Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайтындығын 40 жылға тақау уақытқа созылған Әзербайжан мен Армения арасындағы мемлекеттік жаулықтан аңғарамыз.
Екі жақ өзінше өз ісіміз ақ деп санайды. Ақыры Қапқаздық қос қошқар Алматы қазанында бастарын түйістіріп жатыр. Алматы келісімі екі көрші елді жақындастыра ма, әлде одан ары жауластыра түсе ме оны уақыт көрсетеді.
Бүгін Алматыда Әзербайжан мен Арменияның сыртқы істер министрлері Джейхун Байрамов пен Арарат Мирзоян кездеседі. Бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, сыртқы саясат ведомстволарының басшылары елдер арасындағы бейбіт келісімді дайындау бойынша талқылаулар өткізеді.
(Коллаж: Mezgil.kz)
ТОҚАЕВТЫҢ ҮНДЕУІ: ЕРЕВАН КЕЗДЕСУ АЛДЫНДА НЕ ДЕДІ?
Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: Әзербайжан мен Арменияның СІМ басшылары деңгейінде Алматыда келіссөздер жүргізуге келісімін құптап, бұл кездесуді «символдық мәні бар» деп атады.
10 мамырда Алматыда өтетін Әзербайжан мен Арменияның СІМ басшыларының алдағы кездесуі қарсаңында Армения үкіметі Әзербайжанмен қарым-қатынасты қалыпқа келтіру тұрғысынан айтарлықтай оптимистік мәлімдеме жасады. Атап айтқанда, жақында Армения парламентінің төрағасы Ален Симонян журналистердің: «Тараптардың негізгі келіспеушілігі неде», - деген сұрағына жауап бере отырып, Ереванның Бакумен түбегейлі келіспеушілігі жоқ екенін мәлімдеді.
«Принципті келіспеушіліктер жоқ, біз кезекпен келеміз. Яғни осы тармақтарға қол жеткіземіз, талқылаймыз. Бұл халықаралық қағидаттар негізінде және кезекпен жасалады...», - деді Симонян. Сондай-ақ, Әзербайжан мен Армения арасындағы делимитация процесі өте тез аяқталуы тиіс екенін айтты.
Жақында Армения СІМ басшысы Арарат Мирзоян венгриялық әріптесі Петер Сийяртомен өткен баспасөз конференциясында: «Біз Алматыдағы келіссөздер барысында Әзербайжан мен біздің міндеттемелерімізді талқылауға және оларды жазбаша түрде бекітуге мүмкіндік болады деп сенеміз. Екі тарап та өз міндеттемелерін ұстанатын болады. Ал жұмыс топтары Армения мен Әзербайжан үшін маңызды мәселелерді талқылауды жалғастырады», - деді.
(Сурет: musavat.com)
МИРЗОЯН: АЛДАҒЫ КЕЗДЕСУГЕ ҚАТЫСТЫ ОПТИМИЗМ БАР!
Сонымен қатар, армян министрі алдағы келіссөздердің кейбір тұстарына қатысты: «Ереван Бакумен Алматыда екі елдің аумақтық тұтастығын өзара тану, сондай-ақ, өңірдегі көлік инфрақұрылымы мен сауда бағыттарын ашу мәселесін талқылауға ниетті» екенін хабарлады.
«Біз көлік инфрақұрылымын босатқымыз келеді. Әзірше ортақ келісім жоқ, бірақ ол болса, Арменияның ешқандай шектеусіз жолдар мен сауда бағыттарын ашу ниеті бар», - деп хабарлады армян министрі.
«Мен Арменияның бейбіт күн тәртібіне адалдығын растағым келеді. Біз шын жүректен, сындарлы әрі ізгі ниетпен келіссөздер жүргізіп келеміз және түпкілікті бейбітшілікті орнату шын мәнінде екі елдің, Армения мен Әзербайжанның және екі халықтың мүдделеріне жауап беретініне сенімдіміз. Мен сондай-ақ, алдағы келіссөздерге қатысты абайлап оптимизм білдіргім келеді», - деді Мирзоян.
(Сурет: ccbs.news)
ШЕКАРА БӨЛІС: 4 АУЫЛДЫҢ ТАҒДЫРЫ
Айта кету керек, Армения билігінің оң риторикасы алғаш рет Ереван Әзербайжанға Тавуш ауданының төрт ауылын қайтару мәселесінде келісімге келгеннен кейін пайда болды. Бұл өз кезегінде шекараны демаркациялаудың басталуына өз септігін тигізді.
ЕРЕВАННЫҢ КЕЗЕК-КЕЗЕК ПРОВОКАЦИЯЛАРЫ...
Бұған дейін Ереванның ресми тұлғалары Баку атына үнемі және түрлі деңгейлерде арандатушылық мәлімдемелер айтып келген болатын.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында журналистермен әңгімелескен армян спикері Әзербайжанды «бейбітшілік шартына қол қоюды жасанды түрде созып, армяндарға қатысты өшпенділікті қоздырды» деп айыптаған болатын. Ал Арменияның сыртқы саясат ведомствосының басшысы ағымдағы жылдың ақпан айында БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 55-ші сессиясында сөйлеген сөзінде Әзербайжанды аумақтық наразылықтар үшін айыптады.
