Батыс елдері Қытайдың тыңшылық операцияларының ауқымды екенін айтып, дабыл қағуда. Кибершабуылдар, түрлі салаға бойлаған тыңшылық, лоббистік әрекеттер Бейжің тарапынан көбейіп, ЕО елдерін әбігерге салуда. Батыс елдері Қытайдың тыңшылық операцияларына қарсы тұруда мамандардың аздығын айтуда.
The Wall Street Journal басылымының жазуынша 2012 жылдан бері Қытай билігі әлем бойынша тыңшылықты арттыру шешімін қабылдаған. Төраға Си Цзиньпин мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырып, қарсы әрекетті күшейтуді тапсырған, оның ішінде өзге елден ақпарат жинау мәселесі де бар.
Басылым Қытай билігі мыңдаған адамнан тұратын тыңшылар әскерін жасақтай білгенін жазды. Тыңшылықпен жекелеген адамдар, тұтас компаниялар, кәсіпкерлер, дипломаттар, студенттер, ғалымдар да айналысуы мүмкін. Олар автономды негізде жұмыс істеп, партияға жеке есеп береді.
Федералдық тергеу бюросының мәліметінше Қытайдың тыңшылар саны ФТБ (ФБР) қызметкерлерінен 50 есе көп болуы мүмкін. ФТБ директоры Кристофер Урэйдің сөзінше Қытайдың хакерлік және кибершабуылдық бағдарламалары көптеген мемлекеттерді қоса алғандағы әлеуеттен әлдеқайда жоғары саналады. Еуропа елдерінің бағамдауынша Қытайдың тыңшылық операцияларына әлем бойынша 600 мыңнан астам адам қатысуы ықтимал.
Батыс елдері Ресей мен Иранның тыңшыларын анықтау оңайға түссе, Қытай тыңшыларын анықтау қиын екенін айтуда. Басты себеп Қытай мен Батыс елдерінің арасындағы тауар қатынасының тым жоғары деңгейде болуы. Көптеген елдер Қытайға қарсы түбегейлі санкциялар салып, оның дипломаттарын елдер депортациялай алмайды. Себебі көп мемлекет Қытаймен тығыз экономикалық байланыста отыр.
WSJ басылымының жазуынша қыркүйек айында Қытайдың тыңшылық компаниясы АҚШ, Франция, Румыния, Ұлыбританияда 260 мың интернетке қосылған құрылғыларды, атап айтқанда компьютер, бақылау камераларын бұзып кіріп, ақпарат алуға тырысқан. АҚШ Конгрессіндегі тыңдалымдар барысында, АҚШ-тың мемлекеттік порттарында жұмыс істейтін қытайлық жүк крандарында қашықтықтан басқарылатын құрылғылар орнатылғаны анықталды. Осыған байланысты АҚШ өзінің әскери кемелеріндегі барлық құрылғыларды тексеруді тапсырған.
2024 жылдың көктемінде Германия мен Ұлыбританияда Қытайдың бірнеше тыңшысы ұсталды. Олар экспорттық шектеуді ескерместен бағыттаушы лазерлерді алып өтпек болған. MI5 ақпаратына сенетін болсақ 2022 жылдан бері Қытай тыңшылары LinkedIn арқылы Ұлыбританияның 20 мыңнан астам азаматымен байланысып, олардан құпия мәлімет алуға тырысқан.
Батыстың лауазымды тұлғалары арасында да Қытай мүддесіне қызмет ететін жандар анықталуда. Нью-Йорк губернаторының бұрынғы көмекшісі Кэти Хочул Қытайдың агенті болғанын Батыстық БАҚ жарыса жазуда. Ал «Германия үшін балама» партиясының мүшесі, депутат Максимилиан Крахтың көмекшісі де Қытай мүддесіне жұмыс істеген дейді Германияның ақпарат көздері.
Батыстың қарсы барлау қызметі Қытай билігі студенттер мен ғалымдарды тыңшы етуге тырысатынын айтты. «Бейжіңнің басты мақсаты Батыстың жоғары технологиясына қол жеткізу. Олардың әр бұрышта құлағы бар» дейді Ұлыбритания барлау қызметі.
Mezgil.kz