Мәскеудегі жиын: ТМД басшылары не дейді?

Кеше Мәскеуге ТМД басшылары жиылды. Атап айтқанда: Беларусь президенті Александр Лукашенко, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Қырғыз көшбасшысы Садыр Жапаров, Өзбекстан мен Түрікменстан президенттері Шавкат Мирзиёев пен Сердар Бердімұхамедов, сондай-ақ Армения премьер-министрі Никол Пашинян қатысты.

1728468780260934.jpg

(Суреттер Ақорда телеграм арнасынан алынды)

Біз бүгін Mezgil.kz ақпараттық порталының оқырмандарының талқысына аталған жиында мемлекет басшылары айтқан басты сөздерді топтап ұсынамыз. Сонымен, ТМД басшылары не дейді?

1728468110778184.jpg

(Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды)

ПРЕЗИДЕНТ ПУТИН НЕ ДЕЙДІ?

Әуелгі сөз Ресей президенті Владимир Путиндікі болды. Мәскеу қожайыны: «ТМД аясындағы өзара іс-қимыл Ресей Федерациясының сыртқы саясатының басты басымдықтарының бірі болып табылады. Біз үшін Достастық елдері - ең жақын көршілер, достар, стратегиялық серіктестер және біз ынтымақтастығымызды жан-жақты нығайтуға ниеттіміз», - деді.

Путин сондай-ақ ТМД елдерінің «өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, қаржыда, инфрақұрылымда жаңа, ірі, өзара тиімді жобаларды іске қосу үшін барлық мүмкіндіктері бар» екеніне сенім білдірді.

Отырыстың күн тәртібі 14 сұрақтан тұрды. Негізгі тақырыптардың бірі – Достастық елдерінің экономикалық ынтымақтастығы болды. Ресей Президенті сыртқы ықпалдан тәуелсіз тұрақты қаржы инфрақұрылымы құрылатынын, өзара есеп айырысуларда ұлттық валюталарды пайдалану өсіп келе жатқанын, импортты алмастыру процестері қарқынды жүріп жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ, Путиннің айтуынша, ТМД бойынша жұмыстың негізгі бағыты – лаңкестік пен экстремизмге, ұйымдасқан қылмысқа, есірткінің заңсыз айналымына және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес болып қала береді.

1728468150417955.jpg

(Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды)

ПРЕЗИДЕНТ ТОҚАЕВ НЕ ДЕДІ?

Президент Тоқаев  Достастықтың халықаралық аренадағы өсіп келе жатқан рөлі туралы айта келе, «ТМД +» форматын құруды ұсынды. «Бұл алаң Достастықтың өңірлік байланыстарын кеңейтуге негіз болады», - деді Президент.

Тоқаев Қазақстан үшін 1991 жылғы Алматы Декларациясы негізінде құрылған беделді халықаралық ұйым ретінде ТМД-ның әлеуетін одан әрі нығайту сөзсіз басымдық болып табылатынын еске салды.

«Біз Достастығымызды сақтауға тиіспіз және осы мақсатта өзара сенімді нығайту үшін ең тиімді шараларды қабылдауға, мемлекет басшылары деңгейінде жария сыни шабуылдардан бас тартуға, ұстамдылық пен қырағылықты танытуға тиіспіз», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол Әзербайжан мен Арменияның бейбіт шарт жасасуға бағытталған өзара қадамдарына қолдау білдірді.

«Біз сондай-ақ Орталық Азия өңіріндегі мемлекетаралық шекаралардың жекелеген учаскелерін заңдық ресімдеуді аяқтаудағы елеулі прогресті қанағаттанушылықпен атап өтеміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаев өткен жылы ТМД мемлекеттерінің аумақтары арқылы өтетін басты көлік артерияларының түйісу тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынғанын еске салды.

«Бұл жұмысты тезірек аяқтауға болады деп ойлаймын. Жалпы, «Бір белдеу - Бір жол», «Солтүстік-Оңтүстік», Транскаспий бағыты және басқа да жаһандық жобаларды сапалы үйлестіру еуразиялық құрлықта экономикалық, институционалдық және көліктік дамудың бірыңғай тұжырымдамасын құруға мүмкіндік береді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

1728468174130269.jpg

(Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды)

ПРЕЗИДЕНТ ЛУКАШЕНКО НЕ ДЕДІ?

Беларусь басшысы келер жылғы «Жеңістің 80 жылдығын» тойлау тақырыбына көп тоқталды.

«Біздің елімізге бұл құқықты тарихтың өзі - вермахт дивизияларының соққысын бірінші болып алған, олардың Еуропа бойынша алғашқы жеңісті шеруін кешіктірген Кеңес республикасының тарихы берді. Бұл құқықты бізге Брест бекінісінде және Беларусьтің барлық қалаларының іргесінде Мәскеуге баратын жолын жауып, өлімге дейін тұрған қаһармандар берді.