Ал енді армян кеудемсоқтығы тәубәсіне келіп, Әзербайжанмен татулық туралы бір ауыздан сөз қозғай бастады. Армения билігінің Әзербайжанмен бейбітшілікке дайындығы туралы мәлімдемесі, сондай-ақ, Әзербайжан аумақтарын Арменияның басып алуы кезеңінде де, ең алдымен, халықаралық қоғамдастықтың назарына есептелгенін ұмытпау керек. Және Ереванның бұл тактикасы бүгін де өзгерген жоқ. Бұл, біріншіден.
(Сурет: armenpress.am)
ПАШИНЯН ҚАРАБАҚТЫ ҚАЙТАРУДЫ ҚИЯЛДАМАЙДЫ...
Екіншіден, өңірдегі күштердің таразы басының Әзербайжан пайдасына өзгерген жағдайы іс жүзінде Арменияның бейбіт күн тәртібіне кедергі келтіруге айтарлықтай мүмкіндік қалдырмады. Мұны Арменияның қазіргі басшылығы да жақсы түсінеді. Сондықтан Никол Пашинянның Баку ұсынған бейбітшілік күн тәртібін ілгерілетуден басқа амалы жоқ. Арменияның бұрынғы билігінен айырмашылығы - армян премьері Қарабақты «қайтару» туралы қиялдамайды және осы «идеяның» келешегі жоқ екенін түсінеді.
Бакумен бейбітшілік Арменияның экономикалық тұрғыдан өз мүддесіне сай келеді. Сауда-экономикалық серпіліс Арменияға қажет, себебі ел Батысқа бет алды және Ресейдің ықпал ету орбитасынан шығуды жоспарлап отыр. Осы кезеңде армян премьері дәл осы факторларды басшылыққа алады. Елдегі армян апостол шіркеуі мен оппозициясы қоздырған наразылықтар, сондай-ақ, төңкеріске дейінгі ішкі саяси күйзелістерге елеулі негіз қалайтын қауіп-қатерлер аясында Никол Пашинян таяудағы баспасөз мәслихатында шекараны демаркациялау мәселесіне нақты екпін қойып, «бұл процестің тоқтатылуы соғысқа әкеледі» деп нақты мәлімдеді.
ПАШИНЯН: АРМЕНИЯ ТАРИХЫНДА АЛҒАШ РЕТ БІЗ ӨЗ ШЕШІМДЕРІМІЗБЕН ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛДІКТЕРІН ЖАСАЙМЫЗ!
«Делимитация үдерісі неғұрлым алға жылжыған сайын соғыстың негізін жоғалтады, логикасын жоғалтады және легитимсіз болады. Армения тарихында алғаш рет біз өзіміздің егеменді шешімдерімізбен, өз қолымызбен қауіпсіздік кепілдіктерін жасаймыз.
Егемендік - бұл сен өз проблемаларыңмен бетпе-бет келіп, егеменді шешімдер таба алатын кезің. Біз соғыс мүмкіндігі бағытындағы процестерді басқарғымыз келмейді. Біз соғыстың мүмкін еместігі бағытындағы процестерді басқарғымыз келеді. Біз делимитация процесін бүгін де тоқтата аламыз. Ал одан кейін не болады? Содан кейін - соғыс болады», - деген армян премьері оппозиция талаптарын орындамайтынын және Әзербайжанмен шекараны делимитациялау процесін тоқтатпайтынын мәлімдеді.
Оған қоса, Армения премьер-министрі Алматыда өтетін екі елдің СІМ басшыларының алдағы кездесуінің қорытындысы бойынша ілгерілеуге үміттенетінін атап өтті. Осылайша, Пашинян мен оның командасының мәлімдемелерінен, қазіргі кезеңде Ереван саясатының басымдығы - Әзербайжанмен татулыққа қол жеткізу екенін аңғаруға болады.
(Сурет: azertag.az)
ӘЛИЕВ НЕ ДЕЙДІ?
Осыған орай, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің биылғы наурызда «Бүлінген әлемді қалпына келтіру» тақырыбындағы XI Жаһандық Баку форумының ашылу рәсімінде айтқан: «Әзербайжан қазір Армениямен бейбітшілікке бұрынғыдан да жақын», - деген мәлімдемелерін еске түсірген орынды.
«Оңтүстік Қапқаз тәуелсіздігінің тарихында бейбітшілік бүгінгідей жақын болған емес. Бұл - Екінші Қарабақ соғысының нәтижесі», - деген еді Әлиев.
(Коллаж: Mezgil.kz)
АЛМАТЫДАҒЫ КЕЗДЕСУ ТАРАПТАРҒА НЕ БЕРЕДІ?
Тараптар Бакудің бейбіт күн тәртібін тағы бір қадам алға жылжыта ала ма? Байрамов пен Мирзоянның келіссөздері оң нәтиже көрсете ала ма? Алматыдағы кездесу сұрақтарға жауап іздейді.
Армения мен Әзербайжанның сыртқы істер министрлері Арарат Мирзоян мен Жейхун Байрамовтың 10 мамырда Қазақстанда кездесетіні хабарланғаннан кейін, екі елде де пікір қаққа жарыла бастады. «Келеседі-келіспейді» деген топтар өзара сөзталас жасап-ақ жатыр. Қақтығысушы тараптың саясаттанушылары бір нәрсеге ғана келіседі. Ол – тараптар келіссөздер үдерісін күтіп отыр. Егер Армения мен Әзербайжан 1991 жылғы «Алматы декларациясын» делимитациялау және келіссөздер жүргізілетін бейбіт шарт жобасында негіз ретінде ала отырып, келісімге келсе, онда екі мемлекет те өз жанжалын түпкілікті реттеуге өте жақын болады деп айтуға болады.
Mezgil.kz