Арқаға сұғылған қанжар: Қытай антиресейлік санкцияны қолдауда

Қытайдың порттары Ресейге қарсы батыстық санкциялардың бірқатарына бейресми негізде қосылуда. Бұл туралы Reuters басылымы жазды. Қытайдағы мұнай қабылдау порттары Ресейдің көлеңкелі флотындағы санкцияға ұшыраған кемелерді қабылдаудан бас тартуда. 2024 жылдың желтоқсанында Еуропа мен АҚШ билігі Ресейдің көлеңкелі флотындағы танкерлерді анықтап, оларды санкциялық тізімге енгізді.


Как теневой флот танкеров помогает России обходить нефтяные санкции |  Euronews

 

Қытайдағы Shandong Port Group компаниясы санкцияға ілінген ресейлік танкерлерді қабылдамайтынын айтқан. Аталған компания Шаньдун аймағындағы Қытайдағы ең ірі порттың бірін басқарады және аталған портқа осы уақытқа дейін санкцияға іліккен танкерлер арқылы Ресей, Иран және Венесуэла мұнайы тасымалданып келді.

 

Компания 6-қаңтардан бастап санкциялық тізімдегі танкерлерді қабылдаудан бас тартты. Сонымен бірге санкция тізіміндегі кемелерге техникалық қызмет көрсетілмейді. Шаньдун порты Қытай экономикасы үшін маңызды және ЖІӨ-нің үштен бір бөлігін беретін тауар айналымы осы аймақ арқылы өтеді.

 

2024 жылы Шаньдун порты арқылы Қытай күніне 1,74 млн баррель мұнай алып отырды. Аталған Шаньдун аймағында Қытайдағы ең көп мұнай өңдеу зауыттары орналасқан. Қытай экономикасы үшін арзан мұнайдың маңызы зор, алайда Бейжің батыстың жанама санкциясынан сақтану үшін санкциялық тізімдегі ресейлік танкерлерді портына кіргізуден бас тартуда. Бұл тыйым тек қана Шаньдун емес, сонымен бірге Циндао, Жичжао және Яньтай порттарына да қатысты. Reuters басылымы аталған тыйымға байланысты Қытайға келетін арзан мұнай көлемі азаятынын болжауда.

 

Lloyd’s List Intelligence сарапшысы Мишель Виз Боккманның пікірінше әлемдегі көлеңкелі флотта кемі 670 танкер бар. Оның ішінде ресейлік танкерлер саны 250-300 кемені құрауы ықтимал. 2024 жылдың соңында АҚШ, Ұлыбритания және ЕО Ресейге тиесілі деген 180-ге жуық танкерді анықтап, санкция салды. Bloomberg басылымының жазуынша санкцияға байланысты 100-ден астам танкерлер әлемнің түрлі порттарында тәркіленіп, жүзуіне тыйым салынған. Ресейлік танкерлерді анықтау қиын, себебі кемелер өзге елдегі компанияға тіркеліп, мұхитта басқа елдің туымен жүзеді. 

 

Ал The Washington Post басылымының жазуынша Байден әкімшілігі биліктен кетер сәтте санкциялық тізімді арттырып, қосымша жүзге жуық кемені қара тізімге қосуы мүмкін. Бұл соңғы уақытта қаржылық қысымы артқан Мәскеу үшін ауыр соққының бірі болуы ықтимал дейді сарапшылар. Қытай порттарының ресейлік санкциядағы танкерлерді қабылдаудан бас тартуын Ресей сарапшылары айыптап, "арқаға сұғылған қанжар" деп бағалауда. 


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар