Бүгін Қазақстан тарихындағы айрықшы ұлық мереке – Республика күні. Дәл осы күні, 1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды.
(Суреттер: turaninfo.kz, ult.kz сайттарынан алынды)
Дәл осы құжатта тұңғыш рет қазақ мемлекетінің тұтастығы мен оның аумақтарының бөлінбейтіндігі және мызғымастығы туралы, Қазақстан халықтарының тілін, мәдениетін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты қағидаттары бекітілді. Саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді дербес шешу принципі жарияланды. Қазақ КСР-і өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал президент әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. Осы декларацияның арқасында Қазақстан кеңестік заңдарды тоқтатып, өз заңдарын жасауға кірісті.
Осы датаға орай біз саясатанушылардың пікірін ұсынамыз...
РЕСПУБЛИКА ДЕГЕНІМІЗ - ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ, ЕРКІН ЕЛ БОЛА БІЛУ!
Бекнұр Кисиков, саясаттанушы, публицист:
– Республика күнінде егеменді ел болуымыздың алғашқы құжаты қабылданғаны баршаға аян. Ол - құры сөз емес, нақты факт. Дәл осы күні 25 қазанда қазақ елі декларация жариялап, мемлекеттің тәуелсіздігін айқындады.
Біріншіден, республика ұғымына нақты тоқталуымыз қажет. Республика - мемлекет емес, мемлекеттің бір қыры. Егеменді Республика ұғымын философия, әдебиет саласы бойынша қарастырсақ, белгілі бір концепция екенін түсінеміз. Республика деп көп мемлекеттерді айта алмаймыз. Республика дегеніміз - демократиялық, егеменді, еркін ел бола білу.
Республика күні Қазақстанның ұлттық егемендікке қол жеткізудегі басты мерекелерінің бірі болса, қазіргі уақытта Түркияның «Орта Азия ұғымын - Түркістан деп ауыстыру» идеясы тарихи атауымызды қайта алып келгендей болды.
Алғашында тарихи кезеңдерге көз жүгіртсек, біздің қазақ жерін - Тұран деп атаған. Түркілік кезеңнің өзінде Батыс Түрік қағанаты біздің территорияны мекен етті. Кеңестік кезеңнің өзінде Түркістан генерал-губернаторлығы болды. «Түркістан» атауы бұрыннан болған және бүгінгі таңда бұл идеяның қайта қарастырылуы саяси-тарихи тұрғыдан дұрыс деп білемін. Бұл түркі елдерінің біртұтастығын сақтауға, мәдениетімізді жаңғыртуға септігін тигізеді. Егер түркі мемлекеттері бас қосып, бірігетін болса ірі державаға, одаққа айналатыны анық. Бұл дегеніміз экономика саласында, ішкі нарықта болсын біршама алға жылжитынымызды көрсетеді. Ресей мемлекетіне деген тәуелділікте біршама төмендейтін еді. Бірақ, міндетті түрде көрші мемлекеттермен достық қарым-қатынасты сақтауымыз қажет. Кеңестік кезеңде көптеген ауыр сынақтар мен күрделі кезеңді басынан өткерген қазақ халқы үшін бұл декларацияның, Республика күнінің алатын орны ерекше деп білемін.
РЕСПУБЛИКА ДЕГЕН - ҚОҒАМДЫҚ ІС!
Әміржан Қосан, саясаткер:
– Республика деген сөз латын сөзінен шыққан, «қоғамдық іс» деген сөз. Сондықтан, қазіргідей транзиттік кезеңде, «Ескі Қазақстаннан - Жаңа Қазақстанға» келе жатқан кезеңде қоғамның ісі болуы керек. «Жаңа Қазақстан» тек қана шенеуніктердің, Президенттің, оның командасының ісі емес, барша Қазақстан азаматтарының ортақ қоғамдық ісі болуы қажет! Ісіміз алға бассын, мейрам құтты болсын!
Материалды дайындаған Аружан Байжан
Mezgil.kz