы жағдай. Ал өңір басшылары, ондағы жауапты адамдар бұған дым дайын болмай шықты. Салдары орасан зор. Нешеме адам зардап шекті, денсаулықтарына кесел тиді! Нешеме үйді су шайды?..

Үй-жай, мал-мүлкінен айырылған әрбір адам назарсыз қалмауы керек! Көмек көрсетілуі тиіс.

Президент Тоқаев халықтан кешірім сұрап, көмек барлығына көрсетілетінін айтыпты. Бұл дұрыс... Қызыл судан зардап шеккен Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттің қамқорлығын алуы тиіс!

Онан соң өз қызметтеріне жауапсыздық танытқан өңір басшыларына қатаң сөгіс жариялапты. Бұл аз! Сөгістен мәселе шешілмейді! Өңір басшыларына көктемгі тасқынға даярлық жасау керектігі ескертілген, айтылған! Бір емес, бірнеше кезек! Сондықтан, бірсыпыра әкім-қаралар креслоларымен қоштасуы, қоштасып қоймай, қылмыстық жауапқа тартылуы тиіс!

Оны бүгін президент Тоқаев та айтты: «Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс жасамайды. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады. Жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет. Ең басты критерий – мемлекеттік қызметшілердің тиімділігі. Мемлекеттік органдар және әкімдіктер арасында нақты әрі тұрақты байланыс алгоритмі жоқ. Тиісті министрлік еліміздің табиғи апаттарға дайындығын қадағалап отыруы қажет. Бұл – министрліктің негізгі мақсаты. Осы мәселеге баса назар аудару керек. Министрлік гидротехникалық және басқа да маңызды нысандардың жағдайын тексеріп, шынайы мәлімет беріп отыруға тиіс», – деді Президент.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар