Грузия халқы 26 қазан күні парламенттік сайлау өткізді. Бұл сайлау Грузияның келешек саяси бағытын айқындайтын маңызды электоралды процесс болды. Шын мәнінде «Грузия қай жолды таңдайды?» деген сауал төтесінен қойылды.
(Суреттер: oporaua.org, gazeta.ru, interfax.ru және usembassy.gov, eurasiatoday сайттары)
Олай дейтініміз – Грузиядағы саяси жағдай мейлінше шиеленісіп барады. Грузияда халық пен билік әртүрлі даму жолдарды іздеуде. «Оппозициялық коалиция» маңайына топтасқан ел азаматтары еуропалық интеграцияға ұмтылса, биліктегі басымдыққа ие партия – «Гүржі арманының» ресми ұстанымы Ресейге бейімделіп отыр.
ГРУЗИЯДАҒЫ САЙЛАУ: «ГРУЗИН АРМАНЫ» - РЕСЕЙЛІК ИНТЕГРАЦИЯ МА?
Сөйтіп, өткен сенбіде Грузия халқы таңдау жасады. Ел Парламентіне кімдер өтетінін анықтады. Грузия Орталық сайлау комиссиясы мен экзит-полл нәтижелеріне көз жүгіртсек, есеп былай түзілген:
«Грузин арманы» партиясы 53,9 пайызға ие. Бұл үкіметті жасақтау құқығын беретін көрсеткіш. Бұл көрсеткіш «Грузин арманы» үшін жоғарғы көрсеткіш деп бағалауға болады. Себебі, осыған дейінгі сайлауларда(2016 және 2020 жылдары) аталған партия аз дауыс жинағанымен, бір мандатты окуругтер бойынша басым дауысқа ие болып қана жеңіске жеткен.
Парламенттен орын алған тағы 4 пария бар. Олар: «Өзгерістер үшін коалиция», «Бірлік – Ұлттық қозғалыс» (онда экс-президент Михаил Саакашвилидің «Біртұтас ұлттық қозғалысы» (БҰҚ) жетекші рөл атқарады), «Күшті Грузия» және «Грузия үшін».
Қалған 13 саяси партия 5 пайыздық межені бағындыра алмаған.
ПРЕЗИДЕНТ ЗУРАБИШВИЛИ ЕЛДІ МИТИНГКЕ ШАҚЫРДЫ!
Грузия президенті Саломе Зурабишвили бұл өткен сайлау қорытындыларын мойындамайтынын мәлімдеп, елге үндеу жасады. Ол өткен сайлауды «заңсыз және легитимді емес» деп сипаттады. Зурабишвили сайлауда көптеген заң бұзу фактілені тіркелгенін атап өтті. Сөйтті де, оппозиция өкілдерін митинг өткізуге шақырды.
«Бұл сайлаудың нәтижесін мойындау мүмкін емес. Бұл елімізге Ресейдің келуін құшақ жая қарсы алумен бірдей, Грузияны Ресейге бағындырумен бірдей дүние», - деді президент Зурабишвили.
«Біз нағыз ресейлік арнайы операцияның куәсі әрі құрбаны болдық деп айтуға болады. Бұл біздің халқымызға, елімізге қарсы жасалған гибридті соғыстың жаңа түрлерінің бірі», – деді Президент.
СААКАШВИЛИ: БОСТАНДЫҚ ҮШІН КҮРЕСЕТІН СӘТ КЕЛДІ!
Қамаудағы Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили де үнсіз қалмады. Оның үндеуі Facebook желісінде жария болды.
«Грузин халқы! Қазір бізді алдап кетті деп ренжіп, салымыз суға кетер сәт емес! Қазір біз үлкен қарсылық акцияларын ұйымдастырып, күллі әлемге әділеттілік пен бостандық үшін күресетінімізді көрсететін сәт. Уақыт өте аз!» - деді бұрынғы президент Саакашвили.
БИЛІК ПАРТИЯСЫ НЕ ДЕЙДІ?
«Грузия билігі Ресеймен әріптестікті дамытып, ескі соғыстың естеліктерін жоймақшы», - дегендерге Грузия премьер-министрі Иракли Кобахидзе жауап бергендей болып: «Грузия бүгін-ертең Ресеймен дос болып кетпейді. Мұндай жоспарымыз жоқ. Өйткені, Грузияның 10 пайыз жері (Абхазия мен Оңтүстік Осетия) әлі де Ресей оккупациясында», - деп мәлімдеді.
Премьер-министр Кобахидзе: «Президенттің қарсылығына қарамастан, Үкімет қайта жасақталып, Парламент өз жұмысын бастайды», - деп мәлімдеді.
Әрі қарай: «Заң бұзушылықтар барлық елде, барлық сайлауда болады. Әрине, біз ондай заң бұзушылықтарды болдырмаудың амалдарын қарастырамыз. Десе де, сайлаудың жалпы сипаты демократиялық принциптерге сай өтті, заң шебірінен шыққан жоқпыз», - деді Кобахидзе.
ВАШИНГТОН МЕН БРЮССЕЛЬ НЕ ДЕЙДІ?
Вашингтон мен Брюссель Грузиядағы парламенттік сайлауда жіберілген заңбұзушылықтарды тергеуге шақырды.
«Біз халықаралық нормалардың барлық бұзылуын айыптаймыз және сайлауға қатысты барлық заңбұзушылық туралы хабарламаларды толық тергеу үшін халықаралық және жергілікті бақылаушылардың үндеуіне қосыламыз», - делінген АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің мәлімдемесінде.
Ол заңбұзушылықтар арасында «билік партиясының мемлекеттік ресурстарды теріс пайдалануы, сайлаушыларды сатып алу және қорқыту» әрекеттерін атап өтті.
«Біз Грузияның Орталық сайлау комиссиясы мен басқа да тиісті органдарды өз міндетін адал орындап, сайлаудағы заңбұзушылықтарды жедел, ашық әрі тәуелсіз түрде тергеуге және қарауға шақырамыз. Бұл заңбұзушылықтар анықталып, жойылуы тиіс», - делінген ЕО-ның жоғарғы дипломаты Жозеп Боррельдің мәлімдемесінде.
Mezgil.kz