Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымы Африкадағы маймыл шешегінің көбеюіне байланысты дабыл қағып, әлемдік денсаулық сақтау жүйесіне қауіп төнгенін айтты. «Дерттің тарауын тоқтатып, адамдардың өмірін құтқару үшін сөзсіз бізге халықаралық деңгейде бірлесе жұмыс істеу қажет», - дейді ДДСҰ басшысы Тедрос Гебрейесус.
Гебрейесус ДДСҰ қазіргі таңда mpox (маймыл шешектің бірі түрі) дертінің тарауын тоқтату үшін 1,5 млн доллар бөлгенін айтты. Алдағы күндері тағы да қосымша қаражаттар бөлінетін болады. Жалпы індетті жылдам тоқтату үшін кемі 15 млн доллар қажет. ДДСҰ тиісті қаржыны жинау үшін донорларға жүгінбек.
«Мpox штаммының Конго Демократиялық Республикасында жылдам тарауы және көршілес ел аумағында анықталуы алаңдатарлық жайт. Қазіргі сәтте дерт жылдам тарауда және жұқтырушылар саны еселеп арту үстінде. Індеттің тұтас Африка құрлығына, артынша әлемге тарау қаупі бар», - дейді ДДСҰ өзінің ресми мәлімдемесінде.
Конгода маймыл шешектің жаңа типі жақында анықталды. Артынша жаңа штамм Бурунди, Кения, Руанда мен Угандадан табылды. Африкадағы індеттерді бақылау және анықтау орталығы (Africa CDC) аймақта төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болуда.
Маймыл шешегі алғаш рет 1958 жылы анықталды. Содан бері бірнеше қауіпті штаммы пайда болды. Індеттің белгілері ретінде жоғары температура, бұлшық еттің ауыруы, денеге бөртпенің шығуы байқалады. Көбінесе балалар мен жүкті әйелдер үшін және иммунитеті төмен адамдар үшін қауіпті. Індет жыныстық қарым-қатынас арқылы, ауруды жұқтырған адаммен тым жақын қашықтықта сөйлесу сәтінде ауа арқылы жұғуы мүмкін.
Мpox дерті Африка үшін жаңа індет емес. Алайда 2022 жылы әлемнің 110 елінде маймыл шешекті 87 мың адам жұқтырды. Олардың ішінде 112 адам көз жұмды. Қазіргі таңда Африкада маймыл шешектің жаңа штаммы тарауда. Ғалымдардың пікірінше жаңа штаммды жұқтырушылар арасында 10 адамның біреуі көз жұмады. Бүгінде Конго Демократиялық Республикасында жаңа штамм 13700 адамнан анықталған, олардың 450-ден астамы көз жұмған.
ДДСҰ жағдайдың күрделі екенін мәлімдеді. Індетті ауыздықтау қиынға соқса, әлемде кезекті пандемияны жариялап, халықаралық қауымдастықтан қатаң шараларды енгізуді талап етпек. Оның ішінде әуе рейсі арқылы байланысты уақытша тоқтату, дәрі-дәрмек қорын арттыру, туристік бағыттарды қысқарту және басқа шаралар болуы мүмкін.
Mezgil.kz