Бір шөлмек сыраға бола Шерзат Болат сынды бозбаланың қыршынынан қиылуы қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. Қазақ қоғамын дүр сілкіндірді дегенміз ақша буына бөккен немелердің қарапайым қазақ отбасына қылып жатқан қияпатының көрінісі.
(Суреттер: dalanews.kz, ulysmedia.kz, nur.kz)
Иә, бұл көрініс бейкүнә жанның өлімімен аяқталды. Біз осы бір қанды оқиға қалай орын алғанын тек ресми дерек көздері бойынша оқырмандарымыз назарына ұсынып отырмыз.
Осы жылдың 4 қазанында Талғар қаласында төбелес болып, қаланың 16 жастағы тұрғыны пышақ жарақатынан қайтыс болып, екі азамат ауыр дене жарақатын алды.
«Марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтамыз. Біз барлық жағдайларды анықтауға және кінәлілерді жауапкершілікке тартуға бағытталған объективті тергеуге кепілдік береміз. Барлық азаматты осы қылмысқа қатысы бар адамдарды жауапкершіліктен алып тастауға ешқандай әрекет жасалмайтынына сендіргіміз келеді. Тергеуге көмектесетін кез келген ақпараты бар әр адамды прокуратура немесе ішкі істер органдарына жүгінуге шақырамыз», - деп хабарлады прокуратурадан.
Алматы облысы Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес,Талғар қаласында 4 қазанға қараған түні жас жігіттер арасында жанжал туындаған. Кикілжің қарулы қақтығысқа ұласып, салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілді. Олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды.
«Кісі өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның барлық қатысушысы ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайының толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істі тергеу облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында болады», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Марқұмның туыстарының айтуынша, жанжал жасөспірімнің отбасына тиесілі дүкенде басталған. Сатып алушы сыра алып, ақша төлемеген. Екі арада туындаған кикілжеңнен кейін сатып алушы бір топ адамды шақырып, жасөспірімді соққыға жыққан.
Жасөспірімнің әкесі ҚР Бас Прокуроры Берік Асыловқа үндеу жасап, тергеу мен соттың ашық болуын талап етті.
Алматы облысының Прокуратурасы кісі өлтіру туралы бұл іс ерекше бақылауға алынғанын ресми түрде хабарлады. Сондай-ақ прокуратура мәліметіне сәйкес, қылмыс жасады деген күдік бойынша 7 күдікті ұсталып, 2 ай мерзімге қамауға алынды.
Алматы облысында Талғардағы жанжал кезінде қайтыс болған 16 жасар Шерзат Болаттың үй өртенді.
ЖД мәліметіне сәйкес, 12 қазан күні сағат 00:50-де үйді жалын шарпыған. Өрт 01:38 оқшауланып, сағат 01:43-де толығымен жойылған.
«Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебін анықтау үшін Алматы облысы ТЖД зерттеу сынақ өрт зертханасы мен анықтау бөлімінің қызметкерлері оқиға орнында», - деп хабарлады ТЖД.
«Талғарда жасөспірімді өлтіру ісі бойынша жәбірленушілердің үйін өртеу фактісіне қатысты 2024 жылғы 12 қазанда Бас прокуратураның басшылығымен қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Кінәлілерді әшкерелеу үшін барлық шаралар қабылданатын болады. Қылмыстық iс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бақылауына алынды», - деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауржан Аленов марқұм Шерзат Болаттың үйін өртеу оқиғасын тергеу тобымен Талғарға барды.
«Жедел-тергеу тобы құрылып, қылмыс жасалған жерде мұқият тексеру жұмыстарын жүргізуде. Бейнебақылау камераларынан жазбалар қаралуда. Аулалар мен есепте тұрған тұлғалар тексерілуде. Отбасының тұрғылықты жерін полиция қызметкерлері патрульдеуде. Оқиға орын алған кезде өрт болған үйде ешкім тұрып жатқан жоқ еді. Жанұя қазіргі кезде басқа мекенжайда тұрып жатыр. Қылмыскерлер ұсталып, міндетті түрде жауапқа тартылады. Сонымен қатар жалған ақпарат таратпауға шақырамын», – деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов.
