БРИКС – Батысқа қарсы коалиция. Тоқаев: БҰҰ секілді басқа ұйым жоқ!

Қазақта: «Тең - теңімен, тезек - қабымен», - деген сөз бар. Әлемдік жетілікке һәм Еуродаққа басын сұға алмайтындықтан, «болмасаңда ұқсап бақпақшылық» мақсатта өздеріне балама болатын құрылым іздеген дамушы елдер 2006 жылы маусымда Петербор экономикалық форумы аясында БРИКС-ті өмірге әкелді. Оған Бразилия, Ресей, Үндістан және Қытай экономика министрлерінің қатысты.

1729073048475479.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz / Суреттер: Ақорда, nebogach.ru, cemeri.org және РИА Новости сайттарынан алынды)

БРИКС – Бразилия, Ресей, Үндістан, ҚХР, Оңтүстік Африка, БАӘ, Иран, Мысыр және Эфиопия сынды тоғыз мемлекеттің одағынан тұратын мемлекетаралық бірлестік.

Кез келген халықаралық альянс оның мүшелері бірдей құндылықтарды бөлісіп, саяси және экономикалық ұқсас институттары бар болып, ұтымды ортақ мақсаттар үшін «өз егемендігінің бір бөлігінен бас тартқан» кезде ғана өміршең болады. Егер аталған «клуб» мүшелері неғұрлым көп болса, соншалықты қиын болады.

1729072599728392.jpg

(Сурет Миркарт сайтынан алынды)

БРИКС – БАТЫСҚА ҚАРСЫ КОАЛИЦИЯ!

Біз Ресейдің империялық мүддесі аясында «Анти-Батыстық» пиғылда өмірге келген BRICS турасында осыны айтар едік. Ал, енді клуб мүшелері неғұрлым көп болса, соншалықты қиын болатыны төңірегінде сөз қозғайық.

Осы ұйымның бас әріптерін құрайтын Бразилия мен Ресейдің, Үндістан мен ҚХР-дың мемлекеттік институттары мен қоғамдық құрылымы арасында ұқсастықтар мен қайшылықтар қандай? Қазірге дейін Ресей ақпараты: «40-тан астам ел БРИКС-қа қосылуға қызығушылық танытты, ал 22 ел ресми түрде кіру туралы өтініш білдірді. Қиыр Шығыс пен Оңтүстік Америка, Солтүстік мұзды мұхит, Горн және Ізгі Үміт бұғаздары арасында жер шары бойынша шашыраңқы орналасқан осы мемлекеттердің арасындағы ортақ нәрсе не?», - деген сұрақты ызу-қызу талқылауда.  

1729072791240984.jpg

(Сурет nebogach.ru сайтынан алынды)

«БАНДУНГ ІСІНІҢ» ЖАЛҒАСЫ»: АҚШ ПЕН КСРО ЕРЕГЕСІ ҺӘМ БРИКС

ОАР президенті Сирил Рамафоса БРИКС-ті «Бандунг ісінің» жалғасы» деп атаған еді. Осы туралы бірер ауыз сөз шығарсақ:

«Бандунг» – афро-азиялық конференциясы 1955 жылы басқа геосаяси жағдайларда өткен. Бұл кедей елдердің, негізінен бұрынғы колониялардың әлемнің жаңа бытыраңқы жағдайында өздеріне тыңнан жол табу әрекеті болды.

Корей соғысы бұрынғы жұдырықтай жұмылған Біріккен Ұлттар әлемі жоқ екенін көрсетті. Жаһан бір-біріне қаны қас екі лагерге бөлініп, АҚШ пен КСРО арасындағы бәсекелестік күшейіп, оның ақыры аталған қос ел блоктар құрып, қалған әлемді өз құшақтарына тарта бастағаны белгілі.

1729072710906287.jpg

(Сурет cemeri.org сайтынан алынды)

ҚЫТАЙ ЖӘНЕ «БАНДУНГТЫҢ ОН ҚАҒИДАТЫ»

«Бандунгті» ұйымдастырушылар ең алдымен Батыс державаларын қырғи-қабақ соғыс жағдайында Азия мен Африкаға қатысты шешімдер бойынша кеңесуге құлықсыз деп айыптады.

