Ресей басшысы Владимир Путин мен Қытай төрағасы Си Цзиньпин арасындағы ашық кездесу бітті. Екі ел арасында кәсіпкерлік саласындағы форум, мәдени көрме мен салтанатты шаралар жалғасын табуда. 16 мамырдағы екі ел басшысының бағдарламасында жабық форматтағы кешкі асы болатыны көрсетілген. Ал жұма күні ресейлік делегация Қытайдың Харбин аймағында өтетін ауқымды бизнес форумға қатысады.
Путин мен Си кездесу барысында экономикалық байланысты арттырып, Батыстың гегемониясына қарсы тұратынын тағы бір мәрте қуаттады. Мәскеу мен Бейжің қорғаныс саласындағы әріптестікті де арттыруға ниетті.
Қазіргі таңда Қытай Ресейдің сауда қатынасындағы басты серіктесі саналады. Украинаға соғыс ашқаннан кейін, Ресей Еуропа нарығынан айырылып, негізгі тауары саналатын мұнай мен газын Қытай мен Үндістанға сатуда.
Қытай тарапы Украина соғысына қатысты бейтарап позиция ұстанып келеді. Ресей агрессиясын айыптаудан бас тартуда, сонымен бірге Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын да айтқан болатын. Батыс тарапы Қытайды Ресейге салынған санкцияны айналып өтудің басты елі санайды. Ресей мен Қытай Украина соғысына қатысты келіссөзді қалайтынын айтумен келеді. Бүгінгі кездесуде де бұл мәселе сырт қалмады.
Қытай төрағасы Си: «Қытай мен Ресей Украина дағдарысын саяси жолмен реттеуді дұрыс бағыт деп санайды. Бұл мәселеде Қытайдың позициясы мен ұстанымы белгілі, нақты. БҰҰ-ның ережелері мен жарғысы сақталуы тиіс, барлық мемлекеттердің суверенитеті мен аумақтық тұтастығы құрметтелуі қажет, жаңа нәтижелі, тең балансқа ие қауіпсіздік архитектурасы жасақталуы міндетті»,- дейді. Ресей президенті Украина мәселесіне қатысты нақты мәлімдеме жасаған жоқ. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Песковтың сөзінше Путин мен Си геосаяси мәселелерді жабық форматтағы кешкі аста талқылауы мүмкін.
«Бүгінгі таңда әлемде әлі күнге дейін қырғи-қабақ соғыс кезеңінің менталитеті бар. Біржақты гегемония, ұжымдық конфронтация мен күштік саясат әлемдегі бейбітшілікке қауіп төндіріп, мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатерлі болуда», - дейді Си Цзиньпин. Бұл Қытай басшысының АҚШ билігі мен Еуропаны сөзбен түйреп өткен сәті болатын.
Ресей басшысы Си төрағаның сөзін қолдап, Батысты айыптай сөйледі. Ол БҰҰ-ның жарғысы сақталу керектігін айтты. Алайда Ресейдің өзі БҰҰ жарғысын бұзып, өзге елге агрессия жасағаны жайлы тіс жармады. Бұған дейін БҰҰ Бас Хатшысы бірнеше мәрте Ресейдің әрекетін «БҰҰ принциптерін қатаң бұзу» деп атаған болатын.
Екі ел басшысы мәдени байланыстар жайлы да айтты. Мысалы Қытай басшысы былай дейді: «Пушкин мен Толстойдың туындыларын қарапайым қытай отбасыларына дейін жата-жастана оқиды. Ал қытай асханасы мен Бейжің операсы Ресей халқының арасында кең қолданысқа ие».
Путин Қытай мен Ресей арасындағы мәдениет алмасу жылына орай Ресейдің 38 қаласында, ал Қытайдың 51 қаласында түрлі форматтағы шоулар, ән кештері, кино көрсетілімдер өтетінін айтты. Владимир Путин биыл алғаш рет Ресейде Қытайдың Жаңа жылы аталып өткенін айтып, Ресей халқына ұнағанын жеткізді.
Mezgil.kz