Түйін сөз: Қазақ елінде әртүрлі қылмыстық топтардың, соның ішінде өзге ұлт өкілдері құрған бандиттік этникалық ұйымдасқан қылыстық топтардың бар екені белгілі. Олар жергілікті басшы-қосшылардың аузын ақшамен жауып отырғаны да рас. Міне, осы фактінің барлығын және оның алдын алу керектігін Шерзат Болаттың қазасы қоғамға паш етті.
Билік ендігі жерде ұйқысынан оянып, этникалық құрамы ала-құла өңірлерде қазақ тілділердің бизнес жасауына жергілікті билік пен бандиттік этникалық ұйымдасқан қылмыстық топтың кедергі келтірушілігін жоятын шығар деген үміттеміз.
Асхат Қасенғали, саясаттанушы, Mezgil.kz редакторы:
- «Нашар гений» деген фильм бар. Тай елі түсірген екен. Кедей отбасынан шыққан қыз жайлы. Кейіпкер өте білімді, алғыр. Керемет фильм. Әлемде осындай туындылар көп. «Ақылды Уилл Хантинг», «Ақыл-ой ойыны», «Имитация ойыны» сынды фильмдер жетерлік қой. Сюжеттері әр түрлі. Бірақ фильмнің желісі білімді, гений кейіпкердің іс-әрекетіне сай құрылады. 30 жыл бұрын түсірілген «Шоушенка түрмесінен қашу» киносы да дәл солай. Шахматшылар жайлы да туындылар, сериалдар көп. Ондай киноларды көргеннен кейін, кітап оқығың келіп кетеді. «Білімім неткен таяз еді, маған көбірек оқу керек» деген ой түйесің.
Бізде осындай фильмдер бар ма өзі? Бар болса пікірге жаза кетсеңіз. Бірақ қоғамның ұсынысы басқа-ау. «Пацанская история», «Рэкетир», «Районы» және басқа. YouTubeта есірткіні, көшедегі бандитизмді, эскортты, бәс тігуді ашық көрсететін қазақстандық фильмдер, сериалдар толып тұр. Қаралымдары бірнеше миллион. Жалғыз бізде емес, посткеңестік елдердің көбінде бар құбылыс бұл. «Слово пацана» деген ресейлік сериал былтыр хит болды. Топ болып жиналып, төбелесу, ұрып-соғу, өлтіру. Насихаты сондай сериал ғой. Бірақ көптеген посткеңестік елдерде жақсы қаралды. Неге? Себебі дәл сондай оқиға посткеңестік елдердің барлығында дерлік болған.
90-жылдары барлығы ұқсас жолмен жүріп өтті. Тоқырау, жоқшылық, тапшылық кезеңі болды. Ала дорба арқалаған аналар мен әкелер. Рэкет деген пайда болды. Елдің жиғанын тартып алды, қорқытып алды, кейбіріне «қамқор» боламын деп алды. Бірақ ол заман өтті. Ондай әрекетті мақтап, жақтауды әлі күнге дейін жалғастырып жүрген жандарды түсіне алмаймын. Бандитизмді, рэкетті батыр тұтуға болмайды. «Ана елден бандит келгенде қуып шыққан, мына елден мафия келгенде мойнын бұрап алған» деу арқылы, оларды ел шетіне жау шапқанда қарсы тұрған қаһармандай сипаттаудың қажеті жоқ. Бандит – ол бандит. Сырттан өзі сияқты бандит келсе, ол ең алдымен өзінің ықпал ету аймағын қорғап жатыр деп ойлаған жан бар ма?..Бандит өзге елден келгенді де, өз елінде жүргенді де аямайды. Бітті. Оларды мақтай беру, мадақтай беру ешқашан жақсылыққа апармайды.
Бұлай болмауға тиіс. Біз дұрыс құндылықтарды қалыптастыруымыз қажет. Бандит, рэкет – ол қылмыскер! Ол батыр емес, ол қаһарман емес, ол қаржыны ұрып-соғып, қорқытып, үркітіп табатын кәдімгі қылмыскер. Ол елдің де, ұлттың да қорғаны емес. Біреуді біреу ұрып-соқса, онда ол жазалану керек. Заңмен. Біреуді біреу ұрып-соқса, үнемі қорласа, онда ол жайлы құқық қорғау органдарына айту керек. Дамитын елде ең алдымен дұрыс түсінік болуы қажет. Дұрыс насихат болуы шарт. Заң күшеймей, сана өзгермей мұндай қайғылы жайттар қайталана бере ме деп қорқамын...
Mezgil.kz