Асад режимінің жылдам құлауы Ресейдің геосаяси тынысын тарылтуда. Ресейлік сарапшылар Таяу Шығыспен қоса Африка құрлығындағы да ықпалы азаюы мүмкін деп қауіптенуде. Бұл туралы Bloomberg басылымы да жазды.
Ресей Сириядағы Хмеймим әуежайы арқылы Мали, Буркина-Фасо және Нигер елдеріне әскери қызметкерлерді, қару-жарақ пен техникалық қажеттілікті жөнелтіп келді. Сондай-ақ Ресей аталған әуежай арқылы Судан мен Орталық Африка Республикасына да жүк жөнелтті. Алайда ендігі таңда әуежайдың Ресейге қолданысқа берілетіні немесе берілмейтіні белгісіз. Мәскеу Африка құрлығындағы бірнеше төңкерісті сәтті пайдаланып, Батыстың ықпалын азайтуға әрекет жасады. Алайда «Сириядағы төңкеріс Мәскеудің де Африкадағы ықпалын төңкеріп тастауы мүмкін» дейді сарапшылар.
Ресей Тартус порты арқылы да Африкаға жанармай тасымалдады. Гуманитарлық мақсаттағы жүкті де аталған портпен жөнелтті. Ендігі таңда Ресей логистиканы қайта қарастыруға мәжбүр.
Ресей ендігі таңда логистиканы Ливиядағы төрт база арқылы реттеуге тырысады. Ол Аль-Хадим, Аль-Джуфра, Гардабия және Брак Аш-Шати базалары. Алайда бұл базалар мен әуежайлардың жүк қабылдау мүмкіндігі төмен. Ливиядағы қарулы топтар арасындағы қақтығыс қарқыны қайта артса және Түркия Сириядағы сценарийді Ливияда іске асыруға тырысса, Мәскеу Ливиядағы базалардан да айырылуы ықтимал. Ондай жағдайда Ресей Африкадағы ықпалын толық жоғалтуы мүмкін.
Ресей 2018 жылы Орталық Африка Республикасына «Вагнер» жалдамалы әскерін жіберіп, Африкадағы ықпалын арттыра бастады. 2019 жылы вагнерліктер Халиф Хафтарды қолдап, Ливиядағы операцияларға қатысты. Сол сәттен бастап Ресейдің Африкадағы әскери қатысуы арта түсті.
Сарапшылар Ресейдің логистикалық бағытты қалпына келтіру үшін Камерун мен Конгодағы Браззавильді қолдануы мүмкін екенін болжауда. Әзірге Ресейдің Африкадағы операциялары логистикалық қиындықөқа тап болуда.
Mezgil.kz