Қазір қарап отырсаңыз ТМД-ға мүше елдер түгелдей дерлік түркі тілдес мемлекеттен тұрады. Әрі Путин ұсынған «орыс әлеміне» қарсы «түркі әлемі» геосаяси терміні пайда болып, Ресейдегі түркі тілдес бодан елдердің де санасын жауап ала бастады.
(Сурет Википедиядан алынды)
ТҮРКИЯ ЕНДІ «ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫ» - «ТҮРКІСТАН» ДЕП АТАМАҚ!
Ресей ТМД-да тарыдай шашылған орыс тілділеріне сенсе, Түркия алды 500, арты 300 жыл орыстарға боданда болып келе жатқан қандас жұртына сенеді.
Осындай аласапыранда Түркия енді «Орталық Азияны» - «Түркістан» деп атамақ! ОА деген терминді осылай алмастырмақ! Бұл туралы Түркияның Ұлттық білім министрлігі айтты.
«Барлық оқу құралдарында «Орталық Азия» терминін түгелдей «Түркістан» деп атау туралы ұсыныс енгізілді», - делінген хабарламада.
Қазір «Түркі бірлігі» Қытайды да, Орысты да, АҚШ-ты да шошытады. Сонымен осы мәселеде солтүстіктегі көршіміздің көзқарасы қалай, сол жағына ойысайық:
ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ БІРЛІГІ ШЫНДЫҚҚА АЙНАЛДЫ!
«Бізде Ресей Федерациясының қазіргі шекарасынан асып түсетін «орыс әлемінің» картасы бар ма? Жоқ! Ал түркі әлемінде ол жақында пайда болды. Оның үстіне - Түркі мемлекеттері ұйымы деңгейінде ауқымды жұмыстар түрлі бағытта қолға алына бастады»,- деп дабыл қаға сөйлейді Ресейлік саяси шолушы Петр Акопов.
«Орталық Азияны» «Түркістан» деп атау туралы шешім ТМҰ елдерінің картографиялық мекемелері басшыларының кеңесінде қабылданған. Ал бір ай бұрын 34 әріптен тұратын жалпы түркі әліпбиі келісілді.
ТМҰ-ына кіретін: Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, сондай-ақ үш байқаушының екеуі - Түрікменстан және Солтүстік Кипр (Венгрия өзінің фин-угор тобының тілімен сәйкес келмейді) ортақ түркі әліпбиіне келісті.
«Шерулетіп, керуендеткен интеграция неліктен Ресейді алаңдатуы тиіс? Бұрынғы кеңестік республикалар біздің геосаяси (тарихи, мәдени, экономикалық) ықпалымыз аймағына кіре ме? Жоқ!
Себебі қазіргі «Ұлы Тұран» картасында біздің аумақтар да көрініс тауып отыр. Мысалы, 3 жыл бұрын Түркия президенті Ердоғанға Түркияның «Ұлтшылдық қозғалыс» партиясының көшбасшысы Девлет Бахчели берген карта Балқаннан бастап Синьцзянға дейінгі үлкен аумақты қамтиды. Оның ішінде Ресейдің едәуір бөлігі - Қырым мен Якутия, Кавказ және Алтай енеді.
Әрине, Түркия мен ТМҰ елдері Ресейге немесе Қытайға ешқандай аумақтық наразылық білдірмейді. Олар ортақ мұраға, тарихи, мәдени, тілдік мұраға қамқорлық туралы сөз етеді. Экономикалық, мәдени, білім беру және басқа да байланыстарды нығайту керек дегенді алға тартады. Десе де, бұл Ресей үшін тиімді емес. Неге?
Түркия қазір өз егемендігін һәм ықпалын нығайтуға тырысуда. Оның АҚШ және Еуропамен қарым-қатынасы айтарлықтай шиеленісіп кетті. Ол тек Таяу Шығыста (Осман империясының бұрынғы бөлігінде) және Азияда ғана емес, бүкіл Африкада дербес саясат жүргізіп, Латын Америкасымен белсенді жұмыс істеу үстінде. Яғни, шынымен де жаһандық ойыншыға айналып, болашақ әлемдік тәртіптің орталықтарының біріне айналуға ұмтылады. Түркі әлемі - түрік басымдықтарының қатарында бірінші орында тұрған дүние!», - дейді Ресейлік тарихшылар.
ЖИЫРМА ЖЫЛДА ТМҰ ЕЛДЕРІ РЕСЕЙГЕ АУЫЗ САЛАДЫ!
Біз де тарихқы көз жүгіртсек, КСРО ыдырағаннан кейін, 1992 жылдың қазанында Анкарадада бұрын КСРО-ға мүше болған бес мемлекетті жинады. Олар: ОА-лық төрт мемлекет пен Әзербайжан.
Міне, осыдан бастап ОА елдері мен Әзербайжан «кеңестік» емес, «түркілік» мемлекеттер деп ресми түрде атала бастады.
«Қазіргі Түркия Осман империясы сияқты ұлы державаны қалпына келтіргісі келеді және осы жолмен айтарлықтай табысты жүріп келе жатыр. Сол үшін де Түркия Еуроодаққа кіруді кейінге ысырып, Батыстан алыстай отырып, ислам әлемі көшбасшыларының көңіл аулауда.
Бірақ Ресей-Түркия қарым-қатынасы үшін біртұтас түркі әлемін құру принципті сипатқа ие: 20 жылдан кейін не болатыны белгісіз. Күшейген ТМҰ түркітілдес халықтар қоныстанған ресейлік өңірлерді өз бауырына тартудың орталығына айналуға тырысуы әбден мүмкін», - деп ойбайға баса бастады Ресей тарихшылары.
Mezgil.kz