Дональд Трамп президенттік сайлауда жеңіске жетсе, Украинадағы соғысты жылдам тоқтатудың жоспарын қарастыруда. Батыстық сарапшылар Трамптың «Минск келісімдері – 3» форматын қарастырып жатқанын айтуда. Жоспардың іске асу функциясын Еуропа елдеріне артпақ.
Трамптың жоспарына қатысты біршама ақпаратты вице-президенттікке үміткер Джеймс Дэвид Вэнс жайып салды. Оның сөзінше соғысты аяқтауға қатысты бейбіт жоспарға Украина мен Ресей әскері қазір өз бақылауында ұстап тұрған шеп бойынша «демилитаризацияланған аймақты құру» кірмек. Аталмыш аймақты Ресей әскері бұзып өтіп, қайта шабуылға көшпеуі үшін, Украина өз бақылауындағы аймақты күшейтпек. Оған Батыс елдері барынша көмектеседі. Қарымтасына Украина НАТО-ға кіруден бас тартып, бейтарап позицияда қалуы тиіс.
Украина президенті Владимир Зеленский Вэнстің айтқандарын «ақылға қонымсыз» деп атады. Зеленскийдің ойынша «Украинаға өз жерін Ресейге бере салу» ұсынылып отыр.
Financial Times басылымының жазуынша Трамп «Минск келісімдерін» сараптап, қайта толықтыруға ниетті. 2014 және 2015 жылдары Беларусь билігінің қатысуымен «Минск келісімдері» жасалды. Келісім Донбасстағы қақтығыстарды тоқтатуға бағытталған болатын. Алайда бұл жолы келісімнің шартына «жазалау әдісі» қосылуы тиіс. Яғни, қай тарап келісімді бұзса, оған қатысты қандай да бір жаза (әскери, саяси, экономикалық) қолданылуы мүмкін. Егер бұл келісім жасалатын болса, онда оның іске асырылуы мен қаржыландырылуын Еуропа өз мойнына алады дейді Дэвид Вэнс.
America First Policy Institute сарапшысы Фред Флейтз былай дейді: «Украина мен Ресей арасында нақты келісім жасау Путин билігі тұсында мүмкін емес. Қақтығысты уақытша тоқтату ең дұрыс шешім болмақ. Украина өзінің оккупациядағы аймақтарынан бас тартпайды, алайда ұрысты тоқтатуға келіседі. Қазір келіссөздер осы ауанда жасалуда. Ал Путин биліктен кеткен соң, Мәскеу мен Киев арасында шынайы келісім жасау мүмкіндігі пайда болады», - дейді.
Сарапшы Майк Уолтцтың ойынша Трамп Путинді өз дегеніне көндіре алады. Ол Ресей басшысы АҚШ-тың талабына көнбесе, онда мұнай бағасын бірден құлатып, Ресей экономикасына орасан соққы жасауы ықтимал. Сауд Арабиясы үшін мұнай бағасының тым төмендеуі тиімді емес. Дей-тұра Трамп Саудияға үлкен келісім ұсынып, қорғаныс саласын күшейтуге мүмкіндік беріп, Израильмен бейбіт келісім жасауға ықпалдасуы мүмкін. «Бұл шарттар ұсынылатын болса, Сауд Арабиясы мұнай бағасын құлатуға келіседі» дейді Майк Уолтц.
Mezgil.kz