The Economist: Донбасстағы шайқастар және Ресейдегі мобилизация елесі

The Economist басылымының жазуынша Ресейдің Бас әскери штабы мен Қорғаныс министрлігі Кремльге қысым жасап, жаңа мобилизация өткізуді талап етуде. Бұл туралы басылым Батыстық барлау қызметінің ақпараты мен ресейлік әскери құжаттарға сүйене отырып жазды.


Частичная мобилизация в России: что важно знать | Forbes.ru

 

«Қазіргі таңда Ресейде соғыстағы барлық міндетті орындай алатындай әскер саны жеткілікті емес. Егер Ресей қазір жаппай шабуыл жасап, Украина шебін бұзып өтсе де, оны бақылауда ұстайтындай сарбаздар саны жоқ. Сол себепті де Ресейге мобилизация қажет», - дейді НАТО-ның сарапшылары.

 

The Economist сарапшылары Ресей әскері шабуыл тактикасын өзгертпегенін жазды. Ресей елді-мекендерді басып алу операцияларында бірнеше бронды техника мен саны көп әскерге басымдық береді. Шабуыл барысында Ресей шабуыл жасаушы құрамның басым бөлігінен айырылуда, алайда тактикасын әлі өзгерткен жоқ дейді әскери сарапшылар.

 

Мамандардың есептеуінше ЕО елдері жылына 700 мыңнан бастап 1 млн данаға дейін снаряд шығара алады. Ал Ресейдің снаряд шығару өндірісі ЕО-ның қуатынан үш есеге көп. Сонымен бірге Ресейді снаряд қоры көп Солтүстік Корея мен Иран қолдауда. Соған қарамастан Ресей әскерінің шығыны артуда. 2024 жылдың қыркүйегіндегі Ресейдің әскери шығыны күндігіне орта есеппен 1280 адамға жетіп, осы соғыстағы ең жоғары көрсеткішті көрсетті.

 

НАТО-ның сарапшылары Ресейдің айлық шығыны 30-38 мың адам екенін айтуда. Бұл заманауи соғыстағы үлкен шығын, алайда ай сайын Ресей келісім бойынша 30 мыңға жуық сарбазды жұмылдыруда. Ресейлік сарапшылар бұл сан ұрыс даласында түбегейлі бетбұрыс жасау үшін жеткіліксіз дейді және жаңа мобилизация өткізуге ұсыныс айтуда.

 

Ұлыбританияның Қорғанысты зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері Джек Уотлингтің пікірінше Ресей дәл осы тактикамен өте ұзақ уақыт бойы соғыса алмайды. «Алайда Мәскеудің ойы басқа, ол адамының таусыларын жақсы біледі, дегенмен Украина сарбазы бірінші таусылады дегенге бәс тігіп отыр» дейді Уотлинг.

 

«Мәскеу Донбассты жаулап алуды жылдам іске асады деп жоспарлады. Алайда соғыс үшінші жылға ойысса да, Ресей әлі Донецк облысын толық жаулап ала алмады. Ендігі таңда Мәскеу 2025 жылы Донбассты толық алуды жоспарлап отыр. Мақсатын іске асыру үшін адам шығынына да қарамайды. Себебі өзінің адами шығыны қаншалықты көп болса, Украинаның адами шығыны да соншалықты көп болмақ. Демек, Украина сарбазы бірінші таусылады деп болжам жасауда», - дейді сарапшы.

 

The Wall Street Journal басылымы қыркүйек айының ортасында ондаған ресейлік генералдың Путинге ашық хат жазып, жаңа мобилизация өткізуді сұрағанын айтты. Наурыз айындағы президенттік сайлаудан кейін, Ресейдің Қорғаныс министрлігі Кремльге бірнеше мәрте мобилизация өткізуді сұраған. Алайда Кремль әзірге мобилизацияның екінші толқынын жариялауға дайын емес. Мобилизацияны жариялаудың орнына Солтүстік Корея сарбаздарын ұрыс даласында қолдану әлдеқайда тиімді деп санайды дейді сарапшылар. 


Түрлі сауалнамалар ресейліктер үшін мобилизация тақырыбы ең нәзік және ауыр тақырып екенін анықтады. Мобилизациядан кейін Ресей билігіне деген сенім капиталы азайған. Курск облысына Украинаның шабуылы да Кремльге деген наразылықты арттырған. Дәл осындай сәтте мобилизацияны жариялау Путин режимі үшін ұпай әкелмейді дейді сарапшылар. Дегенмен Ресей қоғамын мобилизация елесі әлі кезіп жүр. 


Mezgil.kz



 

 



Ұқсас тақырыптар