Батыс елдері мен Украина Ресейдің заңды аумағына батыстық зымырандармен соққы жасауға рұқсат ету тақырыбын қызу талқылауда. Киев бірнеше ай бойы Вашингтон мен Лондоннан Ресей аумағына зымыранмен соққы жасауға рұқсат етуді сұрап келеді.
2022 жылдан бері Батыс елдері Украинаға қару-жарақ беру мәселесінде Киевке қатаң талап қойды. Талап бойынша Украина батыстық қаруды оккупациядағы аумақты азат ету операцияларына ғана қолдана алада, ал Ресейдің заңды территориясына батыстық қарумен шабуыл жасауға рұқсат жоқ. Украина батыстық қарумен оккупациядағы Донбасс, Запорож бен Херсон және Қырымға соққы жасауда.
2024 жылдың, 6-тамызында Украина Ресейдің Курск облысына шабуылдады. Операция барысында батыстық бронды техникалар, танктер мен дрондар және HIMARS кешендері қолданылды. Батыс елдері операцияға өз қаруын қолдануға қарсылық танытпады, алайда батыстық алыс қашықтыққа соққы жасайтын зымырандармен Ресей аумақтарын атқылауға қатысты шешімдерін өзгерткен жоқ.
Батыс елдері өз қаруымен Ресей аумағындағы әскери нысандарды шабуылдауға қатысты шешімін өзгерту бойынша талқыны 2024 жылдың мамырынан бастады. Мамыр айында Ресей Харьков облысына шабуылға шығып, Волчанск қаласына дейін жетті. Батыс елдері өз қаруын Ресейдің Украинамен шекаралас аумақтарындағы әскери нысандарды атқылауға қолдану мақсатындағы рұқсатын берді.
Ендігі таңда Батыс елдері мен Украина Ресейдің ішкері аумақтарындағы әскери нысандарға батыстық зымыранмен соққы жасау тақырыбын талқылауда. АҚШ президенті Джо Байден бұл сұраққа қатысты «мәселені қарастырып жатырмыз» деп қысқа қайырды.
Ресейдің Мемлекеттік Думасының спикері Вячеслав Володин Батыс елдері Украинаға алыс қашықтықтағы нысанға соққы жасайтын зымырандарды Ресейдің заңғы аумағына қолдануға рұқсат ету арқылы, жағдайды ушықтырып, қақтығыстың тікелей қатысушысына айналады деген пікір білдірді.
«Бұның барлығы түбінде біздің еліміз өз азаматтарын қорғау мақсатында қуатты, жойқын қаруларды қолдануға мәжбүр болатын әрекетке әкеледі», - дейді Володин. Ал Ресей президенті Владимир Путин Украинаның батыстық зымыранмен Ресей аумақтарын атқылауы іске асса, соғыс ушығатынын бірнеше мәрте айтқан болатын. Ол қақтығыстың тіпті әлемдік деңгейге жету мүмкіндігін жоққа шығармады.
Сарапшылар Батыс елдері жақын күндері Украинаға Ресей аумақтарын зымыранмен соққы жасауға рұқсат етуі әбден мүмкін деген ойда. Иран мен Солтүстік Кореяның Ресейге зымыран беруі Батыстың қарсы жауабын туындататыны анық және ол қарсы жауап зымыранды қолдануға қатысты барлық шектеуді алып тастаумен сипатталуы мүмкін.
Украинаға батыстық зымырандарды қолдануға рұқсат етілсе, Киев Ресей аумақтарын MGM-140 Army Tactical Missile System (ATACMS), Storm Shadow (SCALP EG) зымырандарымен атқылауы әбден мүмкін. Аталмыш зымырандарды Украина оккупациядағы аумақтарды азат ету операцияларында қолдануда.
Storm Shadow зымырандарын алғаш болып Ұлыбритания жеткізді. Зымыранның ұшу қашықтығы 300 шақырымды құрайды. Қазіргі сәтте Лондон өз тарапынан зымыранды Ресей аумағын атқылау операцияларында қолдануға рұқсат етті. Алайда зымыранның құрамында АҚШ-тың компанияларына тиесілі бөлшектер бар болғандықтан, зымыранды қолдану үшін Вашингтонның да рұқсаты қажет.
АҚШ қазан айында Украинаға AGM-158 JASSM зымыранын беруді қарастыруда. Зымыранның ұшу қашықтығы 370 шақырымды құрайды. Егер Вашингтон Батыстық зымырандамен Ресей аумақтарын атқылауға рұқсат ететін болса, аталмыш зымыран түрі де Ресей аумағына қарсы шабуылдарда қолданылуы мүмкін. Әзірше Украина Ресей аумағын дрондармен шабуылдауда.
Mezgil.kz