Қытай бастатқан 29 ел 1955 жылы «Бандунгтың он қағидаты» декларациясы қабылдады. Осы декларацияда барлық ұлттардың аумақтық тұтастығын құрметтеуге шақырған, ішкі істерге араласпауды, өзін-өзі қорғау құқығын бекітіп, агрессия әрекеттерінен немесе қауіп-қатерлерден бас тартуға немесе аумақтық тұтастыққа, саяси тәуелсіздікке қарсы күш қолдануға және т.б. шақырды. Бірақ, онда экономика туралы бір ауыз сөз жоқ!

Бұл ойдан-қырдан құрылғандардан тұратын түзілімнің барлық мүшелері шынымен де бір ғана нәрсеге біріккен: «Ұжымдық Батысқа», әсіресе «Үлкен жетілікке» (G7) қарсы күш біріктіру. 

1729072833733418.jpeg

(Сурет РИА Новости сайтынан алынды)

БРИКС РЕСЕЙГЕ БАТЫСТЫ ҚҰБЫЖЫҚ ЕТІП КӨРСЕТУ ҮШІН КЕРЕК!

Бүгінгі БРИКС ешқандай экономикалық мәселелерді шешпейтін, «Бандунгтің» төл перзенті десек артық айтпаймыз. КСРО-ны Қытай алмастырған жаңа жағдайда «Ұжымдық Батысты» құбыжық қылып танытатын мұндай ұйым әсіресе, өзін КСРО мұрагерімін деп танитын Ресей үшін керек.

Ресей өз көршілері – Моңғолияның, Беларусь пен Қазақстанның осы ұйымда болғанын қалайды.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БРИКСКЕ ҚАТЫСТЫ ҰСТАНЫМЫ ҚАНДАЙ?

Біздің еліміз аталған халықаралық құрылымға мүше болуды жоспарлап отырған жоқ па? Ресей тарапынан Қазақстанның БРИКС құрылымына кіру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныстар сан мәрте түсті. Қазақстан басшылары бұл ұсынысты ұлттық мүдде тұрғысынан мұқият қарастырып келеді.

23-24 қазан күндері Қазан қаласында БРИКС саммиті өтеді. Аталған құрылымға төрағалық етіп отырған Ресей президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты форумға қонақ ретінде шақырды.

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли: «Президенттің жұмыс кестесінде оның БРИКС саммитіне қатысуы қарастырылғаны рас. Мемлекет басшысы 24 қазан күні құрылымның «аутрич» форматындағы кеңейтілген құрамда өтетін жиынында сөз сөйлейді», - дейді.

1729072494571969.jpg

(Сурет Ақорда сайтынан алынды)

ҚАЗАҚСТАН БРИКСКЕ ҚОСЫЛУ ҰСЫНЫСЫН ҚАБЫЛДАЙ МА?

Берік Уәли: «Қазақстан БРИКС-тің даму эволюциясын қызығушылықпен мұқият бақылап отыр. Біздің еліміз осы құрылымның негізін қалаған мемлекеттер басшыларының қандай да бір алпауыт державаның гегемониясынан азат, әділетті әрі демократиялық әлемдік тәртіп құру туралы бастамасын қолдайды.

Президентке Қазақстанның БРИКС құрылымына кіру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныстар түсті. Еліміз құрылымға мүше болуға және осы бірлестіктің даму перспективаларына қатысты басқа да мәселелерді қараудың көп сатылы процесін ескере отырып, қазір және жақын болашақта БРИКС-ке мүше болуға өтініш беруден қалыс қалады», - деді (tengrinews.kz).

Қазақстан Президенті бұған дейін бірнеше рет БҰҰ-ны әлемдегі әмбебап әрі баламасы жоқ ұйым ретінде атаған болатын. Сондай-ақ осы Ұйымда барлық өзекті халықаралық проблемаларды, соның ішінде әділетті әлемдік тәртіп құруға қатысты мәселелерді талқылау керек деген ұстанымын білдіргені жұртшылыққа мәлім.

ТОҚАЕВ: БҰҰ СЕКІЛДІ БАСҚА ҰЙЫМ ЖОҚ!

«Президенттің пікірінше, БҰҰ да кемшіліксіз емес. Бірақ дәл сондай басқа ұйым жоқ. Сондықтан БҰҰ-ға әлемдік қауымдастықтың қолдауы ауадай қажет. БҰҰ Жарғысы халықаралық құқықтың негізі болуы керек және бұл іргелі құжатта бекітілген қағидаларды бұзуға ешкімнің қақысы жоқ.

Мемлекет басшысы «орта державалардың» мүдделерін ескере отырып, БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің кең ауқымды консультациялары негізінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалауды бастау қажет деп есептейді», - деп айтты Берік Уәли.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар