Елімізде уақыт белдеуі ауысқалы бері қоғамда талқы тоқтамай тұр. Мәжілістің бір топ депутаты уақыт белдеуін бұрынғы қалыпқа келтіру туралы бастама көтеріп, арнайы петиция да жарияланған.
(Суреттер: forbes.kz, ulysmedia.kz сайттарынан)
Бүгін Олжас Бектенов бастаған Қазақстан Үкіметі шешім шығарды. Уақыт белдеуі қайта ауыспайды.
Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев баяндама жасады.
Министр: «Қазақстанда уақыт есептеу жүйесінің қалыптасу тарихы алдыңғы уақыт белдеуі UTC+6 алғаш рет 1930-1931 жылдары декреттік, яғни «бұйрықтық» уақытты («уақыт белдеуі+бір сағат») қолдану арқылы енгізілгенін көрсетеді.
Аумақтардың көп бөлігі іс жүзінде 5-ші уақыт белдеуінде жатқанына қарамастан. Жалпы, советтік кезеңде Қазақстанда командалық-жоспарлы экономика мүддесі үшін табиғи уақыт белдеуі бұйрық тәртібімен 8 рет өзгерді. Нәтижесінде Қазақстан табиғи циклге сәйкес келмейтін уақыт белдеулерінде тұрды. Осылайша, UTC+5 біздің еліміз үшін жаңа белдеу емес, тарихи негізделген уақытқа оралу болып саналады», - деді.
Министрдің сөзінше: UTC+5 уақыт белдеуі еліміздің халқының 76%-дан астамы тұратын (15 млн 240 мың адам) Астана, Алматы, Петропавл, Өскемен, Шымкент, Семей және Павлодар қалаларын қоса алғанда, 67,5-тен 82,5 градусқа дейінгі бойлықтарды қамтиды. Бүгінгі таңда әлемнің 195 елінің 117-сі географиялық уақытты стандартты уақыт белдеуіне мүмкіндігінше жақын етіп таңдады, өйткені адамның циркадты ырғағы табиғи күндізгі кезеңмен синхрондалады. Осылайша, уақыт белдеуін өзгерту туралы қабылданған шешім ғылыми негізделген және экономикалық тұрғыдан орынды саналады.
Ал Үкімет басшысы Олжас Бектенов: «Үкімет бұл шешімді қолдайды. Еліміздің аумағының көп бөлігі 5-ші уақыт белдеуінде орналасқан, сондықтан ғылыми тұрғыдан бұл дұрыс шешім. Сауда және ақпарат министрліктеріне неғұрлым түсінікті ақпараттық-түсіндіру науқанын жүргізуді тапсырамын», - деп түйіндеді.
«Қоғамдық денсаулықты сақтау» Ұлттық орталығының басқарушы директоры Абрахманова Шынар Зиноновна:
– Еліміз үшін UTC+5 уақыт белдеуінде қалу маңызды. Бұл уақыт белдеуі адамның табиғи биоритміне әбден сәйкес келеді. Адамның ұйқы процессін реттейтін, адамның сергектігіне, дұрыс тамақтануына және ас қорыту жүйесіне тікелей әсер ететін циркадтық ритм – адамның жұмыскерлігі мен денсаулығына әсер ететін маңызды фактор. Шетелдік зерттеулер биологиялық сағатты табиғи жарық циклімен үйлестіру гормоналды деңгейлерді, гомеостазды және дененің жалпы жағдайын сақтауға көмектесетінін растайды.
1930–1931 жылдары Қазақстан Кеңес Одағының «декреттік уақыты» бөлігі ретінде енгізілген UTC+6 уақыт белдеуіне көшті. Бүкіл кеңестік кезеңде елдің уақыт белдеуі командалық-жоспарлы экономика мүддесі үшін 8 рет өзгертіліп, оны табиғи айналымнан алшақтады. Қазақстан аумағының көп бөлігінің географиялық орналасуына сәйкес келетін UTC+5-ке қайту тарихи негізделген уақытқа оралу болды.
Әлемдегі 195 елдің 117-сі адамның тәуліктік ырғақтарын табиғи күндізгі жарық циклімен синхрондау маңыздылығын мойындап, географиялық уақытқа мүмкіндігінше жақын уақытқа көшті. Қазақстанда UTC+5 уақыт белдеуін сақтау адамдарға табиғи уақытқа жақсы бейімделуге көмектеседі, бұл денсаулыққа, өнімділікке және ұзақ өмір сүруге оң әсер етеді.
Mezgil.kz