Ал бүгінгі азат Еуропаның кейбір елдерінде СС легионерлеріне құрмет көрсетіледі. Неонацисттер ашық түрде көшелерді аралап, азат етуші жауынгерлердің ескерткіштерін бұзып, бүлдіріп жатыр. Бұл «шабашқа» қатысқан ұлттық артықшылық пен реваншизм рухында тәрбиеленген жастар тарихтың барысы туралы ештеңе білмейді. Олар совет адамдарымен бірге ата-бабаларының соғысқанын білмейді: Олар өз жерінде бейбітшілік үшін, өз елдерінің бостандығы мен халықтарының болашағы үшін өмір сүрген совет жауынгерлеріне өздерінің туылу фактісі үшін міндетті екенін ұмытып кетті», - деп сөйледі.

1728468197144052.jpg

(Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды)

ПРЕМЬЕР ПАШИНЯН НЕ ДЕДІ?

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Әзербайжанмен екіарадағы мәселелерге және Армения мен Ресей арасындағы қарым-қатынастарға тоқталды.

«Соңғы айларда бізде белсенді саяси диалог болғанын қуана айтамын. Вице-премьер Оверчук бізге Ереванға келді. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның отырысы ғана емес, сондай-ақ біз күн тәртібіміздің іс жүзінде барлық мәселелері бойынша айтарлықтай мазмұнды әңгімелестік», - деді Пашинян.

Армения мен Ресей байланыстары туралы айтқан Пашинян: «Қазан айының басында Ереванда ЕАЭО үкіметаралық кеңесінің отырысы өтті. Осы кеңес аясында біз Армения Республикасы мен Ресей Федерациясының күн тәртібіндегі ынтымақтастық мәселелерін Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Михаил Владимирович Мишустинмен талқыладық», - деді.

Онан соң Әзербайжанмен бейбіт келісім жайлы айтып: «Біз Әзербайжанмен бейбіт келісімге осы айда қол қоюға дайынбыз!», - деп сөйледі.

1728468229319385.jpg

(Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды)

ПРЕЗИДЕНТ ӘЛИЕВ НЕ ДЕДІ?

Армян премьерінің сөзіне жауап берген Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев: «Әзербайжан Армениямен бейбіт келісімге екіарадағы барлық мәселелер шешілгенде қол қояды. Қазір Армения Конституцияға өзгерту енгізуі керек. Онда Әзербайжанның территориялық тұтастығына қайшы баптар бар», - деп сөйледі.

Онан соң ТМД жұмысы, Әзербайжанда атқарылатын жобалар туралы баяндап: «Бакуде белгілеген жаңа жобалар, әрине, біздің ұдайы назар аударуымыз мен бақылауымызды талап етеді. Сондықтан бүгін біз қол жеткізген уағдаластықтарды орындау үшін күн тәртібінен тағы бір рет өтіп, нақты қадамдарды анықтауымыз керек», - деді.

1728468312708731.jpg

(Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды)

ПРЕЗИДЕНТ МИРЗИЁЕВ НЕ ДЕДІ?

Өз сөзінде Өзбекстан президенті басшысы ТМД елдерінің қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды. Өзбекстан президенті ТМД елдерінің арнайы қызметтері мен құзыретті ведомстволарының жүйелі өзара іс-қимылын жолға қою, қазіргі заманғы сын-қатерлерге қарсы күрес әдістерін жетілдіру, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында келісілген шаралар, сондай-ақ бағдарламалық құжаттар қабылдау маңызды екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Мирзиёев ТМД салалық кеңестері мен комитеттерінің қызметін жандандыру қажеттігін атап өтті.

1728468426486165.jpg

(Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды)

ПРЕЗИДЕНТ РАХМОН НЕ ДЕДІ?

Тәжікстанның Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына төрағалығы кезеңінде Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге ерекше көңіл бөлінетін болады. Бұл туралы тәжік көшбасшысы Эмомали Рахмон мәлімдеді.

Сонымен қатар, Рахмон қауіпсіздікке төнген қатерлермен күресте практикалық ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аударылатынын атап өтті.

1728468464717560.jpg

(Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды)

ПРЕЗИДЕНТ ЖАПАРОВ НЕ ДЕДІ?

Қырғыз президенті Садыр Жапаровтың сөйлеген сөздерінің ішіндегі іліп аларлығы:

- қырғыз тарапы Жеңісті мәңгі есте қалдыру үшін ТМД шеңберіндегі барлық іс-шараларға белсенді қатысатын болады;

- республика ТМД-да азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бірлескен жұмыс жүргізуге мүдделі;

- Достастықта еңбекшілердің еркін жүріп-тұруын қамтамасыз ету жөнінде өзара тиімді шешімдер табу қажет (еңбек мигранттарына шектеулердің күшейтілуіне алаңдаушылық білдірді).

1728468575740895.jpg

(Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды)

ПРЕЗИДЕНТ БЕРДІМҰХАМЕДОВ НЕ ДЕДІ?

Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов: «ТМД БҰҰ-ның әріптесі ретінде дүниежүзілік ұйымды нығайтуға, мүше мемлекеттерді БҰҰ Жарғысы төңірегінде қолдауға және біріктіруге, оның қызметін беделін түсіру мен бұлыңғырлауға қарсы тұруға бағытталған үлкен жұмыс жүргізу керек екені анық», - деп сөйледі.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар