Business Insider басылымының жазуынша Украина әскері майдан даласында түрлі тактиканы қолдануға тырысуда. Қарсыластың Әуе қорғаныс жүйесін әлсірету мақсатында Украина ұшқыштары Вьетнам соғысындағы тактиканы жиі қолданатын болған.
«Жабайы ақкіс» деп аталатын тактика Вьетнам соғысында жиі қолданылды. АҚШ ұшқыштары қарсыластың Әуе қорғаныс жүйесінің орналасқан орнын анықтау үшін, қарсылас радарына түсуді ойластыратын. Артынша радарлардың сигналдарын анықтап, сигнал бөлінген аймақты соққы астына алатын. Украина ұшқыштары дәл осы тактиканы көшіріп, Ресейдің Әуе қорғаныс жүйелеріне соққы жасауда. Украина ұшақтары Ресейдің радарына қасақана түсуде. Артынша радиолокациялық толқынды бөлетін орынды анықтап, AGM-88 (HARM) зымырандарымен соққы жасауда.
«Ұшақтардың радарға түсуі қауіпті, тәуекелге толы тактика. Алайда Әуе қорғаныс жүйесін жоюда тиімділігі жоғары. Бұл боксте қорғанысыңды ашып, қарсыластың соққы жасауына мүмкіндік берумен бірдей. Қарсылас соққы жасаған сәтте, оның ашық қалған тұсынан тарс еткізуге ұқсас әрекет», - дейді әскери сарапшы Брайен Глосс.
АҚШ Украинаға «әуе-жер» типіндегі HARM зымырандарын 2022 жылдың екінші жартысынан бастап жеткізе бастады. Аталмыш зымырандар 150 шақырымға дейін ұша алады. Бұл зымыран түрлері қарсыластың радарын анықтап, соққы жасауға қабілетті. АҚШ әскері HARM зымырандарын Ливия, Ирак, Югославияда кеңінен қолданды және ұрыс барысында тиімділігін дәлелдеді.
Украина тарапы үшін бұл зымырандарды МиГ-20 және Су-27 ұшақтарына бейімдеу қиынға соқты. Батыстық үлгідегі ұшақтарға арналған зымыран түрлерін кеңестік және ресейлік ұшақтарға бейімдеу жұмыстары әлі де жалғасуда. ВВС ақпараттық агенттігінің жазуынша зымырандарды басқару үшін украин ұшқыштары iPad планшеттерін қолдануда. Батыстық ұшақтарда басқару панелі ұшақтың ішінде болса, кеңестік ұшақтарда ол жоқ. Сол себепті де қосымша құрылғыларды қолдануға тура келеді.
Украина тарапы жазда батыстық F-16 ұшақтарын ала бастайды. Ұшақтардың алғашқы легі Дания, Нидерланды, Норвегия, Бельгиядан келе бастамақ. F-16 ұшақтарынан HARM зымырандарын ұшыру оңай және тиімділігі де арта түспек дейді сарапшылар.
Киев GMLRS және ATACMS зымырандарын қолдану арқылы ресейлік Әуе қорғаныс жүйелерін жоюға тырысуда. Украина тарапы HARM зымырандарын Storm Shadow зымырандарымен қосарлап қолдануда. Бұл шабуылдың тиімділігін арттырып, соққыны нәтижелі ете түсуде. Соңғы уақыттағы Қырым бағытындағы шабуылдардың бірқатары дәл осы екі зымыранның тандемі нәтижесінде іске асқан болатын.
Mezgil.kz